Гүлжиһан НҰРЫШЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі: Аса ұтымды бастама

331
0
Бөлісу:

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама­сындағы маңызды бағыттың бірі әрі біре­гейі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық». 2004 жылы бастау алған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да осы тектес жобалар жүзеге асырылған болатын. Ол кезде әлемге танымал ірі философтардың баға жетпес туындыларының түпнұсқаларын аудардық. Бұл жолы дүниежүзіндегі үздік оқулықтарды қазақшалауға маңыз беріліп отыр. Өйткені қазақ тілінде сауатты да сапалы оқулықтың болуы – әрбір оқушы мен оқытушы үшін маңызды, әрі жалпы білімге құштар кез келген азаматқа пайдалы. Зама­науи адамның көбіне түпнұсқаны тұтынуға уақыты жете бермейтінін ескерсек, негізгі салалардың тап-тұйнақтай жинақталған әлемдік оқулықтарын аударып, оқырман назарына ұсыну – аса ұтымды бастама.
Қоғам әлеуметтік тұрмыс және қоғамдық санадан тұрады десек, кейінгісі алғашқысына қарағанда артта қалып отырады. Бұл – көп­теген қоғам үшін қалыпты жағдай болғаны­мен, аса қауіпті. Қоғам, жеке адам, яки қо­ғам­дық сана бір орында тұрмай, үнемі жетіліп отыруы қажет. Қоғамдық сананың тұрмысты басып озатын кездері әлемдік тәжірибеде де, өзіміздің тарихымызда да жоқ емес. Мәселен, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интел­лигенциясының көзқарастарын қарастырсақ, мұнда қоғамдық сананың жаңғыруы жақсы байқалады. Мемлекет басшысы бүгінгі қоғамның рухани жаңғыруы – болашағы­мыздың қарқынды дами түсуінің басты қа­дамы екенін дер кезінде түсініп, ірі бағдар­ламасын ұсынды. Соның негізінде бірқатар мәселелерді ұтымды көтеріп, тұшымды ой айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын. Қоғамдық сананың жаңғыруына үлкен септігін тигізетін гуманитарлық ғылымдар екенін ескерсек, осы саладағы шетелдік оқулықтардың көптеп аударылуы басты назарға алынды.
Президенттің бастамасымен «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, өткен жылдың маусымында өз жұмысын бастады. Еліміздегі жоғарғы оқу орындары 800-ден астам оқу­лық­тың тізімін ұсынды. Бюро соның ішінен іріктеп,биыл18-ін аударуды қолға алған бола­тын. Бізге әйгілі философ Дерек Джонстон­ның «Философияның қысқаша тарихы» атты еңбегін аудару жүктелді. Шетелдік оқулықтар жазу стилі жағынан біздің кітаптарға ұқса­майды. Олардың мазмұны мардымды, тілге жеңіл, қысқа да нұсқа баяндалады. Фило­софия – теориясы терең күрделі сала десек те, бұл бағыттағы қиын кітаптардың өзін тілге жеңіл әрі түсінікті етіп жазуға болаты­нын шетелдік авторлар дәлелдеп берді. Жұмыстың басында айтарлықтай қиындық­тар болмады. Ең басты қиындық – бізге жүктелген үлкен жауапкершіліктің салмағы болды десем болады. Философия ғылымда­рының кандидаты Гауһар Әбдірасылова екеуіміз жаз бойы еңбектеніп, әр сөйлемімізді мұқият тексердік, оқулықтың мазмұнын оқырманға түсінікті тілде жеткізуге ұмтылдық. Аудармашының екі тілді қатар меңгеруімен бірге, өз ғылы­мының білікті маманы болуы аса маңызды, онсыз сапалы оқулық шық­пайды.
Бүгінде термин сөздердің аудармасына қатысты бірқатар мәселелер көтерілуде.Мемлекет басшысының өзі терминдердің барлығын бірдей қазақ тіліне аудара берудің қажеті жоқтығын айтты. Әлемдік қолданыс­тағы «материя», «субстанция», «форма» сынды жалпы терминдерді түпнұсқасында қалдырдық. Философиядағы терминдердің қазақ тіліндегі қалыптасқан сөздігі бар бізде. Бірақ, олардың өзі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Оның үстіне, бұл салада қазақ тілінен бөлек, өзге тілдерді жетік білетін мамандар жоқтың қасы. Сондықтан кейбір термин сөздерді еліміздің философтарымен ақылдаса отырып, қайта қарадық. Нәтижесінде, философиядағы терминдердің тізімін жаңа сөздермен толықтыруға өз үлесімізді қоса алдық деп есептеймін.
Қазіргі уақытта Энтони Кеннидің үшінші және төртінші томдарын аударуды қолға алдық. Бұған дейін бұл автордың «Антика философиясы» және «Орта ғасыр филосо­фиясы» атты екі еңбегі қазақшаланып, 18 кітап­тың қатарында оқырман назарына ұсы­нылған болатын. Қазіргі аударма барысында жаңадан қазақшаланған терминдерді пай­даланудамыз. Осылайша, мұндай сөздер бірте-бірте қолданысқа толыққанды еніп кетеді. Жалпы, аударма үдерісі аудармашылар мен редакторлар тобы үшін де аса пайдалы болды, өзіміздің ғылыми сөздік қорымызды байыттық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 6 оқулық аударып, тапсырды. Философиядан бөлек, әлеуметтану, психо­логия, мәдениеттану, экономика және менедж­мент салалары бойынша да аударма жұмысы жүргізілді. Негізгі жұмыс қазақ және ағылшын тілін жетік меңгерген, ғылыммен әрі оқытушылықпен қатар айналысып жүр­ген мамандарға жүктелді. Өйткені, ға­лым­дарға табыстасақ, олар тым ғылыми­ланды­рып жібере ме деген мәселе тұрды. Ал жаңа оқулықтар оқытушыдан бөлек, студент­тер мен оқушыларға арналған­дықтан, олардың түсінікті аударылуына көп ден қойдық.
Мемлекет басшысы аударылған оқулық­тарды биылғы оқу бағдарламасына енгізу туралы тапсырма берді. Өте орынды. Оқыр­ман назарына ұсынылған 18 кітаптың тара­лымы еліміздегі кітапханаларды толықтай қам­туға жеткілікті. Оның үстіне, бұл еңбек­тердің электронды нұсқасы мен видеодәрісі даярланып, көпшілік қауымға ұсынылады. Бірқатар іс-шара жүзеге асырылды, алда атқарар шаруа көп. Еңбегіміз еш кетпей, ел игілігіне жұмсалса игі. Өйткені Мемлекет басшысының басты тапсырмасы – оқыр­манның қажетіне жарар, қарымын шың­дайтын дүние ұсыну.

Бөлісу:

Пікір жазу


*