Соғысқанмен көп қазақ, фильмдерде жоқ қазақ

1288
0
Бөлісу:

Сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін фильмдер жетерлік. Бірі  – дәл майданнан,   бірі – соғыс салған жарадан хабар береді. Әсіресе, КСРО кезінде түсірген туындылар жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында телеарналардан беріле бастайды. Сан түрлі тағдырды суреттейтін картиналардың мәні –  «ешкім де, ешқашанда ұмытылмайды». Бұл – аса ауыр тақырып. Өйткені соғысқа аттанған қалың адамның ішінде көбінің туыстары бар. «Ендеше,   ерлікпен жауға қарсы аттанғандар туралы картиналардан  неге өз бабамызды көре алмаймыз? Ол фильмдерде қазақ батырының көркем бейнесі неге аз?» сынды сауалдар көптің санасында сайрап тұр. Отандық туындылардың аз екенін былай қоя беріп, соғыс тақырыбындағы фильмдердегі образ мәселесін мамандармен талқыға салған едік. 

Соғыс туралы фильм тү­сірген отандық режиссерлер баршылық. Бұл ретте Мәжит Бегалиннің ерен еңбегін атап өту керек. 1967 жылы түсірілген «Артымызда – Мәскеу», 1969 жылғы «Мәншүк туралы жыр» режиссердің ғана емес, қазақ кинематографының жауһары саналады. Сонымен бірге, Лейла Аранышеваның «Ілбісіннің үш рет қарғуы» (1986 жыл) сынды туындысы бар. 2013 жылы Ақан Сатаев төрт бөлімнен тұратын Бауыржан Момышұлы туралы телефильм түсірген еді. Александр Бектің «Арпалысының» желісімен түсірілген фильмде басты рөлді Еркебұлан Дайыров сомдады. Сол жылы шыққан тағы бір туынды – Қазақстан, Ресей, Украинаның бірлесіп түсірген «Қасым» атты төрт бөлімді фильмі. Режиссері – Леонид Белозорович. 2016 жылы Ақан Сатаев «Анаға апарар жол» фильмін жұртшылыққа ұсынды. Ермек Тұрсынов соғыс жылдарынан сыр шер­­тетін «Киномеханик» туын­дысын түсіріп жатыр. Әлия Молдағұлованың ерлігін көрсеткен «Мергендер» фильмін қырғыз режиссері Болотбек Шамшиев
ұсынды. Басты рөлде – қырғыз артисі Айтұрған Темірова. Бұл фильм­де негізгі рөлдерде, эпизодтарда Қасым Жәкібаев, Байкенже Белбаев, Шәміл Жүнісов, Оразхан Кенебаев сынды отандастарымыз төбе көрсетті. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ресей 13 әскери-патриоттық фильм түсірген. 2017-2018 жылдары жарыққа шық­қан туындылар да аз емес. Бұл ретте «Бадабер қамалы» (2018), «Собибор» (2018), «Комиссар қыз» (2017), «Көктемге дейін үш күн бар» (2017) және т.б фильмдері ойға түседі.

Гүлзат КӨБЕК, киносыншы:

Соғысты көрсете беру – жақсы әдіс емес
Соғыс туралы фильмдерде қазақ образының аз болғаны бір жағынан жақсы. Неге? Өйткені соғыс болды, ол – тарихи дерек. Санаулы ғана фильмдер бар. Сол жеткілікті секілді. Иә, тарихта болған дүние, бүгінде уақыты өтті. Соғысты насихаттау ешқашан жақсы болмақ емес. Себебі, ол көптеген адамның, ұлттардың тағдырына қасірет әкелген. Сол үшін оны белсеніп, қазіргі заманда құлшынып жаңғырта беру тиімсіз. Айталық, бүгінде немістермен, орыстармен халықаралық қарым-қатынасымыз жақсы. Сол үшін ол тақырыпқа қайта-қайта бара беру керек емес. Саяси тұрғыдан бізге жақсылық әкелмейді. Кезінде түсірілген фильмдермен тоқтаған жөн. Мысалы, «Ана туралы аңыз» туындысы көпшілікке таныс. Соғыстың зардабын содан артық көрсеткен туынды жоқ. Онда күрестің қайда болып жатқанын, кім мен кімнің атысып-шабысып жатқанын көрсетпейді. Маңыздысы – соғыстың әкелген қасіретін көрсету. Адамның ішкі жан дүниесі, күйзелісі арқылы көрсетуді мақсат тұтты. Ол мақсат толықтай орындалды. Қазақ ұлтына, ауылдағы әйелге түскен ауыртпалық, тіршілік үшін күрес баяндалады. Ондай қақтығыстардың керек емесін, мағынасы жоғын түсіндіреді. Бір ғана ананың образымен ашып берді.
Енді қазақтар неге көрсетілмеді, экраннан неліктен өзге ұлттарды көрдік дегенге келейік. Бұл жерде, әлбетте саясат бар. Қазақтар соғысқа көптеп қатысты, қаншасы сол күйі оралмады. Көптеген фильмдерде ара-арасында, кей оқиғалардың ішіне кірістіріп көрсетеді. Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмінде соғысқа кеткен ұлының мәйітін Ресейден іздейді. Сол сияқты образдар іздесе, толып жатыр. Бірақ бұл – саяси соғыс. Не үшін қазақтар аз? Өйткені соғыстың өзі – Ресей мен Германия арасында. Осы екі ұлттың арасындағы қақтығыс. Кеңес үкіметінің қарамағында болғасын, мүддеміз бірікті. Ол жерде қазақтың соғысы болған жоқ. Империяның мүддесі үшін соғыстық. Сол соғысқа өзбек, қырғыз, әзірбайжан бәрі барды. Сондықтан қосалқы рөлдерде жүруіміз заңды. Соғыс тақырыбын түсіру, насихаттау жағынан Ресей маманданып алды. Үлкен мемлекетті жеңгенін мақтан тұтып, кино арқылы көрсетуді жолға қойды. Оның астарында да саясат жатыр. Киносыншы ретінде айтарым, неғұрлым көп насихаттаған сайын соғұрлым соғысқа деген қызығушылық оятамыз. Магнитше тартады десе болады. Әрі қазір басқа заманда өмір сүріп жатырмыз. Өткенді қозғай берудің қажеті жоқ.

Баубек НӨГЕРБЕК, кинотанушы:

Саяси астар бары анық
– Расымен де, соғыс тақырыбында түсірілген фильмдерде қазақтардың образы өте аз. Мұның қандай астары бар екеніне қатысты нақты әрі бір сөзбен жауап беру қиын. Бірінші кезекте, саяси астар жатқаны анық. Статистикаға жүгінсек, бізде соғысқандар аз емес. Алайда фильмдерде көп көрініс таба бермейді. Мысалы, Грузиямен салыстырып көрелік. Оларда соғысқа қатысқандардың саны бірнеше миллион ғана болды. Дегенмен екі туындының бірінде міндетті түрде грузин бейнесі бар. Осыдан-ақ саяси астардың барын байқай аламыз. Иосиф Сталин мемлекет басшысы болып тұрған кезде Грузияға көптеген мүмкіндіктер жасалған. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған сәтке дейін олардың дәурені жүріп тұрды. Айталық, субсидия мәселесінде ең жоғары көлемде алатын Грузия болатын. Демек, басымдық берілді. Сонымен бірге, Рейхстагқа туды кім тіккені жайлы көпке дейін айтылмай,Рақымжан Қошқарбаев екені кейін белгілі болды. Бастапқыда Егоров, Кантария және Булатовты дәріптеп келді. Кантария – грузин. Саяси шешім деуімізге тағы бір себеп. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі фильмдерде неге қазақтар аз дегенге келейік. 316 атқыштар дивизиясы Мәскеуді құтқарып қалды. Оның ішінде де біраз қазақ бар. Мысалы, 28 панфиловшылар туралы түсірілген фильмде қазақ батырлары аз-маз көрсетіледі. Бірақ мықты бейнелер суреттелді деуге келмейді. Әйтеуір бар, көрсетілді дегеннің кебі. Жауынгерлер арасында мынадай диалог бар:
– Мен орыс емес, қазақпын ғой.
– Қазір бәріміз Қазақстан үшін соғыссақ, қазақ болар едік.
Осылай ғана келтірген. Естуімше, Қазақстан мен Ресей бірлесіп, соғыс тақырыбында тағы бір жобалар қарастырып жатқан көрінеді. Қасым Қайсенов туралы туынды түсірілген. Бірақ бұл – өте аз.
1985 жылы қырғыз режиссері Болотбек Шамшиев «Мергендер» фильмін көрерменге ұсынды. Әлия Молдағұлова бейнесін қырғыз актрисасы сомдады. Қазақ қызы неге түспеді деген сауалға жауап беріп қажет емес болар. Бәлкім, режиссерге қырғыздармен жұмыс жасаған қолайлы болған шығар. Бастысы, көпшілікті мазалайтын «Неге қазақстандық режиссерлер түсірмеді?» дегенді талқылап көрейік. Фильм түсірілген жылдары Қазақстанда тоқырау кезеңі болып жатқан. Өйткені режиссерлердің аға буыны өмірден өткен уақыт еді. Мысалы, Шәкен Айманов 1970 жылы, Мәжит Бегалин 1978 жылы қайтыс болды. Сұлтан Қожықов 1989 жылы дүниеден өткенімен, 1985 жылдары науқастанып, жұмыс жасамады. Жас буын әлі келмеді. Сол мақсатта Мәскеуден мамандар шақыртып, арнайы курс қабылдатты. Оның алғашқы түлектері 1988-1989 жылдары бітірді. Сергей Соловьев келіп дәріс берген. Орта буын режиссерлері басқа тақырыпта түсіріп жүрген еді. Тығырықтан шығар жол іздеп, ақыры сырттан мамандар тартты. Қырғызстан, Түркіменстаннан режиссерлер келді.
Соғыс тақырыбын қаузай беру, кино түсіруді көбейтуге қатысты айтар болсам әрине, бұл тақырып қозғалуы керек. Өйткені соғысты емес, бірінші кезекте жеңісті ұлықтаймыз. Соғыс өзі қалай болды? Өзіміз шабуылдаған жоқпыз, бар болғаны қорғандық. Нәтижесінде, жеңіп шықтық. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әскери фильмдер қажет. Жыл сайын түсіруге кадр да, қаражат та табылмасы анық. Бірақ кем дегенде он жылда бір түсірсе, құба-құп. Соғысты тек майдан түрінде емес, адамдар тағдыры арқылы да көрсетуге болады. Себебі, тақырыптың аясы өте кең. Әлі талай шедеврлер туады деп сенемін. Мысалы, «Анаға апарар жолды» алайық. Соғыс бейнесі өте сәтті көрсетілген. Қасірет, соғыс сахналары жақсы бейнеленген. Ол – бюджетінің өте жоғары болуының арқасында. Өзімізде жоқ мамандарды сырттан әкелдік дегендей. Беларусь еліне барып, соғыс болған жерлерді көріп, тарихшылармен кеңесті. Өте көлемді жұмыс атқарылды. Соның арқасында сапалы шықты. Демек, егер рух оятатын дүние керек болса, соған сай мамандар мен қаражат қана керек.

Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы:

Ерлік мадақталуы тиіс
Миллиондаған адамның өмірін жал­мап, біреуді жесір, біреуді жетім еткен жаһандық зұлмат соғыс тақырыбы – әлем үшін мәңгілік ортақ тақырып. Аталмыш тақырыпқа камера көзімен үңіліп, қан­ды майданды көгілдір экран арқылы бейне­леген төл туындыларымыз да жоқ емес. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ұлы батырларымыз жайлы жырлайтын ерекше атап өтуге тұрарлық туындылар ретінде қазақ халқының қайта­ланбас қолтаңбасымен ерекшеленетін ұлы режиссері Мәжит Бегалиннің «Ел басына күн туса» («Қазақфильм», 1967 ж.), «Мәншүк туралы дастан» («Қазақфильм», 1969 ж.) фильмдерін айтуға болады. Май­данды өз басынан кешкен киногер соғыс тақырыбына ерекше эстетикалық сипат енгізіп, батырлардың рухын суреттей білген. Өкінішке қарай, оның Бауыржан Момышұлының қаһарман бейнесін шынайы аша білген «Ел басына күн туса» атты фильмі ұлттық рух көзделген деген айыппен алғашында сөреге қойылып, республика басшылығының араласуымен 1968 жылдың 8 мамырда, Жеңiс күнi қарсаңында ғана прокатқа шыққан. Отанын қорғау мақсатында нәзік, талдырмаш қыздарымыз да қолдарына қару алып, жауына қарсы аттанғаны белгілі. Осы орайда, Мәжіт Бегалиннің 1969 жылы түсірілген «Мәншүк туралы дастан» атты көркем туындысында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың батыр болмысы бейнеленген. Батырлардың әрқайсысының ерлігі мадақталып, тағдырлары кинотуындыларға негіз болуға әбден лайық.

 

Жадыра  АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*