«Ерлік» мемориалдық кешені – ел тарихы

163
0
Бөлісу:

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен және тікелей қолдауымен облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, толық жөндеуден өтті. Жамбылдықтардың көңілінен шыққан игілікті іске 300 жұмысшы мен 50 техника күші жұмылдырылды. Қысқа уақытта қарқынды жүргізілген жұмыстың нәтижесінде саябақ жаңа келбетке енді.


Саябақ маңындағы І.Жансүгіров көшесіне қосымша тағы бір жолақ қо­сылып, кеңейтілді. Мемориалды кешен­нің кіреберісіне мәрмәрдан сәні мен салтанаты жарасқан екі аркалы арнайы қақпа орнатылған. Бұл жұмыстардың дені – 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңын­да аяқталып, аймақтағы мереке осы саябақта ауқымды түрде аталып өтті. «Ерлік» мемориалдық кешені осы қақпадан басталады. Расында, қақпадағы жазуларға қарап саябақтың атауы өзгерді деу – қате. Саябақтың заты өзгергенімен, аты сол қалпында: Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы. «Ерлік» мемориалды кешені – соның ажарын ашқан ажырамас бір бөлігі. Кешенге кіреберістегі «1941-1945» деген жазу көзге оттай басылады. Бұл – сонау сұра­пыл жылдардың уақыт өлшемі. Осы аралықта қаншама бала әкесіз қалды, қаншама боздақ жар сүймей, қыршы­нынан қиылды десеңізші! Ойландырады, толғандырады. «Сол жылдар қайта келмесе екен» деген тілек көңілге дем береді. Соғыс жылдарын суреттеген жазулар биіктігі 50 сантиметрлік танкке қарсы қалқан темірден жасалған. Ені – 4 метр. 20 миллиметрі гранит плиталары­нан жасалған. Түбі монолит бетонмен бекемделген. Осы саябаққа кірген әрбір тұрғын сұрапыл жылдардың сұмдықта­рын санасына бір жаттап өтері сөзсіз… Саябақтағы «Ерлік» мемориалды кешені сонау жылдардан сыр шертеді. Мұндағы әр сәулеттік ескерткіш асқан шеберлік­пен, дәлдікпен һәм ыждаһаттылықпен жоспарланған. Бірін-бірі толық­тырып тұратын үйлесім тапқан. Бұған дейін қаланың әр бұрышында шашы­раңқы орналасқан Жеңіс символдары бір кешенге тоғысты. Соның бірі отты жылдар шежіресінің басты көрінісі – «Мәңгілік алау» кешенінің қақ ортасынан орын алды. Жай ғана көшіре салынған жоқ, тура 9 мамыр күні барлық сән-салтанатымен арнайы көліктермен әкелінді. Енді бұл алаңға батырлардың ұрпақтары әр сәт сайын келіп, тағзым етіп, гүл шоғын қойып, еске алатын бо­лады. Кешенді аралаған сайын сәулеттік композиция шарықтау шегіне шыға береді. «Ерлік» мемориалды кешенінің басты символы – батыр Баукеңнің ескерткішінің саябақтың қақ ортасынан орын алуы. Жауынгерлердің рухани тірегіне айналған даңқты жерлесіміз Б.Момышұлының еңселі тас мүсіні тұғырға қойылды. Шындығында, бір­неше жыл облыстық театрдың алдында «түсініксіздеу» тұрған айбынды батыр­дың сом мүсіні орнын енді тапқандай. Бұл пікірді біз емес, кешегі мерекеге жи­налған Жамбыл жұрты ерекше ықы­ласпен, қуанышпен айтты.
Ескерткіштің қос қанатында екі бөлік­тен тұратын «Батырлар аллеясы» қапталдаса орналасқан. Монументтің қабырғалары сәл майыса иіліп, алтын жалатылған түстей ерекше көрініс беріп тұр. Ал қабырғалардың ортасы «Қызыл жұлдыз» орденінің пішінінде Кеңес Одағы Батырларына берілген. Биіктігі – жерден санағанда 3 метр. Көлденеңі 5 метрден асады. Әр бағананың ортасына Кеңес батырларының есімдері қашалып жазылған. Кешеннің келбетін ашқан мұндай монумент Таразда тұңғыш рет бой көтеріп отыр.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бұл – ақиқат! «Ерлік» мемориалды кешенінің осы тұсын аралап жүріп қанатты сөз ерік­сіз еске түседі. Жан-жағында – майдан­гердің есімдері қашалып жазылған мәрмәр қабырғалар. Жамбыл облысынан 100 мыңнан аса жауынгер майданға аттанған, бұл – солардың есімдері. Бұған дейін небәрі 60 мыңдай ғана жауынгердің есімі белгілі болса, облыстық әкімдіктің арнайы комиссиясы БАҚ арқылы майдангерлердің бүгінгі ұрпақтарына хабар беріп, қайта жинақтады. Штаб тиянақты түрде жұмыс жасады. Нәти­жесінде, 6 колоннаға 105 мыңнан аса азаматтың аты-жөні жазылды. Мұндағы жазулардың арасындағы бос орындар да тегін емес. Өйткені іздеу, жинақтау, жұ­мыстары жалғасады. Жаңадан табыл­ғандардың есімдері осы бос орындарға түседі. Бұл – Ұлы Отан соғысына қа­тысу­шыларға қатысты игілікті істер. Болашақта бұл кешен он есе көркейіп, кереметтене түспек. Оны саябақта орналасқан эскиздік жобадан айқын көруге болады. Бас жоспар бойынша бұл маң тарихи Тараздың ең айтулы орнына айналады. «Ерлік» кешенінен бөлек, тыл, соғыс ардагерлерінің кездесуін ұйымдастыру үшін музей бой көтереді. Саябақта жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған қару-жарақ техни­каларынан интернационалист-жауын­герлерге арналған мемориал орнатылады. Бұрындары саябақта орнатылған Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары мен Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа қатысушыларға арналған ескерт­кіштер орны ауыстырылып, нысанның келбеті қайта өңдеуден өткізіледі.
Өңір басшысы Асқар Мырзахметов осыдан бір ай бұрын дәл осындай кешен ашамыз, сол кешенде Жеңіс күнін тойлаймыз дегенде, біреу сенді, ал біреулердің күмәнмен қарағандары да бар. Алайда «көз – қорқақ, қол – батыр». Білікті басшы талабын орындата білді. Нәтижесінде, мәдени-рухани саябақ сән-салтанатымен бой көтерді. Бір ай бойы құрылысшылар күндіз-түні тын­бастан тер төкті. Қыруар құрылыс мате­риалдары әкелінді, гүлзарлар отыр­ғызылды. Бірақ мұның барлығы болашақ ұрпақ үшін, батыр бабаларымыздың рухы үшін жасалған жемісті дүние екені белгілі.
Еңбегі еселенген құрылысшылар да, Жеңіс күні мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге үлес қосқан мәдениет қызмет­керлері де, полиция сарбаздары да ұмыт қалмай, облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Нағыз марапат – Жамбыл жұртшылығының ризашылығы. Қалай дегенде де, тараздықтардың жиі бас қо­сатын аймағына айналып үлгерген сая­бақта алдағы жұмыс бұдан да ауқымды, өзекті. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Билік тарапынан қолдау барда, ол жұ­мыстардың да нәтиже беріп, көпшіліктің көз қуанышына айналар уақыт ұзақ емес.

Ерман ӘБДИЕВ

Тараз қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*