ҰЛТТЫҚ АНИМАЦИЯ: Жаңа толқыннан не күтеміз?

239
0
Бөлісу:

Өткен жылы қазақ анимация­сына елу жыл толды. «Қарлы­ғаш­тың құйрығы неге айыр?» мультфильмі – ұлттық анимацияның алғашқы қарлығашы. Әмен Қайдар – қазақ мультфильмінің атасы. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.

«Елу жылда – ел жаңа» демек­ші, елу жыл ұлттық анимация үшін аз да, көп те емес. Мүмкін, қа­­зақ аниматорлары осы жылдар ішін­де белгілі бір белеске көте­ріл­ген де шығар. Тіпті құлдыраған да к­езі болды. Нарық қос бүйірден қысқанда осылай болуы да заң­дылық еді.

Мультипликатор кім?
Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының «Кө­зімнің қарасы» мәдени-та­ным­дық клубы ұлттық анимация төңірегінде сөз қозғап, жетістігі мен кемшілігіне арнайы тоқтал­ды. модератор – драматург Ән­нас Бағдат. Жиынға жас аниматор-ре­жис­серлер жиылды. Әмен Қай­дар­дың көшін жалғаған жас буын өкілдері. Соңғы он жылда қазақ ани­мациясына тағы бір көш қо­сыл­ды. Алды қырыққа жетіп қал­ған, соңы жиырмадан жаңа асқан жас жігіттер қазақ мультфильмін алға сүйрейміз деп алдыңғы лекке қо­сылып отыр. Бағыт дұрыс, бас­ты­сы, ниет бар. Жас буында – жаңа­шылдық басым. Әрі креатив жі­гіттер. Компьютер тілін жетік мең­герген. Ойы озық, білімді жас­тардың алға қойған мақсат­тары да айқын.

Адай ӘБІЛДА,
режиссер-мультипликатор:
– Ұлттық анимацияның қо­ғам­­дағы орнын айқындайтын кез кел­ді. 2017 жылы қазақ анима­ция­сының елу жылдығын атап өт­тік. Елу жыл – үлкен уақыт. Осы уақыт ішінде қазақ мультип­ли­кациясын дамыту үшін қыруар күш жұмсалды. Мұның бәрі – та­рих, тәжірибе. Елу жыл өтті. Қазір қо­лымызда не бар? Бұл сұрақ бә­рі­міздің де көкейімізде тұр. Рас, қа­зір қазақ анимациясында жаңа тол­қын қалыптасты. Ұлттық ани­ма­ция да жаңа дәуірге, жаңа бас­қыш­қа көтірілді. Ол дегеніміз – өн­діріс, анимацияға жаңа көз­қа­растың қалыптасуы. Жаңа тол­қын деп айту үшін қыруар шаруа­лар атқарылуы тиіс. Біз оған енді ғана қадамдап, бет алып барамыз. Жа­ңа толқын дегеніміз – жаңа­шыл­дық, жаңа идея, жаңа бағыт. Отандық анимация сахнасында осындай түсініктерге сай, қалып­тасып қалған стереотипті бұзатын жас, жігерлі, жаңа буын шықты. Оған дәлел – 2017 жылы жасалған «Күл­тегін» мен «Мұзбалақ» му­льт­­фильмі. Екеуі де – жаңа тол­қын­­ның туындысы. Қатарынан екі бірдей толықметражды мульт­фильм жасап шығару – ұлттық анимация тарихында болған емес. Бұл – тұңғыш тәжірибе. Сонымен қатар 2017 жылы режиссер-муль­типликатор Мейіржан Санды­бай­дың «Ит» анимациялық филь­мі «Еуразия» кинофестивалінің гран-приін жеңіп алды. Та­ғы бір дүние – соңғы жылдары отан­дық мультфильмдер шетелдік өнім­дер­ді ығыстырып жатқанын да ай­та кетуіміз керек. «Балапан» арнасында көрсетіліп жүрген қа­зақ мультфильмдері – осының дә­лелі. Бүгінде қазақ анима­тор­лары халықаралық деңгейде де жұмыстар атқара бастады. Же­ке­меншік студиялар көбейді. Олар­дың басы-қасында жігерлі жастар отыр. Мұның бәрі қазақ анима­ция­сында жаңа толқынның қа­лып­тасқанын көрсетеді.

Ұлттық анимацияда жаңашылдық бар ма?

Жаңа толқын қалыптасты. Көр­кемдік ізденістер қандай? Жаңа буын ұлттық анимацияға қан­дай үлес қосты?

Тұрдыбек МАЙДАН,
режиссер-мультипликатор:
– Өткен жылы «Мұзбалақ» дей­тін толықметражды мульт­фи­льм түсірдік. Осы фильм түсіру ба­рысында дарынды жастарды жи­надық. Мультфильмнің маңайы­на Өнер академиясы мен Астанадағы «Шабыт» өнер университетін бі­тір­ген түлектер топтасты. Осы ани­­мациялық фильмді түсіру ба­ры­сында тоғыз бағдарламамен жұ­мыс істедік. Қазақ анима­ция­сын жаңа бір белеске, жаңа бір ди­намикаға көтердік деп айта ала­мыз.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ,
режиссер-мультипликатор:
– Қазақ анимациясы кешеуіл­деп қалды деген пікір жиі айты­ла­ды. Осы пікірге жауап ретінде жаңа толқын жаңа бағытта му­ль­тип­ликация түсіруді қолға алды. Оның алғашқы нәтижесі де кө­ріне бастаған секілді. Жаңа тол­қынның көбі – 2005-2006 жыл­да­ры Өнер академиясының ауди­то­рия­сында отырған жастар. Қазір олар қанат қағып, шеберліктерін шыңдай бастаған. Бәрі бір-бір сту­дияның құлағын ұстап отыр. Өнер бәйгесінде бәсекеге түсуге даяр. Әрі олардың түсірген се­риал­­дары отандық телеарналарда көр­сетіліп те жүр. Авторлық ба­ғыт­тағы қысқаметражды мульт­фильм­дер де түсірілді. Оның бір дә­лелі – Мейіржанның «Ит» ани­ма­­циялық фильмі. «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» та дайын тұр. Жас­тар арасында шетелден тап­сы­рып алып жүрген жігіттер де бар. Демек, аниматор мамандарға сұра­ныс бар деген сөз.

Ділшат РАХМАТУЛЛИН,
режиссер-мультипликатор:
– Қазір қазақ анимациясы өр­кендеу үстінде. Қарыштап да­мып кетті деп айта алмаймыз. Де­генмен нәтиже жоқ емес. Ақы­рын­дап-ақырындап, қадам басып ке­леміз. Ең басты көрсеткіш – бү­гінгі жастар компьютер құлағында ой­найды. Компьютерлік бағ­дар­ла­маның барлығын дерлік мең­гер­ген. Қуантатыны – жастардың экспериментке жиі баратыны. Тәуе­келге бара алады. Бұрын «Қа­­зақфильм» киностудиясы ға­на мультфильм түсірумен ай­на­лыс­са, қазір анимациялық фильм тү­сірген жекеменшік студиялар өте көп. Яғни, сан көбейсе, сапа бо­лады. Қазір «Балапан» арнасы да режиссер-мультипликатор ма­мандардың дамуына мүмкіндік бе­ріп отыр. Кейбіреулер өз үйін ше­берханаға айналдырған. Мүм­кін, бұл қазақ қоғамы үшін аздық етер. Бастысы, қазақ анимация­сы­ның дамуы. Өткен жылы екі бір­дей толықметражды фильм тү­сір­сек, алдағы жылдары жылы­на бес-алты мультфильм түсіреміз деген үмітіміз бар.

Анимация азығы – ұлттық фольклор

Мультфильм түсіру – оңай шаруа емес. Ол – «инемен құдық қаз­ғандай» ауыр сала. Әрине, Әмен Қайдар секілді көз майын тауы­сып, сурет салу қажет емес шы­ғар. «Компьютер тілін меңгер­ген маманға мультфильм түсіру не тәйірі» дейтін пікірлер де бар. Ра­сында, солай ма?
Қуаныш НАҒЫЗ,
режиссер-мультипликатор:
– Мультипликатор мамандар ком­­пьютер алдында «қуып» отыруы мүмкін. Бірақ ол сол оты­ры­сының өзінде «қиял еркін­ді­гі­не» жол береді. Қиялымен бүкіл әлем­ді шарлап шығуы мүмкін. Муль­типликатор – еркін адам. Ой еркіндігін пайдалану арқылы жаңа бір дүниені жарыққа шы­ға­рады. Бұл – режиссер-муль­тип­ли­катор үшін қажет дүние. Тағы бір дүние – әлемдік режиссурамен де көп санасуымыз керек. Олар бізден әлдеқайда озып кетті. Озып кетті екен деген қорқыныш бол­мауы тиіс. Озық технологияны мең­геру бізге де қажет. Мүмкін, біз олармен бәсекелес бола ал­май­тын шығармыз. Дегенмен «бол­масақ да ұқсап бағуымыз» ке­рек. Ғылым мен техника қа­рыш­тап дамыған заманда көштен қалу­ға болмайды.
Нұргүл АБДОЛЛА,
кинотанушы:
– Француз жаңа толқыны мен қа­зақ жаңа толқынын қатар алайық. Айырма бар ма? Бар. Мә­се­лен, жаңа толқын түсірген фи­льм­­дер мен өткен мультфи­льм­дерді салыстырып қарайтын бол­сақ, тақырыптық жағынан да, тү­сі­рілім жағынан да жер мен көк­тей айырмашылықты бай­қай­сыз. Рас, тәуелсіздік алған ал­ғаш­қ­ы жылдары ұлттық анимация са­ласында да тоқырау болғаны бел­гілі. Мультфильм түсірілмей қал­ған уақытты да бастан ке­шір­дік. Ол күндердің бәрі келмеске ке­тті. 2000 жылдардан бастап, қа­зақ киносы да, анимация са­ла­сы да қайта аяққа тұрды. Сон­дық­тан жаңа толқын деп емес, жас буын өкілдері деп қарастырғаны­мыз дұрыс шығар. Себебі, қазақ ки­носындағы жаңа толқын бел­гілі бір деңгейде жаңашылдық алып келді. Қоғамды шынайы түр­де көрсете бастады. Таптаурын тақырыптардан қашты. Тағы бір ерекшелігі, қазақ киносы әлемдік деңгейге шықты. Ал ұлттық ани­мация кино саласына қарағанда, кешеуілдеп қалғаны рас. Қазақ анимациясы енді-енді ғана еркін көш­ке ілескен секілді. Оның өзін­­де бірен-саран мультфильм­дер болмаса, нақты нәтиже көр­се­тілген жоқ. Тоқырау кезеңінен кейін­гі қайта жаңғыру деп атасақ та болады. Өткен жылы екі бірдей толықметражды мультфильм тү­сіріл­ді: «Күлтегін» мен «Мұз­ба­лақ». Екеуі де тақырыптық жағы­нан ұқсас, қазақ фольклорынан алған шығармалар. Бұл фильмдер «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне тақырып­тық жағынан ешқандай өзгеріс жоқ. Сол баяғы мифологияны алып келеді. Бір ерекшелігі – «Мұз­балақта» камера еркін қоз­ға­лады. Мұны ұлттық анимация­дағы жаңалық деп қабылдар едік.
Мейіржан САНДЫБАЙ,
режиссер-мультипликатор:
– Осы ортада жүрген адам ре­тін­де өзімді ұлттық анимацияның жаңа толқынымын деп есеп­те­мей­мін. Неге? Өйткені қазақ ани­мациясында жоқ, тың дүние жасап шығарған жоқпын. Осыған дейінгі біздің аға буынның салып кет­кен жолын жалғастырдым. Бір ерек­шелік – жаңа технологияны пай­далану. Шын мәнінде, осы са­лаға қызықса, жастар үйде оты­рып та мультфильм түсіре алады. Бас­тысы, компьютер тілін шебер мең­герсе болғаны. Мұның бәрі тех­нологияның арқасында жүзеге аса­ды. Ал жаңа толқын деп – осы са­лаға төңкеріс алып келген адам­дарды айтуға болады. Біз – қазақ ани­маторларының ізін жалғаушы жас буын өкілдеріміз. Бастысы – са­палы өнім ұсыну. Бізге қойы­ла­тын талап та, мақсат та – осы.

Мәселенің тоқетері:

«Анимация саласында кадр тапшы» деп, осыдан бірер жыл бұрын мәселе көтерген едік. Сон­да режиссер-мультипликатор Ерден Зікібай: «Шет елдерде бір сту­дияда 20 шақты адам бір жұмысты аз уақыт ішінде орындап шығады. Яғни, кәсіпқой маман­дардан құралған топтар бар. Бізде топпен жұмыс істеу қалыптас­па­ған­дықтан, шетелмен бәсекеге түсу қиын екенін аңғару қиын емес. Иә, техникалық тұрғыда үй­ре­нетін, жетілдіретін тұстары­мыз көп» деген еді. Әрине, әлем аниматорлары мен қазақ муль­типликация туралы әңгіме екі бө­лек. Бірі – көштің басында, екін­шісі – соңында ілесіп келеді. Біз­дің басты ерекшелік – қазақ аниматорларының қай-қайсысы да ұлттық дүниетанымнан хабар­дар. Бұл дегеніміз – ұлттық ани­ма­ция жасауда аса қажет дүние.
Екіншіден, қазақ анима­ция­сына қосылған жаңа анимацияны бизнес саласына айналдырудың жолын ұстанғаны дұрыс. Әрине, бір жылда бір студияға толық­мет­ражды мультфильм түсіру қиын­дық етер. Бастысы, сұраныс бар. Ре­жиссер-мультипликаторлардың саны артқан. Демек, ендігі мақсат – сапалы дүние жасап шығару. «Мұз­балақ» пен «Күлтегін» ұсы­ны­лар күн алыс емес. Екі бірдей то­лықметражды фильм көрермен көңілінен шықса, онда бағы­тымыз дұрыс. Күтейік.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*