Елбасы әлеуметтік нысандарды аралады

611
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен жаңадан салынған «Эйс» теннис орталығының ашылу салтанатына қатысып, елімізде теннис спортын дамыту үшін 10 жыл ішінде барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Корттар саны төрт есе көбейіп, 60-тан 244-ке өскенін және тенниспен айналысатын спорт­­шылар саны анағұрлым артқанын жеткізді.
– Теннис спорты тиісті инфрақұрылым болғанда ғана дамиды. Әр өңірде балалар спортпен шұғылданып, биіктерді бағындыруы үшін әлемдік стандартқа сай теннис орталықтары салынуға тиіс. Осы теннис орталығында жаттығатын спортшылар әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жас теннисшілермен әңгімелесу барысында әрдайым жеңіске деген сенімнің берік болуына, жігерлілік пен спорттық шеберлік арқылы алға қойған мақсатына жетуіне ниеттестік білдірді.
Жалпы көлемі 8100 шаршы метр болатын «Эйс» теннис орталығында «хард» қатты жабындысы төселген 4 жабық және 6 ашық корт бар. Сондай-ақ мұнда 2 тренажер залы, медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер, нұсқаушылар кабинеттері, кон­ференц-зал, тамақтану орындары орналас­қан. Барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтама­сыз етілген. Бұл жаз мезгілінде ATP Challenger деңгейіндегі турнирлерді өткізе ала­тын Алматыдағы бірден-бір теннис орта­лығы.
Елбасы «Керуен-Medicus» медицина орталығына да ат басын бұрып, клиника ұжымымен әңгімелесті.
– Дәрігер емделушіге қамқорлықпен қарап, әсіресе аналарды босандырғанда өзінің мейірімін дарыта білуі қажет. Бүкіл Қазақстан бойынша заманауи құралдармен жабдықталған көптеген медициналық орталықтар салынды. Дәрігер – ең ұлы мамандық екенін әрдайым есте сақтаңыздар. Сіздерге табыс тілеймін, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа медицина техникаларын өндіруші Siemens, Karl Storz, General Electric, Drager, Hamilton және басқа да жетекші компаниялар ұсынған қазіргі заманғы құрал-жабдықтар көрсетілді.
Елбасы орталықтан шығып, SmArt.Point стартап алаңына барды. Мемлекет басшысына орталықтың жетекші стартап жобалары (Chocofamily компаниялар тобы, Nommi жобасы және SmartSatu платформасы) таныстырылды. Олар тағамға тапсырыс беру және әуе билеттерін сату жөніндегі интернет-гипермаркет, тауар жеткізушілер мен тұтыну­шылар арасындағы тауар айналымына арналған алаң, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша интер­нетке жылдам әрі мейлінше ыңғайлы қосылуды көздейтін Wi-Fi роутер әзірлемесі ретінде жұмыс істейді.
Елбасы мемлекет тарапынан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Арнайы министр мен вице-премьер та­ғайындалды, әр министрлікте осы мә­селе­лер­мен айналысатын адамдар бар. Біз әлемде болып жатқан үдерістен қалып қоймауымыз керек. Біз цифрландырудың арқасында, әсіресе өндіруші компаниялардың еңбек өнімділігін жылдам арт­тыра аламыз деп үміттенемін, – деді Президент.
Елбасына мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерімен қамтылмаған, қалыптан тыс өмірлік ахуалды реттеу жөніндегі OpenАlmaty қоғамдық қабылдау орнының жұмысы да таныстырылды. Оған 7 ай ішінде 18 396 өтініш түсіп, олардың 78 пайызы сол жерде жедел шешімін тапты.
SmArt.Point жобасы – Алматыдағы технологияларды дамытуға арналған кеңістік. Онда жоғары технологиялар мен креативті бизнес саласында жұмыс істейтін 40 компания орналасқан. Олардың жиынтық ақша айна­лымы 100 миллион доллардан асады. Қызмет ету бағыттары электронды сауда, қаржы технологиясы, автоматтандырылған логистика, медиа, компьютерге арналған бағдарламаларды әзірлеу, телекоммуникация, блокчейн, заңгер­лік және бухгалтерлік қызмет көрсету аутсорсингі, білім технологиялары сияқты салаларды қамтиды.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*