Естайдың «Иірімі»

868
0
Бөлісу:

Ұлттық кітапханада Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, ақын Естай Әлікеевтің «Иірім» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Күлайша Ұзақбайқызы басқаратын «Аннұр Сапа» баспасынан жарық көрген топтама өнер иесінің өз оқырмандарына деген екінші тартуы. Осыған дейін өлеңдер мен терме-толғаулары, ғұмырнамалық поэма мен әнге жазылған өлеңдері, пәлсапалық ұғымдары мен мақал-мәтелдері енген «Шер» атты кітабы оқырман қолына тиген болатын. Автордың кезекті еңбегіне ой-толғамдары мен бір қайырымдары және соңғы жылдары жазылған ән-өлеңдері топтастырылған.
Жаңа жинақтың тұсауын ақын Шөмішбай Сариев пен кәсіпкер Сабыржан Молдаханов кесіп, құтты болсын айтып, жылы лебіздерін білдірді.


 

Академик Мұхтар Байбатшанов пен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Арай Жүндібаева ақын шығармашылығына талдау жасады.

 


Арай Қанапияқызы әуелі  Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіровтің құттықтауы мен жылы лебізін жеткізіп, сый-сияпатын тапсырды.

Бағдарлама барысында кеш иесінің әндері шырқалып, өлеңдері оқылып, төрт тағандары тыңдалды.  Абзал ана Әйкен Күдербекова арналған әуезді әнді Айсұлу Мүсірәлі орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

 

 

 


Естеріңізге сала кетсек, Естай Әлікеев – 1971 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақтүбек ауылында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің филология факультетін бітірген. «Тағдырым мені, кешірші», «Анама», «Жүрегім – сазды сандығым», «Естай Әлікеевтің әндері», «Ән-жүрегімде», «Әзірге айтарым» сияқты жинақтары жарық көрген. 100 ден астам лирикалық және патриоттық әндердің авторы. Шөмішбай Сариев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне баса назар аударады. Әндерін қазақ эстрадасының шоқ жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дильназ Ахмадиева, «Каспий» тобы, «Нұр-Мұқасан» тобы, Есет Сәдуақасов, Динара Қырықбаева, Айкерім Қалаубаева, Өмірқұл Айниязов, Дина Хамзина, Қайыржан Бердібаев және басқа әншілер орындап жүр. Балаларға арналған өлеңдері бір төбе. Өлеңдері республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Бірнеше мәрте республикалық, халықаралық ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанған.
Естай Аликеевтің әндері – Отан, туған ел, өскен орта, ата-ана және сезім мен сырға толы лирикалық тақырыптарды қамтиды. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің мәдениетінің дамуына, ұлттық құндылықтардың кеңінен насихатталуына қосар өзіндік үлесі мол. Туындылары жастарды патриоттық сезімге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырып, сондай-ақ өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу тұрғысында үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Өзгені қайталамайтын ерекше қолтаңбасы арқылы тыңдармандар сүйіспеншілігене бөленіп, шығармашылық ізденіс пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп жүр. «Жаса, мәңгі қазағым», «Жақсы-жаман», «Талдықорған», «Ақ тілек», «Семейім», «Мына дүние», «Өкінбе», «Сен ғана», «Абылайхан»  ән-термелеріне бейнебаян түсірілген.

Естайдың «Иірімі»:

Алладан басқа сенерім жоқ,
Басқаны Аллаға теңерім жоқ.
***
Адамдар, есірген ұранға сенбе,
Алла түсірген Құранға сен.
***
Жылан тілімен қорқытып,
Тісімен шағады.
Адам түрімен қорқытып,
Тілімен шағады.
***
Сөзге – шешенді жұмса,
Іске – шеберді жұмса.
***
Күрек – қазарда керек,
Қалам – жазарда керек.
***
Атасы бар үйдің, батасы бар,
Өсиетін тыңдау керек.
Тілегі бар жастың, білегі бар,
Жігерлендіріп, шыңдау керек.


***
Дәулет қонарда жігіттің,
Құмайы құлан алар,
Бәйгені құнаны алар.
Төбеті арлан алар,
Бүркіті арқар алар.
***
Табаның тасқа тілініп,
Жүрсең де жиі сүрініп.
Болуы тиіс адамда,
Жетелер алға бір үміт.
***
Әтеш шақырып,
Бұлбұл бола алмас.
Есек ақырып,
Дүлдүл бола алмас.
***
Қасапшыға кезіксең,
Бұзып-жарып, сойғанын айтар.
Қарақшыға кезіксең,
Атып-қырып, жойғанын айтар.

***
Еңбексіздің мұңы жоқ,
Адам сүйер құны жоқ.
***
Болатын адам әрқашанда,
Еңбек қылады.
Болмайтын надан әр нәрсені
Ермек қылады.

***
Кедейлік – кер тартады,
Науқасты – жер тартады.
***
Ауру –  жүйкені кетіреді,
Жүйке – ұйқыны кетіреді.
***
Анық басқаның ұмытылса да,
Шалыс басқаның ұмытылмас.
***
Айналаң қадірлесін десең – биікте,
Айналаң дұшпан болмасын десең – құлама.

Толығырақ «Айқын» газетінен оқисыздар.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бейнекөрініс автордыкі

Фото: Айтжан Салықұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*