Таңбалы тас – өркениет бастауы

655
0
Бөлісу:

Алматы облысының Жамбыл  ауданында Таңбалы тас шатқалы бар. Өз басым осы Таңбалы тас өңіріне келген сайын ерекше күй  кешемін. Себебі, әр келген сайын таңбалы тастағы қайталанбас суретті бедерлер өзіне тарта түседі. Егер бар тереңірек үңілсең, мұндағы әрбір сурет пен таңба балалық шақта қариялардан естіген, мектепте тарихтан оқыған қызықты оқиғалар көз алдыңа көлбеңдей оралады.  

Кеңестік кезеңде әбден ұмыт қалып, санадан өше бастаған тастағы тарихи таңбаларға еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдік саяхатшылар да қызығушылық таныта бастады. Бүгінде мұнда Таңбалы тас мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ашылған. 2005 жылы  бұл аймақ ЮНЕСКО-ның тарихи һәм мәдени ескерткіштері құрамына еніп, халықаралық тізімге алынды. Бұл ең алдымен қазақ халқының тарихына деген шынайы қамқорлық, ұлт мәдениетінің әлемдік деңгейде мойындалғанын білдіреді.

Дегенмен Таңбалы тас мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкерлері, Елбасы айқындап берген «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес тарихи жәдігерге толы тау бөктерін ұлттық туризм  орталығына айналдырмақ. Демек, жер жәннаты саналатын Жетісуды басқа қырынан әлемге танытуға мүмкіндік болады. Бұған тек білек сыбанып, іске батыл кірісу қажет.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, онда тасқа ойып салынған бес мыңнан астам сурет бар.  Мұражай мамандары саяхатшыларды бес топқа бөліп, рет-ретімен таныстырады. Тарихшы-ғалымдар болса, мұндағы жартастардың бетіне салынған тарихи сурет-бедерлерді ХІІІ-ХІV ғасырларда Орталық Азияның қола дәуіріндегі жартастағы қайталанбас өнердің бірегейлігі ретінде сипаттайды. Назар аударарлық бір нәрсе, ол – Таңбалы тас шатқалының әйгілі Ұлы Жібек жолының бойына орналасқаны. Мұның өзінде біз білмейтін тарихи заңдылық бар тәрізді. Оған қоса, шатқалдағы биік жартастың бірінен Күн құдайы мен Ай құдайының бейнеленген бейнесін көруге болады. Бір қызығы, оларды 12 адам қоршап, билеп жүрген тәрізді. Сурет бедерінің анықтығы бірнеше метрден-ақ байқалады. Тарихшылардың айтуынша, Күн мен Айға табынып, оларды ұлы күш деп санаған он екі адамның қоршап жүруі тегін емес. Бұл қазақ халқының әр мүшелді 12 жаспен түйіндеуімен, ал жылды 12 аймен атауымен байланыстырады. Бәлкім, солай да шығар?..

Мәселен, жартас бетіне бедерленген суреттердің арасынан айналасына сақтықпен көз салған арқардың, қолына садақ ұстап, аңға шыққан аңшы мен бұғы көрінеді.  Ол жерде басқа да жан-жануарлар бейнеленген. Сондай-ақ екі доңғалақты арбаға мінген адамдардың бейнесі әлі күнге бастапқы қалпында  сақталған. Осы суреттерге қарап, сол бір заманда өмір сүргендердің қиялының ұшқырлығы, ой-толғамының бай болғанын көрсетеді.

Қуантарлығы, Мәдениет және спорт министрлігі  Таңбалы тас мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайын қарамағына алғаннан бастап, бірқатар іс-шаралар іске асыра бастады. Атап айтқанда, қорық-мұражайындағы тарихи жәдігерлерді құжаттандыру, картаға, суретке түсіру, тастағы суреттердің жиынтығын жасап, аймаққа геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Саяхатшылар үшін мұражай ашылып, жартастарда бедерленген таңбалы суреттер мен сол маңнан табылған алуан түрлі ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық бұйымдар секілді тарихи жәдігерлер қойылған. Міне, шежірелі суреттерге толы Таңбалы тас халқымыздың ұлттық мәдениетінің бастауы екені сөзсіз.

Жомарт  МОЛДАХМЕТҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

Бөлісу:

Пікір жазу


*