Не қымбат: туған жер ме, тойған жер ме

1679
0
Бөлісу:

Бұрын «гастарбайтер кім?» деген сауал тіл ұшына оралғанда, жұмыс іздеп, елімізге келген өзбек пен қырғыз еске түсетін. Талай өзбек баласы қазақтың баспанасын салып берді. Талай қырғыз баласы қазақтың үйін әрлеп, қора-қопсысын жөндеп берді. Уақыт доңғалағын кері айналдырғанда, бәріміздің көз алдымызға осындай көрініс қылаң беретіні анық. 

«Арқа жақсы болса, арқар ауып несі бар?»

Деректер сөйлесін. Өткен жылы әлемдегі мигранттар саны 258 миллионнан асқан еді. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны өз елін тастауға мәжбүр. Кейбіреулер шарасыздықтан өз елінен кетіп жатыр. Үндістан мен Мексика, Қытай, Бангла­деш, Украина, Сирия, Пәкістан мен Ре­сейден де кетіп жатқандар көп. Бұл – соңғы бір жыл ішіндегі статистика. Одан бері мигранттар саны өсуі де мүмкін. Мә­селен, 2013 жылы мигранттардың басым көпшілігі АҚШ пен Ресейде тұра­тын. Бұл санақ арада бес жыл өтсе де, өзгер­мепті. Қазірдің өзінде олардың ба­сым бөлігі АҚШ-та тұрғанды қош кө­реді. Соңғы деректерге сүйенсек, Америка Құрама Штаттарында 50 мил­лион­дай мигрант бар. Оның көпшілігі – Мексикадан келгендер. Ресейдегі миг­рант саны да одан кем емес. Шамамен, 12 миллион мигрант Ресейде тұрады. Гер­мания да бұлардан кемшін түсіп тұрған жоқ. Сан жағынан үшінші орында тұр. Біріккен Араб Әмірлігі мен Ұлыбритания елдеріне де қоныс аударатындар өте көп. Жайлы қонысты аңсап, жанына пана іздеп бару бір бөлек те, тұрмыс тау­қыметінен қажып, жақсы жалақының жолына түскендердің тағдыры бір бө­лек. Екеуін салыстыруға да келмейді.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Бүкіләлемдік банк деректері бойынша ең­бек мигранттарын қабылдау көрсеткіші жөнінен әлемде 9-орында тұр. Одан бө­лек, мигранттардың басым көпшілігі ресми тіркелуден қашып, салық төл­е­меуге тырысатынын ескерсек, нақты саны беймәлім деген сөз. Жыл сайын Қа­зақстанға келетін мигранттар саны артып отыр. Еліміздегі еңбек на­рығында қызмет атқарып жүрген жұмысшылардың дені – қытай, өзбек, түрік, үндіс, тәжік азаматтары. Шетелдік жұмысшылардың басым бө­лігі – құрылыс саласында. Құрылыстан артылғаны түрлі қызмет көр­сету саласы мен ауыл шаруашылығын таңдайды. Кәсіби білік­тілігі аса жоғары болмағанымен, орта деңгейдегі арзан жұ­мысшылардың өзі Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қаласындағы құрылыс пен қызмет көрсету саласында қызмет етеді. Мұндай арзан жұмыс қолы жұмыс беруші бизнес-құрылымдарға, құрылыс компанияларына өте тиімді.
Бұл – Қазақстанға келген мигранттар саны. Ал елімізден шет елдерге кетіп жат­қан эмигранттар ше? Жұмыс із­деп, Кореяға, АҚШ-қа, Мәскеуге ағы­лып жатқан қазақтар да аз емес. Қу тіршілік үшін мұхит асып жатқандардың жағ­дайы қалай? Олардың «қа­ғанағы қарқ, са­ға­нағы сарқ» па?


«Құдайы қонақ» кім?

«Гастарбайтер» – неміс сөзі. Яғни, «гастар» – қонақ, «бай­тер» – жұмысшы деген мағы­наны білдіреді екен. Демек, қазақтың «құдайы қонақ» деген сөзінің баламасы гастарбайтер болса керек. Елге келетін миг­ранттар мәселесі БАҚ беттерінде жиі талқы­ланып жүр. Ал шетке кетіп жатқан қазақ азамат­тары жөнінде мәселе қозғалды ма? Жоқ. Жұ­мыс іздеп, шетке «ауып» жатқан қазақтардың нақты са­ны белгілі емес. Олардың дені «заңсыз» шетке кеткен­дер. Әсіресе, Корея мен АҚШ-қа жұмыс іздеп, ағылып жа­тыр. Неге?
2016 жылы елден кеткендер саны – 34 965 адам. Олардың дені – Ресейге қоныс аударғандар. Ал Германия, Беларусь, АҚШ, Польша мен Канадаға көшіп кеткендер де көп. 2015 жылы Қазақстаннан кеткен миг­ранттар саны 30 мыңнан асса, 2014 жылы 28 мың адам шетке кеткен. Мұның бәрі – біржола елмен қош айтысқандар. Гастарбайтер болып кет­кендердің нақты саны жоқ. Тіпті Ресейде жұмыс істеп жатқан қазақтардың са­нын дөп басып айта алмаймыз. Бір нәрсе анық – жұмыс күшінің көбі сыртқа ке­тіп жатқаны. Бұрын «гастарбайтер бізге керек пе?» деп алаңдаушы едік. Енді қа­зақ гастарбайтерінің жағдайына қарап, қамығатын болдық.
Қазақ – жұмыс күшіне зәру. Оның орнын өзге елден келген гастарбайтерлер тол­тырып жатыр. Өз қазағы жұмыс іздеп, сыртқа «қаңғып» кетті. Парадокс. Жұ­мыс­шы-қонақтардың саны артқан сайын, жұмыссыз қазақтардың да қатары көбейіп келеді. Жұмыссыз қалған адам не істейді? Күн көру керек. Аш-жалаңаш тағы отыра алмайды. Арзан жұмыс күшін қажет ететін «жақсы» мем­лекетті аңсап тұрады. Реті келсе, сол жаққа біржола қоныс аударғысы ке­леді. Демек, қазақ та гастар­бай­тер бола алады. Алайда арзан жұмыс күшіне айналған «құдайы қонақтың» жайына алаңдаған жан бар ма?


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,  сенатор:

Әлеуметтік мәселе шешілмей, көші-қонды реттей алмаймыз

– Парламентте сыртқы көші-қон мәселесі жиі талқыланады. Елімізден сыртқа кеткен азаматтардың ең жоғары деңгейі 1989 жылдан бастап 1996 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Оның ішінде этникалық орыстар, кәрістер, украиндер бар. 1996 жылдан бастап 2016 жылға дейін бұл көрсеткіш біршама тұрақталды. Сырттан келетін көші-қонға байланысты, сыртқа кететіндер деңгейі аса біліне қоймады. Бірақ соңғы 2-3 жыл көлемінде сыртқа кетушілер саны көбеюде. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, жоғары білімді мамандарымыздың көшіп кету құбылысы бар. Мұнда да әртүрлі мотивтер байқалады. Негізгі себеп – еліміздегі жала­қы­ның төмендігі. Қынжылтатыны, елімізден көшіп кететіндердің арасында қазақтар да бар. Әсіресе, мектеп бітірген соң балалары ҰБТ тапсырмай, Ресеймен шекаралас Омбы, Орынбор, Томск қалаларына көшіп, сол жерде жоғары оқу орындарында білім алып жатады. Өкініштісі сол, көпшілігі қайтып келмейді. Мемлекет орта білім беруде әр балаға 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін орта есеппен 3 миллион теңгеге жуық қаражат бөледі. Сол азаматтар кейін басқа мемлекетке кетіп қалады. Мұны заңмен шешу мүмкін емес. Мәселені шешудің бір жолы – жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын көтеру, жалақыны жоғарылату, жұмыс орындарын көбейту. Еліміздің азаматтары да жалақыға наразы болып, шетелге көшіп кетеді. Бұған мемлекеттік тұрғыда қарау керек.
Бір мысал айтайын. Молдавия халқының 2,5 миллионға жуығы Батыс Еуропада жұмыс істеуде. Азаматтардың жоғары жалақы табу мақсатында өзге елге кетуі әлемдік үрдісте бар дүние. Мәселе – жоғары білімді, білікті азаматтарымызды өз елімізде ұстап қалу жолдарын ойлау қажет. Мұнда бірінші кезекте жалақы мәселесі шығады. Әсіресе, жас ғалымдарымыздың кетуі алаңдатады. Парламентте төмен жалақыны көтеру жайында бастама көтеріп жүрміз. Біздің ең төменгі жалақымыздың мөлшері Украина, Беларусь, Ресейге қарағанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Молдавияда бұл деңгей 100 мың теңге болса, Беларусь елінде – 52 мың теңге, Ресейде 56 мың теңге көлемінде. Ал бізде бұл көрсеткіш 28 мың теңгенің ай­наласында. Бұл мәселе шешімін таппай, білікті азаматтарымызды елде ұстап қалу қиын.


Ақжол ҚУАНЫШЕВ,  гастарбайтер (аты-жөні өзгертілді):

Бір күндік табысым – 100 доллар

– Түркістан қаласының тумасымын. Елде жақсы жалақысы бар жұмыс табу қиын. Тіпті жоғары білімі бар азаматтардың алатын жалақысы отбасын бағуға жетпейтіні жасырын емес.
Бір танысымнан Оңтүстік Кореяға барып, жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. Күнделікті төленетін ақшасын білген соң, бірден келістім. Сеулдің маңындағы қалашықта сырттан келген жалдамалы жұмысшылардың арнайы офисі де бар екен. Сол офиске келіп тіркелдім. Офистегі делдал бізді жұмыс берушіге тапсырады, жұмыс біткен соң ақшасын алады. Содан кейін бізге төлейді. Алғашында тіл білмейтінім қиындық туғыза ма деп алаңдағаным бар. Уақыт өте келе қарапайым сөздерді, тілдесуді үйреніп алдық. Көбіне құрылыс саласында жұмыс істедім. Жұмыс беруші келгенде қайда апаратынын да білмейміз. Бірден келісеміз. Бір күні балық тазаладық, көше де сыпырдық. Жұмыс уақыты қатаң, таңғы сағат 8-ден кешкі 18-00-ге дейін. Орта есеппен алғанда, бір күніміз үшін 100 АҚШ долларын алдық. Кәрістер үшін бұл аз ақша екені анық. Мұндай қара жұмысқа онда ешкім келіспейтіні де белгілі. Сондықтан қара жұмысшы табы көбінесе сырттан келгендер. Әсіресе, Үндістан, Бангладештен келгендердің қатары өте көп. Қазақтар да аз емес. Қазақстанда қандай жұмыс істесем де, мұндай жалақы таба алмайтыным белгілі. Содан мұндай жұмысқа отбасымыз бен бала-шағамызды асырау үшін келістік.


Сейілбек МҰСАТАЕВ,
саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының профессоры:

Білімді жастар еңбек миграциясының қозғаушы күшіне айналды

– Бүгінгі жаһандану дәуірінде көші-қон мәселесі – бүкіл әлемде өзектілігін жоғалтпаған тақырып. Бүкіләлемдік экономикада біртұтас ашық кеңістік қалыптасып отыр. Әлемдік білім беру кеңістігі бірігіп, ортақ кеңістік қалыптастыруда. Қазақстан – Болон үдерісінің толыққанды мүшесі. Қазақстандық диплом дамыған елдерде қолданысқа ие. Бұл – әлемдік деңгейде мамандарды даярлауға көштік дегенді білдіреді. Білім беру стандарттарымыз халықаралық стандарттармен сәйкестендірілген. Осы жайттың өзі мамандарымыздың бүкіл дүниежүзіне қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Сонымен бірге, интеллектуалды әлеуетімізде адами капиталдың сапасына нұқсан келтіретін құбылыстар бар. Маман даярлау үшін мемлекетіміз миллиондаған қаржы бөлуде, гранттар саны да жыл сайын артып келеді. Мемлекет орта білім, орта кәсіптік-техникалық біліммен қоса, жоғары білім алуға грант бөледі. Осылайша, маман даярлауға мемлекет қыруар қаражат құяды. Сөйте тұра, сол мамандардың ішінде шетелде қызмет етуге құмартып тұратындары бар. Сонымен бірге, шетелде білім алып, сонда қалып қалған жастарымыз да жетерлік. Елбасы Н.Назарбаев интеллектуалды ұлт қалыптастыру мақсатын алғашқы кезекке қойғаны баршаға мәлім. Мәңгілік ел болу жолында да белгілі межелер жүктелді. Мұның бәрі адами капитал арқылы жүзеге асады. Білімді де білікті мамандар болмаса мұндай міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу қиын.
Тіл білетін мықты маманды елде ұстау да қиын екені рас. Бір жағынан тәжірибе жинау мақсатында, екінші жағынан еңбегі бағаланатын жоғары жалақы алғысы келетін жастар шетелге кетеді. Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» биыл қосымша 20 мың грант бөлінетінін айтқан болатын. Басым бөлігі инженерлік-техникалық мамандықтарға берілмек. Енді қараңыз, «осыншама маманымыз оқу орнынан шығып, еңбек нарығында жұмыс таба ала ма?» деген сауал алдымыздан шығады. «Елімізде мұндай мамандарды қабылдайтын зауыт-фабрикалар, өндірістік кешендер бар ма?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Осыдан келіп, жұмыссыздық мәселесі туындайды. Осылайша, жастарымыз дамыған елдердің еңбек миграциясының қозғаушы күшіне айналады. Экономикамызға бұл да әсер етеді. Мемлекет оқытқан мамандар өз білімі мен тәжірибесін елімізді көркейтуге арнамаса, экономикамызға да, ұлттық қауіпсіздігімізге де төнетін қатер болады. Нәтижесінде, интеллектуалды әлеуетіміз жұтаңдайды. Сондықтан бұл мәселе кешенді шешім табуды қажет етеді. Білім мен ғылымның, ғылым мен өндірістің ортасындағы байланысты күшейту қажет. Маман даярлау мен еңбек нарығы арасында өзара байланысты арттыру керек. Себебі, шетелге білікті мамандарды даярлайтын мешеу жағдайдағы елге айналу қаупі бар. Есесіне, бізге сырттан гастарбайтерлер көптеп келуде. Өзімізде жұмыссыздық мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді.
Тағы бір айта кететіні, шетелге нәпақа табу мақсатында гастарбайтер болып қара жұмыста жүрген қандастарымыз да бар. Көптеген дамыған елдердегі күнкөріс деңгейі біздің елден әлдеқайда жоғары. Соған сәйкес, шетелдегі қара жұмысшыларға төленетін айлық жалақы біздің елдегі білікті мамандардың жалақысынан жоғары болып жатады. Расында, біздің елдегі өмір сүру деңгейі өте төмен. Ең төменгі жалақы мөлшері де ТМД елдері ішіндегі ең төмені екені жасырын емес. Көрші Ресей, Беларусь елдерінде бұл деңгей 2-3 есе көп екенін статистикалық деректерден көз жеткіздік. Уақыт талабына сай өмір сүру деңгейін көтеру қажет. 2014-2015 жылдары теңге құнсызданды. Бірақ еліміз бойынша айлық жалақыға индексация жасалған жоқ. Елдің сатып алу қабілеті, өмір сүру деңгейі, ең төменгі жалақы деңгейі шетел валютасымен есептейтін болсақ, өте төмен екенін аңғарамыз. Бұл мәселені тез арада шешпесек, шетелдің гастарбайтерлеріне айналған қандастарымыздың саны арта бермек. Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келетін гастарбайтерлер де бізге қаражат табуға келеді. Біз өзімізді өмір сүру деңгейі төмен елдермен салыстырып, солардан алда келе жатқанымызды алға тартамыз. Бұл – дұрыс емес. 30 дамыған елдің қатарына қосылу межесін қойғандықтан, әлеуметтік көрсеткіштерді, соның ішінде айлық жалақыны да сәйкесінше дамыған елдердің деңгейімен салыстырғанымыз абзал. Азық-түлік себетінің құрамын да дамыған елдер деңгейіндей көтеру қажет. Сонда ғана ел азаматтары елімізді өркендету үшін қызмет етеді.


Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы:

Еңбек миграциясында шекара жоқ

– Бүгінгі жаһандануға, ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына байланысты еңбек миграциясында шекара жоқ. Еңбек нарығы мемлекеттің шекарасымен шектелмейді. Елімізде орыс тілінің кең таралуына байланысты азаматтарымыздың Ресейге емін-еркін барып, жұмыс істеуіне де жағдай бар. Бұған Еуразиялық экономикалық кеңістік те мүмкіндік беруде. Яғни, осындай факторларға байланысты азаматтардың өзге елдерде жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейді. Біріншіден, біздің ел мен Ресейдегі жалақының арасындағы айырмашылық үлкен. Жоғары жалақы – басты себеп. Екіншіден, шекаралық аймақта, атап айтқанда, еліміздің солтүстік аймағында тұратындардың Ресейде жұмыс істеуге мүмкіндігі көбірек. Халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймағында жұмыс күші көп. Сондықтан олардың ішінде Оңтүстік Кореяға, Біріккен Араб Әмірлігіне кетіп жатқандары да кездеседі. Яғни, арзан жұмыс күші қажет мемлекеттерге сұраныс бар.
Мәселеге халықтың әл-ауқаты тұрғысынан қарасақ, позитив жағын көреміз. Шет елде жұмыс істейтін азаматтың жалақысы көбірек болатыны анық. Ал мемлекеттік тұрғыдан қарасақ, азаматтарымыздың сыртқа барып жұмыс істеуі бізде еңбек күшіне деген сұраныстың аз болуын көрсетеді. Еңбек миграциясының арқасында елімізге сырттан қаражат көзі де келеді. Мәселен, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген гастарбайтерлердің ақшасы өз елінің экономикасын, жалпы ішкі өнімнің әжептәуір бөлігін құрайды. Сол сияқты экономикамызға аз да болса жағымды тұстары бар. Ал жағымсыз жақтарына келсек, сыртта жұмыс істейтін еңбек мигранттарының еңбек жағдайы стандарттарға сай емес. Қауіпсіздік мәселесі де алаңдаушылық тудырады. Сыртқа жұмыс істеуге кеткен азаматтар көптеген қиындықтарға жолығады. Көбіне жұмыс орнымен шарт жасалмайды, сондықтан олардың еңбек құқықтары қорғалмайды. Бұл мәселені шешу үшін ақпараттық кеңістікте талқыланып, мемлекеттік органдардың назарына салынуы керек. «Қазақстаннан сыртқа ешкім жұмыс істеуге бармайды» деген түсінік қалыптасып қалған. Алайда соңғы экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануының әсерінен көптеген азаматтардың сыртқа кетіп жатқаны анықталды. Басты себеп – жалақы. Жақсы жалақы үшін, отбасын асырау үшін сыртқа кетуге мәжбүр. Сондықтан сырттағы азаматтарымызбен байланыс орнату, олардың кездескен қиындықтарын анықтау, баға беру, мүмкіндігінше қол ұшын беру мәселелерін алға қою керек.


Біздің байлам:

Қалай десек те, азаматтарымыздың қауіпсіздігі – басты мәселе болуы тиіс. Қызмет қуып емес, күнкөріс қамымен кеткен «жұмыссыз» қазақтардың тағдырына алаңдайтын уақыт жетті. Корея, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, не болмаса көрші ТМД елдерінде жүрген «гастарбайтер-қазақтардың» нақты саны да белгісіз. Жұмыссыздық мәселесі шешілмей, ішкі көші-қон мәселесін реттеу мүмкін емес. Реттей алмасақ, «жақсы жалақы» іздеп, сыртқа телміретіндердің саны арта беретін болады. Ерігіп кеткендердің жөні бір бөлек шығар, ал еріксіз «гастарбайтердің» ертеңін кім ойлайды?
«Әр қазақ – менің жалғызым» деп ақын Сабыр Адай айтқандай, Отанымыздан жырақтап шетке кеткен, еңбегін пұлдап, мал табудың жолында жүрген қазақ азаматтарының бас амандығына ештеңе де жетпейді. Ендеше, олардың да тілеуін тілейік!

 

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*