Айманның Александрияда концерті болып өтті

292
0
Бөлісу:

 

 «Рухани жаңғыру» президенттік бағдарламасы шеңберінде, сондай-ақ Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Каир және Александрия опера театрларында Қазақстанның Халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның басшылығымен университеттің «Kazakh Eli Classic» атты тамаша концерттері өтті. Оркестрге әйгілі маэстро Айдар Торыбаев жетекшілік етті.

Қойылымдарды тамашалауға көптеген көрермендер келді. Құрметті қонақтардың арасында Қызыл теңіз провинциясының губернаторы, Қазақстан достары ассоциациясының төрағасы Ахмед Абдалла, Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы Халед Фода, Александрия провинциясының губернаторы Мұхаммед Сұлтан, Мысыр министрліктері мен ведомстволарының басшылары, шет елдердің елшілері мен дипломаттары келді. Олар дәстүрлі және заманауи музыкалық өнерді қамтитын қазақ ұлттық мәдениетінің қайталанбас синтезіне назар аудара отырып, қазақстандық әртістердің кәсіби деңгейлерін жоғары бағалады.

Мысырлық көрермендердің назарына Вагнердің увертюрасы, Нюрбнерг Мейстерзингер операсы, Прокофьевтің бірінші скрипка концерті, Шуберттің тоғызыншы симфониясы сияқты әлемдік классиканың алдыңғы қатарлы шығармалары ұсынылды. Біздің жас және талантты композитор, «Қазақ Моцарты» атанған Рахат-би Әбдісағинның «Романтизм жаңғырығы» атты шығармасы ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің «Адай», «Әлқисса» күйлерін асқан шеберлікпен орындауы, «Айгөлек» скрипкашылар ансамблі, сондай-ақ әншілер Батыржан Смаков, Асқар Мұқият, Ұлпан Әбдікәрімова, Назым Сағынтай, Марат Айтымбайдың өнерлері жұртшылықты қуантты. Қазақстан Халық әртісі, ЮНЕСКО-ның бейбітшілік жөніндегі әртісі Айман Мұсақожаеваның толассыз ду қол шапалақ ілескен өнері концерттің тәжіне айналды. Біздің даңқты жұлдызымыздың скрипка аспабында асқан шеберлікпен ойнауы және оның таланты жұртты шаттыққа бөледі. Халайық оны орындарынан тұрып қол соғып, ұзақ уақыт қошеметтеді.

Осы күндері Қазақстанның Каирдегі елшілігі ұйымдастырған іс-шараларға Мысырда тұратын отандастарымыз және қазақстандық студенттер қатысып, туған жер әуендерін аңсап тыңдады. Концерт соңында олар жақын келіп, елшіліктің қызметкерлері мен әртістерге өздерінің достары мен таныстарын алып келген керемет іс-шара үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақстандықтар үшін ұлттық өнерге атсалысуға ғана емес, шетелдіктерді Отанымыздың көпқырлы мәдениетімен таныстыруға да үлкен мүмкін береді.

Жалпы алғанда, аталған іс-шаралар Мысырдағы өнерсүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі дамуына және екі достас халықтың жақындасуына серпін берді.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*