Шүкеновтың жаңа 11 әні жарыққа шығады

410
0
Бөлісу:

«В нас вселяют любовь» атты Батырхан Шүкеновтың еш жерде орындалмаған 11 әні енген альбом 20 мамыр күні жарыққа шығады. Бұл жайында қор директоры Олжас Байқанов мәлімдеді.

– Соңғы жылы біз Батырдың жаңа альбомы бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жинаққа бұрын-соңды ешкім естімеген 11 жаңа әуен енді. Ал, 20 мамыр күні Мәскеуден әндер жинақталған диск жеткізіледі. Бұл жинаққа Қазақстан ғана емес, көптеген елдердің мамандары бірлескен үлкен топ жұмыс жасады, – деді Олжас Байқанов.

Сонымен қатар, Батырхан Шүкеновпен тығыз әріптестік жұмыс жасаған композитор Ринат Гайсин әншінің тағы да бірнеше әнін өңдеп, жаңартып шығаратынын жеткізді.

– Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс жасадық. Мен Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Мәселен, осы конкурста оған арнап жазған «Астана» әні орындалады. Конкурс аяқталған соң, мен Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы Батырдың бірнеше әнін жаңартып, қайтадан өңдеймін. Қандай ән екенін әзірге айтпаймын, құпия болып қала берсін, – дейді Ринат Гайсин.

«Отан-Ана» байқауынан сон облыс орталығында Батырхан Шөкенов ескерткішінің ашылу рәсімі өтеді. Дара әншіге арналып ас беріліп, құран бағышталады. Ал, конкурс жеңімпаздары мен кеш қонақтары орталық алаңда гала-концерт беретін болады, деді ұйымдастырушылар.

Жаңа альбом Батырдың есімін ел жадында мәңгі жаңғыра беретін болады.

Айта кетейік, Сыр елінде әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкенов атындағы «Отан-Ана» атты ІІ республикалық әншілер конкурсының І кезеңі басталды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған әншілер байқауына 25 үміткер бақ сынасуда.

 Конкурс талабы бойынша, қатысушылар 2 ән орындайды, оның бірі Батырхан Шүкеновтың репертуарынан болуы керек.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Қызылорда.

Бөлісу:

Пікір жазу


*