ЖАУЫНГЕРЛІК ШЕРУ ЖАРҚЫРАП ӨТТІ

3775
0
Бөлісу:

Отан қорғаушылар күніне орай 7 мамыр күні Жамбыл облысындағы «Отар» 40-әскери базасында 3 мыңға жуық жауынгер, 300 әскери техника мен қару-жарақ, 40 ұшу аппараты жұмылдырылған Жауынгерлік шеру өтті. Шеруге Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.


Жауынгерлік парад өтетін полигонға тік­ұшақпен келген Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты сап түзеген шеруге қатысушы әскерилер салтанатты маршпен қарсы алды. Шеру қолбасшы­сы – Қазақстан Рес­публи­касының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екендігін баяндады.
– Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттық­таймын. Баһадүр бабалар Ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны. Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр баба­ларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деп Қазақстан Президенті ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арналған сөзінде Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл күннің еге­мен еліміз үшін ерекше маңызды екенін айтты. Қазақстан әскерінің тәуелсіздігімізді қорғап, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атса­лысып жатқанын, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функ­цияларды лайықты атқарып жүргенін атап өтті.

– Мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әле­уетін нығайтуға зор мән беріледі, Қазақ­стан 2030 жылға қарай заманауи, мобиль­ді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отыр. Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіп­сіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы опе­рациялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қор­ғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бө­лімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне се­німдімін, – деді Елбасы Жауынгерлік шеру басталар алдындағы сөзінде.


Әскери шеру дегеніміз – армияның жауынгерлік қуатын, Қарулы Күштердің техникалық тұрғыда жабдықталуын, қа­зақстандық армияның жауынгерлік Ар­сеналын толықтырған отандық және шетел өндірісінің қару-жарағы мен әс­кери техникасының заманауи үлгілерін көрсету. Ал биылғы шеру әдеттегі Аста­наның орталық алаңында өтетін сал­та­натты әскери шерулерден өзгешерек бол­­­ды. Жауынгерлік шерудің жос­пары­на сәйкес, заңсыз қарулы құрылымдар­дың шартты түрде белгіленген бекі­ніс­теріне ұсақ атыс қаруларынан бастап ірі ка­либрлі зеңбіректерден, танктерден оқ атылып, жауынгерлік авиация әуеден соққы берді. Шерудің еліміздегі ең ірі әс­кери полигондарының бірі «Мәті­бұлақта» өткізілуі де сондықтан. Отан қорғаушылар күніне орай өткізілген Жауын­герлік шеруге Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрлері мен тектері қатысты. Шеруге Қарулы Күштері Құр­лықтағы әскерлердің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Бектанов бас­шы­лық жа­сады.
Жауынгерлік шеру жоспарға сай екі кезең бойынша өтті. Бірінші бөлімде Жо­ғарғы Бас қолбасшының алғысөзі­нен кейін барлық облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне аумақ­тық қорғаныс бригадаларының жауын­герлік туларын тапсыру рәсімі болды. Жауынгерлік шерудің екінші бөлімі
5 тактикалық эпизодтан құралған. Бұл эпизодтарда заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы ұрыста қолдана оты­рып, барлау әскери бөлімшелерінің шы­найы тактикалық іс-қимылы көрсетілді. Шерудің екінші бөлімі дәстүр бойынша қызмет түрлері мен тектері бойынша сап­қа тұрған әскерилердің салтанатты ше­руінен басталды. Бес қаруын асынған Қарулы күштердің Десанттық шабуыл­даушы әскерлерінің, Арнайы операция­лар күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің жаяу әскерлер жасағы, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ішкі істер министрлігі Ұлт­тық ұланның, сондай-ақ аймақтық қор­ғаныс әскери қызметшілерінің саптық «қораптары» алаңнан салтанатпен жүріп өтті.


Содан кейін Қарулы күштердің жа­сақтары авиацияның, сауытты техни­ка­ның, зымырандар мен артиллерияның кө­мегімен заңсыз қарулы құрылым­дар­-ды қалай жоятынын көрсететін бес эпи­зодтан тұратын белсенді кезең өткізілді. Екінші бөлімнің 1 эпизодында ұшқыш­сыз ұшу аппараттарын қолдану арқылы әуеден барлау жұмыстарының қалай жүр­гізілетіні, соның ішінде жау нысандарын табу, әуеден соққы беру тәсілдері көр­се­тілді. Әскери-әуе күштерінің майдандық және әскери авиациясының С 295 жүк ұшағы, әртүрлі мақсатқа пайдаланыла­-тын Су-30СМ жойғыш ұшақтары, Су-25УБМ жойғыш ұшақтары мен Ми-17, UH-1, EC 145 тікұшақтары әуеде қандай қызмет атқаратынын іс жүзінде көрсетті. Ми-35М тікұшағы танкіге қарсы ракета­лар­мен жердегі насаналарға дәлдеп соқ­-қы берді. «Жетісу барысы» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.
Авиация – елдің маңызды бағыт­тарын, аудандары мен нысандарын әуе­ден келген жаудың соққыларынан қор­ғауға арналған Әуе қорғанысы күштері­-
нің негізгі әскер тегі. Іс жүзінде нысан­дар­ды алыс қашықтықтан қорғайды, кез келген әуе нысаналарын жақындатпай жоюға қабілетті. Оның құрамында зы­мырандармен, зеңбіректермен қарулан­дырылған дыбыстан жылдам ұшатын: МиГ-31, МиГ-29 майдандық жойғыш­-тар, МиГ-27 және Су-27 жойғыш-бом­балаушылары бар. Қазақстан Қарулы күштері Әскери-әуе күштерінің қол­бас­шысы генерал-майор Дәурен Қосанов­тың айтуынша, Жауынгерлік шеруге Әскери-әуе күштерінің Алматы, Талды­қорған, Шымкент, Семей, Астана және Тараз қалаларынан келген ұшқыштар құ­рамы қатысқан.
Екінші эпизодта – Т-72, БМП-2, БТР 82А танктері мен жауынгерлік техника­-лар жеке құрамның дайындықтары мен шеберліктерін көрсетті. Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орын­дау барысында «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және 122,4 мил­лиметрлік 9К59 «Прима» дүркіндетіп оқ ату зымыран жүйесі, 152 мм МСТА-Б ди­визиондық гаубицалар және Д-30 зең­біректері, «Солнцепек» ауыр зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зы­мыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да жойқын қару түрлері өздерінің ұрыс даласындағы мүм­кіндіктері мен тиімді тұстарын көрсетті.


Үшінші эпизодта көрермендер әуе-шабуылдаушы десантардың әртүрлі үш тәсілмен қалай шабуылдайтындарын тамашалады. Шабуылдаушы десант әс­керилері әуеден десантты қалай түсіре­тінін көрсетті. Шерудің төртінші эпи­зоды «Жауды елдімекенде жойып жіберу» деп аталады. Бұл эпизодта минометпен, зениттік құрылғылармен, пулеметпен қаруланған бір рота жауынгер арнайы жабдықталған автокөліктермен шартты елдімекенді заңсыз қарулы құрылымнан тазартты. Олар «Василек» 82 мм авто­маттық минометтері, КамАЗ көліктеріне орнатылған зениттік ЗУ-23-2 қондыр­ғылары, сондай-ақ Toyota Pick UP кө­ліктерінде орнатылған пулеметтерді қол­данды. Соңғы 5-эпизод – заңсыз қарулы топты толықтай жойып жіберу опера­циясы. Бұл эпизод барысында көпшілік жаудың заңсыз нысандары қалай жойы­латынын, С-295 ұшағынан парашю­тис­тердің түсуін тамашалады. Шеру кезін­де бір топ жойғыш ұшақтардың әуеде сал­-ған өрнектерін, «Қызғалдақ» компо­зи­циясын тамашалады.
– Шеру жай ғана тамашалау үшін жасалатын мерекелік шара емес, бұл – еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін және халқын қорғайтын армияның жауын­герлік күшін, Қарулы күштердің қалай жабдықталғанын көрсету. Қазіргі кезде Қазақстан армиясы жақсы жаб­дықталған. Бұл – Қарулы Күштерге Қа­зақ­стан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғары Бас қол­басшысы мен Қазақстан Республикасы Қор­ғаныс министрінің баса назар аударуы­ның нәтижесі. Бұған дейін өткізген әрбір әскери шеру есте қаларлықтай өзін-ше ерекше. Тәуелсіз Қазақстанның та­рихында бұл – екінші Жауынгерлік шеру. Бірінші рет 2013 жылы осы жерде өткізген болатынбыз. Осымен Қарулы Күш­тері жалпыәскери бөлімшелерінің жауын­герлік мүмкіндіктерін іс жүзінде екінші рет көрсеттік. Ол шеруге 7000-дай әс­кери қызметші, 400 бірліктен астам әртүрлі қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар 86 ұшу аппараты қатыс­қан еді. Биылғы Жауынгерлік шерудің ерекше­-лігі – Арнайы операциялар күш­терінің шынайы тактикалық қимыл әре­кеттерін жаңа және модернизациялан­-ған қару-жарақ пен әскери техникалар­ды қолдана отырып көрсету. Тұңғыш рет бар­лау-соқ­қы беру және барлау-ату ке­шен­дері­нің, арнайы мақсаттағы барлау бөлім­шелері мен аумақтық әскерлер құ­ры­-лым­дары­ның жұмыстары көрсетіледі. Жауын­гер­лік шеруге қатысушылардың жалпы саны – 3 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден астам жауынгерлік техника, сонымен қатар 30 жауынгерлік ұшақ, тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрады. Құрамалар мен әскери бөлімдердің барлық жеке құрамы шеруге қатысуға үлкен ынта білдірді, бі­рақ кәсіби шеберлігі жоғары, жауынгер­лік сабақтарда өте жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген әскери қызметшілер ірік­теліп алын­ды. Шеруді сапалы дайын­дап өт­кізу мақсатында ұйымдасты­ру­шы­лық және тәжірибелік кешенді шаралар ат­қарылды. 8 сәуірге дейін барлық жеке құрам мен жауынгерлік және арнайы техника «Отар» 40-шы әскери базасына шоғырландырылды. Жеке құрам 4 дала­лық лагерь мен казармада орналас­ты­рылды. 11 сәуірден бастап жаяу шерулік есептоптардың, авиациялық топтың, артиллериялық топтың, сауытты такти­ка­лық топтардың жекелеген жаттығу­лары «Гвардейск» және «Мәтібұлақ» по­ли­гондарында ұйымдастырылды. 20 сәуір­ден бастап әскери бөлімшелер бірлескен кешенді жаттығуларға кірісті, – дейді Жауынгерлік шеруге басшылық жаса­-ған Құрлықтағы әскерлердің бас қол­бас­шысы, генерал-майор Мұрат Бектанов.


Жауынгерлік шеру аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алаңға көрмеге шығарылған әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен та­нысты, сондай-ақ далалық жердегі ұрыс­-та көрсеткен шеберлігі, оқ ату сәтіндегі мергендігі және жауынгерлік дайындығы үшін шеруге қатысушылардың бәріне алғыс білдірді.

– Әскери шеру сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейімделгендеріңізді нақты көрсетті. Шеру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайын­дығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған Жауынгерлік шеруді қазақстандықтар тікелей эфир арқылы тамашалады.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*