Балалар мен жасөспірімдердің телевизиялық фестивалі өтеді

390
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында «Burabay Summer Fest» халықаралық балалар мен жасөспірімдердің телевизиялық фестивалі өтеді. Фестиваль ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.

Фестиваль мақсаты  – дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және оларды жан-жақты қолдау, олардың шығармашылық қабілеттілігін дамыту және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және нығайту, тәжірибе алмасу және отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылықты арттыру, жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, қарым-қатынасты дамыту болып табылады.

Конкурсқа 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Қазіргі таңда қалалық және өңірлік іріктеу турлары өтуде. Конкурс вокалдық өнері (дәстүрлі ән, академиялық ән, эстрадалық ән, инструменталдық орындаушылық (дәстүрлі өнер, классикалық өнер, эстрадалық өнер), хореографиялық өнер (халықтық би, классикалық би), көркемдік оқу сияқты 4 номинациялар бойынша бойынша ұйымдастырылады.

–Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 22 маусым – 3 шілде күндері аралығында Ақмола облысы Бурабай демалыс аймағында өткізіледі. Еліміздің барлық өңірлерінде фестивальдің іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады. Қазіргі таңда іріктеу кезеңдерінің кестесі әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарымен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Фестивальге шет елдің де балалары мен жасөспірімдері қатысады. Бүгінгі күні бірқатар елдердің мәдениет министрліктеріне хат жолданды. Олардың бірі  – Ресей, Түркия, Қытай, Беларуссия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия елдері. Фестиваль аясында Бурабай демалыс аймағында қатысушыларға арналған шеберлік сыныптар, экскурсиялар, тимбилдинг және тағы басқа ойын-сауық пен танымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жеңімпаздар жоғары дәрежелі халықаралық конкурстарға қатысуға және еліміздің шығармашылық өнер оқу орындарына ұсынылады. Әрине бұл бастама біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды болып табылады, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және  өнер істері департаментінің директоры Ә.Т. Жоламанов.

Үздіктер «Бурабай» демалыс аймағында екі апалық дайындық курсынан өтуге мүмкіндік алады. Осы уақыт ішінде қатысушылар танымал өнер шеберлерінің шеберлік сыныптарын тыңдап, тимбилдинг, экскурсия және т.б. ойын-сауықтыру, танымдылық іс-шараларға қатысады.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, фестивальдің жеңімпаздары лауреат атақтарымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Сондай-ақ жеңімпаздар жоғары дәрежелі халықаралық конкурстарға қатысуға және еліміздің шығармашылық өнер оқу орындарына ұсынылады.

Аталмыш фестивальдің гала-концерті 1-шілде күні Астана қаласында өтеді.

Еркін ҚАЛДАН

(Советбек МАҒЗҰМОВ, фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*