ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

1300
0
Бөлісу:

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық жауынгерлер ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде 500-ге жуық отан­дасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда бұл тізімнің бұдан да көп болуы әбден мүмкін еді. Себебі, тағы да 100-ден астам отандасымыз осындай ең жоғары наградаға ұсынылып, түрлі себептерге байланысты ол марапаттарына қол жеткізе алмады. Осындай ардагерлердің ерлігін дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Нұр Отан» партиясы «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты жаңа акцияны қолға алды. Соның аясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласында осындай арда­герлердің бірінің шаңырағына арнайы барып, оның ұрпақтарымен кездесті.

Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін отқа түсіп, батыр атағына ұсынылғандардың бәрі бірдей тиісті наградасын ала алмағаны белгілі. Осы тақырыпта ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі қоғам қайраткері, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жоғарыда келтірілген 100-ден астам осындай арда­гері­міздің наградаға ұсынылғанын дәлелдейтін марапат парақтары да табылып, нақты деректермен дәлелденген.
Есімі ел есінде мәңгі сақталған батыр аталарымыздың бірі – Аманша Меңдіғалиев. Ол әйгілі Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі қиянкескі ұрысқа қатысқан. Ауыр жарақатына қарамастан 362-өздігінен жүретін артиллерия полкін бастап Берлинге дейін жетеді. Сол жерде Аманша атамыздың тобы жау әскеріне ойсырата соққы беріп, нәтижесінде Кеңес әскері Германия аста­насының шығыс бөлігіне басып кіруге мүмкіндік алады. Осы ерлігі үшін ол бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда сол бір алтын жұлдызға қол жеткізе алмай кетті. Бірақ ерлік ешқашан ұмытыл­майды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Аманша Меңдіғалиевке «Отан» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді. Жеті бала тәрбиелеп өсірген ардагер атамыз 28 немере сүйді. Аманша ата 2008 жылы 90 жасында дүниеден озған.
Бүгінде батырдың отын өшірмей, қара шаңырақта ұлы Асылбек Меңдіғалиев отыр. Ол да әке жолын жалғап, әскери өмірді таң­даған. Мереке күні Аманша атаның шаңырағына арнайы ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары батырдың ұрпақтарымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Өз сөзінде ол нұротандықтар жаңа бастама арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ардагерлердің өздері көре алмай кеткен марапат пен құрметті бүгінгі ұрпақтарына көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке баулуды көздейтінін жеткізді.
– Біз адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста қазақстандықтардың Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқанын еш­қа­шан ұмытпауымыз керек. Сондықтан «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты арнайы акция­ны қолға алып отырмыз. Бүгін осы бастама аясында нұротандықтар еліміз бойынша қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетсе де өзіне тиесілі батыр атағын ала алмай кеткен ардагерлердің шаңырақ­тарына арнайы барып, олардың ұрпақтарына құрмет көрсетуде. Партия тарапынан осындай арда­гер­лердің есімдерін мектептер мен көшелерге беруге қатысты да тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Бұны өскелең ұрпаққа ерен ерлікті дәріптейтін игі іс деп есептеймін. Сондықтан біз батырларымыздың ерліктерін мәңгілік жадымызда сақтап, оларға лайықты құрмет көрсетуге тиіспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Асылбек Меңдіғалиев әкесінің ерлігін ескеріп, оны жас ұрпаққа насихаттау үшін арнайы келген нұротандықтарға алғысын білдірді. Әскери қызметте биік белесті бағындырып, еліміздің Қарулы Күштерінің нығаюына зор еңбек сіңірген Асылбек Аманшаұлы әкесінің соғыстағы батырлығын кеңінен баяндап берді.
Жалпы, өткен мерекелік күндерде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында нұротандықтар еліміз бойынша 8 ардагердің отбасына арнайы барып, олардың ұрпақ­тарымен кездесті. Аманша Меңдіғалиевпен бірге бұл қатарда атыраулық Жәмила Жұмашева, шығысқазақстандық Балтабек Жетпісбаева, тараздық Ыбырайым Сүлейменов, қостанайлық Қасым Ахметов, ақтаулық Исатай Сүйеубаев және павлодарлық ардагерлер Сембай Қалиев пен Қабыш Көктаев бар. Бұлар – жоғары наградаға ұсынылып, сол марапатын ала алмай кеткен ардагер ата-әжелеріміз. Әзірге тек 8 ардагер туралы нақты деректер мен мәліметтер бар. Алдағы уақытта партияның қолдауымен осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, жоғарыда айтқан жүзден астам ардагердің бәрі анықталатын болады. Осы бастаманың нәтижесі ретінде «Ерлік ешқашан ұмы­тылмайды» деген кітап басылмақ. Оған аталған ардагер әкелеріміз бен аталарымыз туралы жан-жақты мәліметтер, олардың ерліктері жайында тыңғылықты деректер енетін болады.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде Астанада тұратын өзге де Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Партия тарапынан құрмет көрсетілген ардагерлердің бірі Сейілбек Усин биыл 97 жасқа толады. Соғысқа 1942 жылы аттанған ол әйгілі Курск шайқасына қатысқан. Днепрден өтіп, Харьков, Киев қалалары мен Польшаны жаудан азат етуге өз үлесін қосады. Майдан даласында қайсарлық­тың жарқын үлгісін көрсете білген Сейілбек ата Берлинге дейін жеткен ардагерлердің қатарында. Соғыстан кейін білім беру ісі мен журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Жеті бала тәрбиелеп өсірген атамыз бүгінде олардан 23 немере, 26 шөбере сүйіп отыр.
– Біз көрген соғыс бүкіл адамзатқа зар­дабын тигізген ең сұрапыл да ауыры болды. Ондай зұлмат енді қайтып қайталанбасын. Жастар бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсініп, бір-біріне мейірімді болса, адамдар арасында алауыздық мүлдем болмаса деп тілеймін.


Қазір қандай оқу оқимын десең – өз еркің. Сондықтан жастар, сапалы білім алуға ұмтылыңдар. Біздің жастық шағымыз соғыспен қатар келіп, алдымызда Отан қорғау деген бір-ақ міндет болды. Сол үшін белді бекем буып, қолға қару алдық. Қазіргі тәуелсіз, бейбіт елде мамыражай өмір сүруімізді сол кездегі отты жылдардың, майдан даласындағы қантөгістердің өтеуі деп білемін. Осы бақытымыз баянды да ұзағынан болсын, – деген Сейілбек ата барша нұротандықтарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Екатерина Писареваны да арнайы құттықтады. Екатерина Степановна соғыс жылдары госпитальде жұмыс істеген. Майданға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберу жұмыстарына да араласты. Кейін Екінші Украина майданында қызмет еткен Екатерина әжей Жеңіс күнін Братиславада қарсы алды. Екатерина Писарева Қазақстанға көптеген тың игерушілермен бірге 60-жылдары көшіп келген. Екатерина әжей де партия өкілдеріне өзін елеп, ескеріп, құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, аналық алғысын жаудырды.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары ардагерлерді бүгінгі бейбіт заманымыздың кепілі болған Жеңіс күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық және қажымас қайрат тіледі.
– Сіздер ел басына күн туғанда еш тай­салмай ерен ерліктің ерекше үлгісін көр­сеттіңіздер. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде де адал еңбектеріңізбен еліміздің ес жиып, еңсе тіктеуіне үлкен үлес қостыңыздар. Сол үшін ерліктеріңізді дәріптеп, сіздерге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы мереке күні нұротандықтар еліміз бойынша екі мыңнан астам Ұлы Отан Соғысы ардагерінің үйлеріне арнайы барып құттық­тағанын атап өткен жөн. Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Жеңіс күніне орай тағы басқа да көптеген іс-шаралар өткізіп, тың баста­ма­ларды жүзеге асырды. Солардың бірі – «Ар­да­герлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қолға алынған «Қаһарман даңғылы» акциясы. Бұл бастама арқылы нұротандықтар мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері Ұлы Отан соғысының батырлары және ардагерлерінің есімдерімен аталған көшелерді абаттандырып, сенбіліктер өткізді. Аталған акцияға еліміз бойынша 6 мыңнан астам нұротандық пен жасотандық қатысты.
Осы ретте айта кетер жайт, бүгінде Қа­зақстанда Ұлы Отан соғысының батырлары мен ардагерлерінің есімдері берілген 1000-ға жуық көше бар. Ең көбі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Яғни, бұл өңірде Ұлы Жеңісті жақындатқан жандардың есімдерімен аталатын 300-ге жуық көше бар. «Қаһарман даңғылы» акциясы аясында бұл көшелердің барлығында көшет отырғызу, аулаларды қалпына келтіру, қоқыстардан тазарту сияқты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта бұл бастамалар дәстүрге айналып, нұротандықтар жыл сайын аталған игі істерді тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.

 

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз