Ұрылар өріп жүр

1063
0
Бөлісу:

Жүк тасымалын ұйымдастыратын компания өкілдері  елімізде жүк ұрлаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп тұжырымдайды.  Тыңғылықты дайындалған алаяқтық жүйенің  кесірінен  кәсіпкерлер  миллиондаған  шығынға батқан.  Өздері алаяқтардың ізіне түскенімен, құқық қорғау органдары  ізін суытпай тергеуді қолға алмай отырған көрінеді. Осыған байланысты арнайы баспасөз-жиынын өткізген 7 компания өкілдері, айлакерлерге  алданғандардың қатары әлдеқайда көп дейді.

Алаяқтар қалай жұмыс істейді?

Өткен жылдың ақпан айынан  алаяқтар Қазақстан бойынша тасымалданатын жүктерді интернет пен мобильді байналыс арқылы қолды қылған. Олардың келтірген шығыны 120 миллион теңгені құрап отыр. Ұрланған заттар  – сұранысқа ие, қара нарықта тез өтетін тауарлар. Оның ішінде азық-түлік, жаңғақ, жез кабель, бос сыра бөшкелері, косметика бар. Барлығы бір жүйе бойынша жұмыс істейді екен. Тасымалдауды ұйымдастырушы  компанияға көлік иесі ретінде хабарласса, көлік иесіне  тасымалдаушы ретінде байланысқа шығады.

– Арнайы  интернет-сайттарға жүк тасымалдаушы ретінде тіркеліп,  тапсырыс алады. Жүк таситын көліктерінің техпаспортын,  бүкіл  құжаттарын жібереді. Біз ол көлікке сенімхат жібереміз. Ал көлік иесі өзі барып, жүкті тиеп алады. Алайда өзін экспедиторлық компания өкілі ретінде таныстырған алаяқтар діттеген жеріне жеткізбей, көлік жұргізушісіне «бағыт өзгерді» деп, жол-жөнекей басқа көлікке тиеп жібереді. Біздің жағдайда жүгіміз нақты мекен-жайына бармай, Орал  маңынан басқа жаққа кетіп қалған. Көлік жүргізушінің үстінен арыз түсіргенбіз, тергеушілер сұраған шақта ол кімге жүкті тиеп жібергенін білмейтін боп шықты. Бұл жерге жиналған кәсіпкерлер бір алаяқтық топтың алдауына түскен. Құжаттарының WhatsApp  желісі арқылы жіберетіндіктен, оның жалған екенін тексеруге мүмкін болмайды.  Егер құжаттарды қол қойылған қағаз түрінда сұратып отырсақ уақыт жоғалтамыз, – дейді  «RG Global» ЖШС құрылтайшысы Данияр Қабылбеков.

Арыз неге қаралмайды?

Жүк ұрлаумен айналысатындардың  ұстайтын байланыс операторы да бір, тек соңғы 4 санында айырмашылық бар. Шамамен 200-ден аса SIM-карта сатып алынған. Зардап шегушілердің айтуынша, осы нөмірлер арқылы  да табуға болады.   Аталмыш компаниялар бірлесіп, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне арыз түсірген. Алайда қанша уақыт өтсе де, іс орынан қозғалар емес.  Өйткені полицияға қолдағы келісім-шартты көрсеткенде, азаматтық сотқа жібереді, ол жақта алаяқтық анықталған соң, іс  қылмыстық сотқа қайтарылады. Осылайша тұйық шеңберді айналып жүргенде, қылмыстық топ тасымалдаушыларды тақырға отырғызып жатыр. Кәсіпкерлерді осыншама шығынға батырып отырған алаяқтардың ішкі істер құрылымдарында байланысы болуы мүмкін деп те күдіктенеді.

– Біздің қолымызда көптеген ақпарат бар, көлік пен ұялы телефонды пайдаланып отырған адамның кім екенін де білеміз. Өз күшімізбен жүкті тасыған көлік пен жүргізушісін, тауар түсірілген қоймалар мен үйлерді таптық. Бірақ одан әрі әрекет етуге біздің құзыретіміз жоқ. Осы іспен айналысуы тиіс құқық қорғау орындары қозғалар емес. Түсірген арыздан еш нәтиже жоқ, не қылмыскерлер ұсталмады, не шығын қайтарылмады.  Кәсіпкерлер тартып жатқан шығынның көлемі орасан, жүк деген вагон-вагонымен жоғалып жатыр. Алаяқтықпен келген миллиондар ішкі істер қызметкерлерін сатып алуға мүмкіндік береді,­– дейді Тranz.kz компаниясының өкілі Жомарт Есентүгелов.

Алаяқтардың айласына түскендердің қатары бұдан да көп болу мүмкін. Нарықта ұзақ жылдар жұмыс істеп жатқан компаниялар  жақсы аттарына кір келмес үшін, келген шығынды өздері жабуға мәжбүр. Осылай жалғаса берсе, Қазақстанның транзиттік ел ретінде қалыптастырып жатқан имиджіне нұқсан келуі мүмкін. Өйткені ұрланған жүктер тек ішкі нарыққа қана емес, шетелдерге тасымалданатын тауарлар. Осы орайда тасымалдаушы компаниялар бұл іске қатысты бүкіл құжаттарды біріктіріп, тәжірибелі тергеушілерден тұратын тергеу тобын құру қажет деп санайды.

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*