Сыртқы саудадағы серіктестеріміз кім?

901
0
Бөлісу:

Қазақстанның экспорттық әлеуеті арта түскен. Мұны сандармен бел­гілен­­ген ресми деректер де растайды. Биыл қаң­тар айының өзінде Қа­зақ­станның сырт­қы сауда айналымы 6,5 млрд дол­лар­ға жетіпті. Оның 4 млрд доллары – экс­портқа, 2,4 миллиарды импортқа тие­сілі.

2017 жылы экономикалық белсен­ді­ліктің жоғарылай түскенін аңға­ра­мыз. Мемлекеттің сыртқы сауда айна­лы­мы 77,6 млрд доллар болса, экспорт кө­лемі 48,3 млрд долларды көрсетеді. Мұның ішінде еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда байланысы 25,9 пайызға өсіп, 17,3 млрд долларға артқан. Былтыр Ресейге – 4,5 млрд, Беларусьқа – 95,5 млн, Қыр­ғызстанға – 503,2 млн, Арменияға 4,4 млн доллардың тауары экспорт­тал­ған. Әрине, бұл елдерден импорттайтын тауар құнының үлесі экспорттан жо­ғары екенін де (Қырғызстан мен Ар­ме­нияны есептемегенде) мойындай ке­тейік. «Сонда Қазақстан бұл елдерге не сатты?» деген сауал да туындайды ғой. Айтайық. ЕАЭО елдеріне аттанған тауарлардың көшін – 1,4 млн тонналық темір мен алмас бастайды. Олардан түскен пайда – 849 млн доллар. Одан кейінгі кезекте түрлі-түсті және сирек кез­десетін металдар, радиоактивті эле­менттер мен изотоптар, темір рудасы һәм концентраттар тізіліп тұр. Бәрін қос­саңыз 909,3 млн доллар табыс бола­ды.
Еліміздің сауда байланысы баяғы кеңес­тік, қазіргі ТМД елдерімен ғана шек­телмейді. 30 елдің қатарына кіру үшін жанталасқан біздің ел Еуропа ода­­­ғы мемлекеттеріне де «ауыз салып­ты». Өткен жылы ЕО-ға Қазақстанның экс­порттық мүмкіндігінің 50,7 пайызы ат­тандырылған. Биыл ақпан айында Хор­ватия Парламенті Қазақстан мен Еу­ропа одағы арасында кеңейтілген се­рік­тестік пен ынтымақтастық орнату ту­ралы келісімді ратификациялаған бо­латын. Қазақстаннан тауар экспорт­тай­тын кәрі құрлықтағы үздік үштік – Италия, Нидерланды және Франция екен. 2017 жылдың өзінде Қазақстан Италияға 8,7 млрд доллардың тауарын экс­порттаған. Италиялықтар көбіне біз­ден шикі мұнай мен мұнай өнім­де­рін, бидай, ферроқорытпа және алю­ми­нийді импорттауға құмар. Голлан­дия­ға да дәл осы өнімдер жіберілген. Сәй­кесінше, олардан дәрі-дәрмек, электр генераторлық құрылғылары және буксир итергіші мен ката­ли­за­тор­лар алып тұрамыз. Ал Францияға 2,9 млрд доллардың өнімін салып жі­бер­генбіз. Олар лайықты күтіп алған.
Әсілінде алысты қоя тұрып, жақын­ды «жарылқауымыз» керек қой. Қазақ­стан бұл ұстанымды да ұмытпайды. Осы күнге дейінгі дерек біткенді сара­лап отырсақ, су жаңа мәлімет бойынша Қазақстан Қытайға 5,8 млрд доллардың өні­мін саудалапты. Тауарға шақсақ, 7 млн тоннаға жуық зат жібергенбіз. Ара­сын­да радиоактивті элементтер де, жез ру­дасы да, тазартылған бал мен өң­дел­меген мыс құймалары да жүр. Айт­пақ­шы, жақында ғана Қытаймен та­ғы бір ке­лісім жасастық. Жаңа келі­сім­шарт бойынша Қазақстан енді жы­лына 10 млрд текше көгілдір отын экс­порт­тай­ды. Бұған дейін жылына 5 млрд тек­ше газ жеткізіп келген едік. Қы­тай­мен қа­тар Өзбекстанға да табиғи газ жет­­кізу­мен айналыса баста­мақпыз. Табиғи газ транзиті турасында екі ел үкі­меті ара­сында келісім жасалған.

– 2017 жылы Қытай Қазақстаннан ауыл шаруашылық тауарларын көптеп сатып алды. Әсіресе, бидай мен өсімдік майына деген сұраныс жоғары. Қазір екі ел өзара сауда байланысын арттыруды ойластырып жатыр. Сөз жоқ, Қытай нарығы өте үлкен. Сондықтан импортталатын тауарларға деген сұраныс біздің тараптан әр кез жоғары болмақ. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы өз тауарларын экспортқа шығаратын елдер үшін тамаша мүмкіндік, – дейді қаржылық зерттеулер институтының сарапшысы Гуань Чжвоюй.
Бізден көмір тасымалдайтын елдер – Ресей мен Украина. Өзімізге жетпей, қаптап тасып жүрсек те шеттің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл мінезіміз – экспорттың мүмкіндігін кеңейтті. 2017 жылы 24,5 млн тонна тас көмірді сатып жіберіп, 407,8 млн долларды шытырлатып санап алғанбыз. Ресей мен Украинадан бөлек Финляндия, Қырғызстан, Швейцария, Кипр елдері де бізден көмір тасып күн көреді. Сыртқа таситынымыз тек мұнай мен көмір екен деп қалмаңыз. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, шет мемлекеттер қазақтың етіне, құс өнімдеріне, өсімдік майына қатты қызығады. Бұл тұрғыда Ауғанстан, БАӘ, Иран – басты импорттаушы елдер. Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 113 еліне өңдеуші сектордағы 800-ден астам тауар экспорттап отыр. Мәселен, былтыр Иранға 180 тонна қой етінің экспортталғаны да аз жетістік емес.
– Иранда етті көп тұтынады. Бұрын Еуропадан, Австралиядан, Бразилиядан сатып алып жүрдік. Енді толықтай Қазақстанның етін тұтынбақпыз. Өйткені сіздерде еттің сапасы өте жоғары, – деген екен ирандық компанияның өкілі Насыр Кәріми отандық «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.
Әйткенмен министрлік экспорттағы біздің басты көзіріміз ферроқорытпа, мұнай өнімдері, металпрокат, пропан, бутан мен мырыш секілді заттар екенін мойындайды. Жалпы, экспорттағы бұл өңделген тауарлардың үлесі – 32 пайыз. Сонымен қатар былтырдан бастап тың экспорттық бастама көтеріп, электровоз мен тепловоздар тасымалдайтынымызды жария еттік. Қазірдің өзінде Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан бұл техникаларды сатып алуға дайын.
– 2010 жылдан бері Үкімет экспортты ынталандырып, қаржылық қолдау көрсетіп келеді. 2010-2017 жылдары экспортерлерге 107 млрд теңгеге сақтандыру қолдауы көрсетілген. Ал сервистік қолдауға 2 млрд доллардан кем емес көлемге келісімшарт жасай алған 1500-ден астам өндіруші іліккен, – дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Мынандай бір ақпаратты көзіміз шалды. 2020 жылдан бастап ауадағы көмірқышқыл газын азайту үшін құрылған «Париж келісімі» деген уағдаластық бар. БҰҰ бастамасымен климат тазалығын сақтау үшін құрылған. Оған салсаңыз – көмір жақпа, ауаны ластама дейді. Аталған келісімнің міндеттемесі біздің де басымызға қара бұлт үйіреді. Себебі, экспортымыздың басты көзірі – осы көмір болып тұр. Мәселе біраз уақыт бұрын ел Парламентінде де көтерілген.
– Біз көмір энергетикасынан бас тартсақ не болады? Қарағандыдағы 16 шахтаны жаптық делік, жұмыстан босап қалған жұмысшыларды қайтпекпіз?! Егер Париж келісіміне қосылсақ, көмір өндірісіміз қандай күй кешетінін дұрыстап ойлану керек, – деген еді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин.
Қазақстандық сарапшылар да ши­кізаттық емес сектордың экспорттағы үлесін көбейту керек дейді. Олар шикізат пен азық-түлікке сүйене бермеу қажет деп отыр. Қазақстандық тауарларға қызығатын жаңа нарықты табу да өте маңызды.
– Біздің өнімдерді тұтынатын ел­дердің тізімін кеңейту қажет. Енді өркендеп келе жатқан нарықты «жаулау» өте маңызды қадам болмақ. Олар – Оңтүстік-Шығыс Азия, таяу Шығыс, Африка елдері. Оларға біз қазір еркін шыға аламыз. Қазірдің өзінде белгілі бір инфрақұры­лымды белгіледік. Президенттің арқасында алғаш рет Тынық мұхиты мен Үнді мұхи­тына шығу мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Тұңғыш Президент жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.
Әлемдік ОПЕК+ келісімі де «мұнай өн­дірісін қысқартыңдар» деп қақсап ке­леді. Ғаламдық алпауыттардың айтуын­ша, мұнай өндірісінің шамадан тыс артуы – оның әлемдік нарықтағы бағасының құлдырауына алып келмек. Бірақ біздің басты әлеует осы мұнай, көмір, газға тәуелді болып тұр. Тиісінше, экспорттағы басты әлеуетіміз де аталған табиғи ресурстар есебінен еселенуде. Бұдан шы­ғатын қорытынды – жерасты байлығына сеніп отыра беретін сәтке де тықыр таянғандай. Әлем өнеркәсіп, жасыл технология, пластикалық өнімдер, киім өндірісі, нанотехнология, IT-технология, электронды қызмет көрсетуді импорттауға көше бастады. Ол көшке біз де ілесу керек сияқтымыз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*