ТҰҢҒЫШ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ

728
0
Бөлісу:

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мерейтойына қатысты «Егемен Қазақстан» мен «Айқынға» бірнеше мақала жарияланды. Соның ішінде белгілі журналист Жақсыбай Самрат, тарихшы әріптесіміз Мәмбет Қойгелді және айтулы алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабек өз мақалаларында ЖОО-ның 90 жылдығы ма, әлде бір ғасырлық мерейтойы ма деген тақырыпта ой өрбітті. Осы талас мәселеге байланысты төменде ойымызды білдіріп отырмыз. 

Осы орайда өте маңызды сұрақ – Қазақ жерінде оқу мекемелері қашаннан бар, қай жерде ашылған және қандай бағытта болған деген мәселеге тірелетіні анық. Осы жағдайды сараптай келе, еліміздегі оқу орындары тарихын жүйелеу қажет және оны әр кезеңге бөліп, екі түрлі қағида ұстануымыз керек деп ойлаймын. Біріншіден, еліміздегі оқу орындарының ашылуын көп жағдайда Кеңес дәуірінен бастайтын бұрынғы қағиданың қателігін тануымыз керек.
Екіншіден, еліміздегі оқыту орын­да­ры­­ның ашылуын тек Ресеймен байла­ныс­тыратын бұрынғы қателіктен арылу. Бұл – үлкен қателік. Біз түркі-қазақ дала­сындағы алғашқы оқу орындарының ашылуын кең сахарада ислам дінінің тарауымен қатар, мектеп, медреселердің бой көтергенімен байланыстырғанымыз дұрыс. Егер біз көне оқу орталықтарын айтпай кетсек, онда Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири сияқты оқымыс­ты­лар қайдан шыққан? Әрине, олар кейін көрші – Иран, Ирак, Сирия сияқты ел­дер­де білімін жалғастырған. Бірақ алғаш­қы білімді олар өз отанында алғаны бел­гілі ғой. Сонымен бірге, ол заманда қазақ, өзбек деп бөлінбеген кез, шыққан тегіміз ортақ – ұлы Түрік қағанаты болатын.
Бір кездегі славян тілін қазіргі орыс мемлекеті өздерінің негізгі тілі деп санап, сол уақыттағы оқу орындарын теріп, айтып отырады. Біз, қазақтар, ол кездегі оқу орындарын біздікі деп айтудан әлі күнге шошимыз. Сөйтіп, өз тарихымыздан негізсіз бас тартамыз.
Осының өзі бізді баяғы «жабайы», «мәдениеті болмаған тобыр» дегенге етіміздің үйреніп кеткенінен екені белгілі. Жартысы көшпенді болып, жартысы қалаларда тұрып келген біз сияқты халық­тардың бірі – арабтар. Сол арабтар Еуропадағы алғашқы жоғары оқу
орны – Испаниядағы Кордова универ­си­те­тін ІХ ғасырда ашқан. Кейін като­лик­­тер соның негізінде өз универси­те­тін қала­ды. Осыны қазір испандықтар жасыр­май айтады, одан еш ұялмайды.
Қазақ баласы Ресей империясына қосылмай тұрып та жоғары білімді не Таяу Шығыс, не Бұқара мен Самарқаннан алған. Сол оқыған, зиялы қауым Әбіл­қайыр хан атынан Анна Иоанновнаға, Кенесары хан Ресей әкімшілігіне хат дайын­да­ған. Араб қарпінде – қасиетті Құранды ашқан, бір-біріне хат жазысқан. Мысалы, Жәні­бек ұлы Қасым өз достарымен, жау­ла­ры­­мен хат жазысып тұрғаны белгілі. Демек, отандық біршама оқу оры­нның тарихын біз орта ғасырдан бастасақ та қателік болмайды.
Әрине, төңкеріске дейін ашылған әртүрлі әскери, кадет, орыс-түзем мек­теп­­тері, теміржол училищелерін сана­масақ, осы заманғы жоғары оқу орын­дарының бой көтеруі бізде «Октябрь революциясынан» кейін басталды. «Тарихтың тағылым айдыны» атты Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факуль­те­тіне 75 жыл толуына арналған жинақта (2009 жыл, Алматы) былай деп жазылған: «1917 жылдың қарашасында Ташкентте Түркістан Кеңестерінің Өлкелік Үшінші съезі болып, онда осы өлкенің тарихында бірінші рет ашылатын жоғары оқу орны туралы шешім қабылданды. Аталған жобаны кең ауқымда талқылау үшін 1918 жылдың ақпанында Ташкент қоғамының жоғары оқу орындары ісіне берілгендер арасында құрылтай жиналысы болды. Оның құрамына ғалымдардың, дәрі­гер­лердің, заңгерлердің, мұсылман ауқым­дағы қоғамдардың өкілдері кірді» (Аталған еңбек, 14-бет). Бұл кейін САГУ (Средне-азиатский госуниверситет) атан­ған Түркістан мемлекеттік универ­си­теті (1923 жылға дейін) болатын. Осы универ­си­теттің жанынан 1918 жылдың 12 мамы­рын­да түркі тілдерінде оқытатын мұсыл­ман сек­ция­сы ашылып, ол қазіргі Мырза Ұлық­бек атындағы Ташкент ұлттық уни­вер­ситетінің құрылған күні болып есептеледі.
Ол кезде Алаш арыстарының көбі осы қалада болатын, өйткені Ташкент барлық түркістандықтарға ортақ шаһар. Қалалық Мұсылман комитетінің қолдауымен олар таза қазақ тілінде оқытатын алғашқы оқу орнын аштыруға қол жеткізеді. Бұл орыс педучилищесінің бөлімшесі ретінде 1918 жылдың 20 қазанда ашылған мұғалімдер дайындайтын оқу орны болды. Оның меңгерушісі болып И.Тоқтыбаев, ал мұғалімдер қатарына Х.Болғанбаев,
С.Қожанов, Қ.Ходжиков, Ф.Құлтасов және Е.Табынбаевтар енген. Осы бөлімше кейін толық училище, артынан КирИнПрос-қа (Киргизский Институт Просвещение) айналғандығы туралы құжаттардың бәрі С.Тілеуқұловтың «Первый казахский институт в Ташкенте» деген жинағында келтірілген. Осы жинақта «Краткие све­де­ния о возникновении Казинпроса в Таш­кенте» атты бір құжат бар, онда мына­дай деректер келтірілген: «В нем пре­по­да­вали: М.Тынышпаев, Х.Досмухамедов, С.Ходжанов, И.Тохты­баев, М.Жумабаев, К.Жаленов, Х.Болганбаев, К.Ходжиков, Ф.Култасов, Е.Табынбаев, С.Утегенов, А.Байтур­сы­нов, Ж.Аймауытов, Д.Адилов, Д.Сарсенов и др» (ЦГА РУз, ф.372, оп.1, д.60, л.5).
Нақ осы оқу орны 1926 жылдың 2 шілдесінде ҚазАКСР Халық комиссар­лары Кеңесінің қаулысымен Қазақ педа­го­гикалық институты болып өзгертіледі. 1927 жылғы Қаулымен ол Алматыға көші­ріліп, 1928 жылы Қазақ мем­лекеттік университеті, кейін қайта пед­инс­титут (ҚазПИ) болып құрылады.
Бізге қазір жасқаншақтықтан арылып, тарихымызды тереңдетуден қашуды қою керек. ҚазПИ-дің алғашқы қадасын Алаш арыстары қадап, 10 жыл бойы мың­даған қазақ жастарына жоғары білімнің алғашқы ұшқындарын еккенін естен шығармау – бүгінгі ұрпақ парызы.

Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы
институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*