Этнологтар қауымдастығы құрылды

425
0
Бөлісу:

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірігіп «III Арғынбаев оқулары. Қазіргі заман этнография ғылымы және оның қоғамдық жаңғырудағы рөлі» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция өткізді. Конференция Елбасы Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтті. Шара барысында этнологтар, тарих­шылар, мәде­ниеттанушылар, ғылыми-зерттеу ұйым­дардың, жоғары оқу орындары му­зейлерінің қызметкерлері, ғылым мен мәдениет мәсе­лелеріне жетекшілік ететін мемлекеттік қызметкерлер бас қосып, ойларын ортаға салды.

Конференция «Отандық этнология ғылымының тарихы», «Қазіргі Қазақстан этнология ғылымының өзекті мәселелері», «Этнология және оған байланысты ғылымдар: тарих, археология, көркемөнер, фольклортану және т.б.», «Музей және Қазақстандағы музей үрдісі», «Қазақстандық өлкетану: «Туған жер» бағдарламасы аясындағы жаңа импульс» бағыттары бойынша жүргізілді. Шараны құттықтау сөзбен ашқан музей директоры, профессор Нұрсан Әлімбай отандық этнология ғылымын дамытудың, ұлттық этнографияны өркендетудің маңыздылығына тоқталды. Шара барысында еліміздің антрополог және этнолог ғалымдарының қауым­дас­ты­­ғын құру жөнінде шешім қабылданды. Оған тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті Археология және этнография, музеология кафедрасының меңгерушісі Аманжол Қалыш жетекшілік ететін болады. Оны құру туралы бастаманы профессор Халел Арғынбаев көтерген. Осы орайда ол шешімнің үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Арғынбаев оқуларына» арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферен­циясында қабылдануы кездейсоқ емес екені анық. Аманжол Қалыш қауым­дастық құрудың мәнін тілге тиек етті. «Қазақстандағы этнолог ғалымдардың әрқайсысы әр салада жүр. Әр буынның арасында байланыс жоқ. Этнографтарды бір ортаға жинау керек. Бұрын біз жас буын болсақ, қазір аға буынбыз. Өз білімімізді, тәжірибемізді жас буынға жеткізуіміз қажет. Осы мақсатқа жете алмай кеткен, өмірден өткен көптеген ғалымдарымыз болды. Оның ішінде Халел Арғынбаев та бар. Алдыңғы буынның көпшілікке жариялан­баған еңбектері де бар. Баяндама, кітаптар жазу керек. Осыған орай, этнологтардың ғылыми журналын шығару қажеттілігі туып отыр» дей келе осы жұмыстармен қауым­дастық айналысатынын атап өтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ этнографиялық мектебінің қа­лыптасуы мен дамуы жайында сөз қозғаса, Түркияның Йедитепе уни­верситетінің профессоры, филология ғылымының докторы Ариф Аджалоғлы түркілік негіздегі әлеуметтік антропологияның тарихы жайында ой өрбітті. Сондай-ақ профессор М.Әбусейітова, тарих ғылымдарының док­торы К.Хафизова мен Б.Кәрібаев сынды ғалымдар баяндама жасады.
Конференцияда Мемлекеттік орталық музейдің директоры Нұрсан Әлімбайдың «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 5 томдық энциклопедиясының» тұсауы кесілді. Сонымен бірге, этнография ғылы­мы­ның соңғы 10 жылдықта жеткен жетістік­терін баяндайтын кітаптар көрмесі болды, жаңа басылымдардың тұсаукесері, ғылыми әдебиеттер көрмесі ұйымдас­тырылды. Профес­сор Халел Арғынбаевтың Мемлекет­тік орталық музей қорында сақталған жеке заттары мен құжаттарының көрмесі өт­кізілді. Көрмеге Халел Арғынбаевтың шапаны, жеке заттарымен қатар этногра­фиялық экспедиция барысында табылған ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ халқының тұрмыстық заттары – сеңсең тон, тең қап, тоқыма, жүнжіптер, қоржын, теріден жасалған шелек (көнек), жержастық сияқты көне бұйымдар қойылды.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

Пікір жазу


*