СУДЫ САПЫРҒАН «ОРХАН» ЖӘНЕ ЖЕРДІ ЖОҒАЛТҚАН МИНИСТРЛІК

284
0
Бөлісу:

Алматыны Қазақстанның ең әсем қаласы десек, оның өзіндегі көрікті жерлер бірінен-бірі өтеді. Сондай жақсы табиғаты таңдай қақтырарлық орындардың бірі – Ремизовка . Ежелгі атауы басқаша болған шығар, бірақ берідегі бірнеше ұрпақ бұл аңғарды осылай атайды.

Алматы қарыштап өскен өткен ға­сырдың жетпісінші жылдарына дейін ол орталықтан шалғай сайлардың бірі ретін­­-де елеусіз жатты. Қала басшылары бұл аң­ғардан балалардың демалыс орын­дарын ашты. Бөктерді саяжай салып, өнім аламыз деген тұрғындардың пайда­лануына берді. Осы қойнаудан Қазақ КСР Ішкі істер ми­нистрлігінің қосалқы шаруашылығы үшін де жер бөлінді. Ол кезде республиканың іргелі мекемелері мен кәсіпорындарының барлығына өз қызметкерлерін азық-түлік­пен қамта­масыз ету жүктелетін. Басқасын қойып, бұл міндеттен Ішкі істер органдары да бо­сатылмаған. Оның мамандарына ар­налған ет пен сүт, көкөніс пен картоп, же­міс пен жидек дәл осы жерден жина­ла­­тын. Бұл сайда күз түсе атақты апорт көздің жауын алатын. Апорт жоғалғанмен, әлі де мұнда алма жинайтындар бар­шы­лық.
Беріде қаланың өсуі, ең үлкен көше саналатын әл-Фараби даңғылының ір­ге­-ден өтуі Ремизовканы бұрынғыдан жа­қындатты. Даңғыл бойына жаңа үйлер мен ғимараттар, әсіресе қонақүйі мен сал­та­натты мейрамханалары, дүкендері мен кинотеатрлары бар «Есентай Тауэрс­тің» тұрғызылуы қол созымдағы құнар­лы аң­ғарға қызығушылықты еселеп арт­тырғаны даусыз.
Кейінгі жылдары Алматының ба­тысы мен оңтүстігіндегі бірқатар аумақтар қалаға қосылды. Оның саяси және эко­номика­лық мәні жеткілікті. Қазір санап жату артық шығар. Міне, Алматы облысы аумағынан алынып, Алматы қаласына қосылған жаңа аймақтың бірі нақ Реми­зовка еді. Қалаға қосылар кезде Ремизов­ка аңғарында қаз-қатар коттедждер бой кө­терген. ХХІ ғасыр басындағы даму дүм­пуі бұл аңғарды да ұмыт қалдырма­ған. Қалаға ресми қосыл­маған кездің өзін­де мыңдаған алматы­лықтар осы тұс­ты өздеріне мекен еткен. Өйткені мұнда ығы-жығы көше, у-шулы көлік ағыны жоқ. Екіншіден, ауа – таза. Үшіншіден, жа­сыл желекке малынып тұр. Ең соңында, қаланың орталығы қазақтың жалпақ тілі­мен айтқанда, таяқ тастам жерде. Аң­ғар­дан шыққаныңызға он минут болмай кө­лігіңіз Есентай Тауэрстің ал­дынан өтіп бара жатады.
Тек Ремизовканың бірден-бір проб­лемасы – ауызсу. Кезінде саяжай иелері ішетін суын өздерімен ала келетін. Ша­руа­шылық мұқтаждыққа, бақша суғару мен қол шаюға суды скважинадан алатын. Жап­пай жекешелендіру жылдарында жо­ғарыда айтылған Ішкі істер министр­лігінің қосалқы шаруашылығы да жеке­нің қолына өткені белгілі. Ырғақты жұмыс істеп тұрған тұтас шаруашылық ыды­рап, оның жері мен мүлкі әркімнің үлесінде кетті. Техникалық мақсаттағы су скважи­насына содан бастап «Орхан» ЖШС иелік етеді. Ол суды сату­дың өзі­нен қырғын пай­да тауып отырған шығар. Бірақ сапасы сын көтере ал­майды. Сапаға қатысты тұтынушылар талабы мен тексерушілер ұйғарымын жекеменшік кә­сіпорын шы­бын шаққан құрлы елемейді.
2017 жылы қараша айында табиғат қор­ғау прокуратурасының маманы А.Рахимов орындаушылық іс қозғайды. Бір айдан кейін Алматы қаласындағы ауданаралық ма­мандандырылған әкімшілік соттың ше­шімімен «Орхан» әрекеті тоқтатыла­ды. Бұл «тоқтату» қысым сорғыларына келетін электр желісін қию мен электр есептегіш құралына пломба салу арқылы жүзеге асты. Бірақ серіктестіктің суды жер астынан сорып, маңайдағыларға сату әрекеті жал­ғаса берді. Бұл заманда электр қуатын өн­діретін шағын дизель қойып алудың несі қиын? Сотты сыйламаған, жай сыйламау емес шешімін орындамаған жағдайда Қазақ­станның құқықтық мемлекет ата­-нуы қиын-ау. Осыдан «Орхан» ЖШС иесі Мем­лекет басшысының «Құқықтық Қазақ­­стан» атты үлкен бағытына теріс қа­рап отыр ма?» деген де ой түюге болады.
Ең бастысы, бұл да емес. «Орхан» тұр­ғындарды саудалап отырған су сапасы мен құрамы және тазалығы жағынан ішуге жарамайды. Бұл ежелден техникалық мақсаттағы су болып саналады. Тіпті ЖШС-ның тұтынушылармен жасалған шартында «техникалық сумен қамтама­-сыз етеді» деп тайға таңба басқандай көр­сетілген. Мұны ауызсу ретінде тұтыну – бар­­лық талаптарды, оның ішінде сани­­-
тарлық-эпидемиялық талаптарды бұзу. Ма­ңайдағы тұрғындар денсаулығына осыдан елеулі қатер төніп тұрғаны анық. Судың түбіндегі тұнба мен қышқыл дәміне қарап-ақ ішуге жарамсыздығын сезу үшін маман болудың қажеті шамалы.
«Орхан» әрекетіне қатысты тексеруші органдар бірнеше рет дабыл қақты. Бірақ бұл шағымдардан түпкілікті нәтиже шық­қан емес. ЖШС иесі Хамедовке келгенде бұрын облыстың, кейін Алматы қаласының әкімдігіндегі тиісті департаменттер көз­дерін жұма қалады. Сөйтіп, ол қандай су­дан болсын құрғақ шығатын «қасиетімен» таңғалдырады.
Соңғы уақытта «Орхан» шіріген құ­быры арқылы техникалық суды сатып келген әрекетін өзгерту үшін «ғасыр жоба­сына» кірісті. Ол әл-Фараби даңғылынан бастап, сол тұстағы «Алматы су құбырлары» кәсіпорнының желісінен тауға – Реми­зовкаға қарай құбыр тартуға кірісті. Оны енді ешкім де, ештеңе де тоқтата алар емес. Тіпті мұндай құбыр бұрыннан бар екені, оның жұмыс істеп тұрғаны да. Бұған дейін­гі құбыр құрылыс пен табиғат қорғау та­лаптарына орай Ремизовкаға апаратын жолдың астынан тартылған. Қаладан Ер­менсай елдімекеніне дейін созылған. Оның ГОСТ пен санитарлық нормаларға сай екендігінің құжаттары бар. Әлі қаншама жыл пайдалануға жарамды.
Хамедов не істеді? Бірнеше жұмыс­шыны жинап алып, жолдың шығыс жағын қазғылауға кірісті. Бұл Іле Алатауы сияқты бірегей экологиялық аймаққа жыртқыш­тықпен ауыз салудың өзі еді. Жол жиегін аяусыз қопарып, жер қыртысын астан-кестен еткен құрылыстың басталғанына бірқатар ақпарат құралы дабыл қақты. Олар жаяу жүргіншілер жүрер жер қалма­ғанына, қоршаған ортаға елеулі зиян келіп жатқанына табиғат қорғау прокурор­лары­ның назарын аудармақ болды. Тіпті «мұн­дай әрекетке Сәулет және құрылысты мем­лекеттік бақылау комитеті, Алматы қалалық сәулет басқармасы неге тоқтау салмайды» деп сұрау да қойды. Бірақ «бармақ басты, көз қыстының» астында не болып жатқаны көпшілікке бәймәлім. Ақпарат құралдары тек бірегей табиғатқа келіп жатқан залалды көріп, өз нара­зы­лы­ғын білдіруде.
Қағылған дабыл, түсірілген сурет пен бейнекөрініс, тіпті салынған айып та «Орханды» тоқтатуға дәрменсіз. Бір құбыр тұрғанда оның қасынан табиғатқа залал кел­тіре отырып, екіншісін тартудың заң­дылыққа қайшы екенін ескеріп отырған ешкім жоқ. Демек, бұл тұста бір шикілік бар. Әйтпесе мекемеге мұндай құрылыс жүргізуге Сәулет және құрылысты мем­лекеттік бақылау комитетінің оңтүстік астанадағы органы қалай өз «батасын» берген? Тағы бір сұрақ мынадай: су құ­бырларын тарту жұмысын неге сани­тар­лық-эпидемиялық қызмет тарапынан тыйым салынған кәсіпорын жүргізіп отыр? Үшінші сұрақты басында айтып кетсек керек: Табиғат қорғау прокуратурасы­ның талабы бойынша өткен Алматының ауданаралық мамандандырылған әкім­шілік сотының шешімімен «Орхан» сква­жина жұмысын тоқтатуы керек болса да, ол неге әлі суды соруды жалғастырып келеді? Сөйтіп тұрғындарға сапасы күмәнді суды заңсыз саудалай бере ме?
Дендеп қарағанға «Орханның» төңі­ректі ойбайлатуы мұнымен тынбайды. Қазақтың тура «бақсам – бақа екен» де­генінің кері болып шығады. Құжаттарды тексере келгенде Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінен қалған инженерлік желі: табиғи скважиналардан тартылған су құбыры мен канализацияның заңды иесі «Орхан» болмауы да мүмкін. Олардың «біз жекешелендіргенбіз» дегені дақпырт қана. Ішкі істер министрлігінен қалған жер мен ондағы скважинаны әлі күнге бұл ЖШС заңды жолмен меншіктемеген! Ұңғысы бар жер телімдеріне кадастрлық нөмір беріл­меген, яғни оны ешкім, ешбір кәсіпорын пайдалана алмайды. Бұл жер әлі күнге ІІМ меншігінде деп саналады. Жер кадастры дерегі бойынша «Орхан» ЖШС-ы жерге орналастыру комиссиясына тек өткен 2017 жылдың желтоқсан айында құжат тапсыр­ған, әлі бұл жердің иесі болуларына Алматы қаласы әкімінің шешімі шыққан жоқ. Табиғатқа манағыдай залал келтіріп жатқан кәсіпорынға енді қала әкімі ондай оңды шешім шығарып, қолдарына су құйып берер ме? Бұл – ойландыратын сұрақ.
Иә, бұған дейін қызмет еткен Ішкі істер министрлерінің ешбірінің бұл жерді өз иелігінен шығарып, «Орхан» ЖШС-ның меншігіне немесе оған жалға беру ту­ралы бұйрығы болмаған. Айтпақшы, бұл аймақ­ты да Қазақстан Республикасы Прези­денті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Ал­маты облысы аумағынан Алматы қала­сы­ның аумағына қосқан кезде құжаттарды тексеру мен түгендеу жұмысы басталды. Сол кезде Ішкі істер министрлігі де бір кездегі қосалқы шаруашылығында болған жерге қатысты осындай тексеру жүргізген. Сонда өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дар ортасында тұтас бір гектар алқаптың «жоғалып кеткені» анықталды.
Демек, жиырма жылдан астам уақыт «Орхан» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінде суды сору мен сатуға заңды негіз болмағаны ғой. Тіпті ол әрекетін жер қала аумағына қосылып, заңсыздық анықтал­ғанда да жалғастырып отырғаны қалай? Ал осыншама уақыт жерді заңсыз пайдалану мен одан пайда табу мысалына неге еш мекеме назар аудармаған? Қашан тау жырымдалып, жолдың шеті жыраға айна­лып, қоғам дабыл қаққанша?!

Мырзағали КЕНЖЕМҰРАТОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*