ПРЕЗИДЕНТ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

758
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, өңірді дамытудың негізгі бағыттары және жұмыс сапарының қорытындылары бойынша облыс басшылығына берілген тапсырмалар жөнінде айтты.

– Тапсырмаларымның бәрі облыста толық орындалуда. Бұл өңірдегі жұмыстардың бас­тамасы жақсы деп санаймын. Үш жылда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек былтырдың өзінде 35 мектеп салынды, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Қазақстан Пре­зиденті «Бес әлеуметтік бас­таманың» өңірдегі іске асырылу барысына оң баға беріп, облыстың туристік әлеуетін дамыту қа­жет­тігі туралы айтты.
– Жұмыс сапарым барысында Ала­көлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін игерілмеген болатын. Оның инфрақұры­лымы да, қонақүйлері де болмаған еді. Бү­гінде бұл өңірде бизнес өкілдері бел­сенді түр­де жұмыс жасауда. Көлдің жа­ға­­сында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақүй салынды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі инфра­құрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспар­лары жөнінде әңгімеледі.
– Мемлекет керемет, жайлы «Алматы – Тал­ды­қорған» жолын салып берді. Бұл Алакөл арқылы Шығыс Қа­зақстанға апаратын өтпелі жол болады. Жол салудың арқасында көп жұмыс орны ашы­лады, – деді Мемлекет бас­шысы.
Сондай-ақ Елбасы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіш­тері оң қарқын алып отырғанын атап өтіп, облыстың даму бары­сына тоқталды.
– Алматы облысы әсіресе, аграр­лық салада, бәріне үлгі болып отыр. Өңір экономикасы 4,2 пайызға өсті, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс салалары өркендеп, іске қосылған әлеу­меттік нысандар көбейіп ке­леді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті облыс басшылығы тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін міндеттерге тоқ­талды.
– Облыстың бүкіл эконо­ми­касы 3-4 ауданда шоғырланған. Оның өзі тек өнеркәсіпті қамтиды. Осы аудандар өңір экономи­ка­сының 70 пайызын қамта­ма­сыз етіп отыр. Басқа аудандар баяу да­муда, осы мәселеге назар аудару керек, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірде мал шаруа­шылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сек­торын дамыту қажеттігі жөнінде айтты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*