Баталы болу бұйырсын

178
0
Бөлісу:

Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамының Атырау облыстық филиалы және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Батыс аймақтық бата беруші ардагерлер арасында «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқауы өтті.

Атам қазақтың ұйқасты, ырғақты болып келетін бата беру дәстүрін наси­хаттау Атырау өңірінде соңғы жылдары кеңінен қолдау тауып келеді. Соның айқын дәлелі «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқаудың өтуі.
Байқауға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 21 үміткер қа­тысты.
– Байқау шарты үш кезеңге бөлін­ген болатын. Ел есіндегі баталар. Яғни, сайыскерлеріміз тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре айтып беруі қажет. Бұдан басқа шарт бойынша, ұлттық салт-дәс­түр­лердің біреуіне арнап, өзінің бата­сын беру және ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беру. Байқауға қатысушылар мен көрермендерге ой салуымен ерекше­ленген бата беру байқауы мағыналы­ғымен жұрт жадында сақталады деп сенеміз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.
Батагөй қарияларымыздың өнерін тарих ғылымдарының докторы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев төрағалық еткен қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының ардагері – Ертай Сердалин, І орынды Атырау облысы Исатай ауданының ардагері – Уахит Адилов, ІІ орынды Атырау облысы Ин­дер ауданы ардагері – Молдабай Бер­ға­лиев пен Құрманғазы ауданының арда­гері Ғалымжан Сабыров, ІІІ орын­ды Маң­ғыстау облысы Жаңаөзен қа­ласы­ның ардагері Таған Құмашев, Ақ­төбе облысының ардагері Марат Қа­бижанов және Атырау қаласының ар­­дагері Ақмырза Батырқайыров иеленді.
Қалған ардагерлеріміздің барлы­ғына алғысхат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*