Қош келдің, Құран айы!

407
0
Бөлісу:

Айлардың ішіндегі ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі – Рамазан. Күллі мұсылман қауымы асыға күткен мезгіл де келіп жетті. Бұл айда шайтандар кісенделіп, амалдары құриды. Жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады. Сауабы сексен үш жылға тең Қадір түні де осы айда. Құран айына аяқ басар алдында, «Айқын» газетінің шаңырағында Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай мен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әлиұлы қонақ болды. Көкейдегі көп сауалдар қойылып, оразаға даярлық пысықталды.
Газетіміздің бас редакторы Нұртөре Жүсіп алғысөзін бастап берген кездесу еркін форматта өтті. Кейіннен қонақтар оразаның сауабын айтып, оған қатысты сұрақтарға жауап берді. «Рамазан – ай­лардың сұлтаны. Құранда Алланың құзы­рында аспан мен жер жаратылған кезде ай 12 болып бекітілгені туралы айтылады. Алла Тағала тағы бір аятында «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрын­ғы қауымдарға, үмбеттерге ораза парыз болғаны секілді сендерге де міндет болды» дейді. Ғұламаларымыздың барлығы оразаның мұсылмандар ойы­нан шығарған құлшылық емесін, тарих­тың таңынан бастап, бізден бұрын­ғылар ұстап келген ғибадат екенін айтады. Оразаның мақсаты жоғарыдағы аятта көр­сетіліп отыр. Жалпы, шариғаты­мыз­дың қай құлшылығы да түбінде та­қуалыққа бастайды. Дін дегенде на­мазды, зекетті, оразаны, Құран оқу, жа­назаны ойлаймыз. Бірақ Пайғамба­ры­мыздың (с.ғ.с) еш жерде дінді нақты бір анықтама арқылы бергенін көрмей­міз. Дегенмен мынадай сөзі бар: «Дін – насихат». Ғұламалар осыдан шығарып, аталған хадиске негіздеп тағы бір қағи­даны ұсынады: дін – ол мәміле, дұрыс қарым-қатынас. Насихат деп айтып отырғаны – жаныңдағы адамға жанашыр болу. Сол адамның қиындығын бірге көруге тырысу, жанын түсіну. Егер қасы­ңыздағы жанның жақсы болуын қала­масаңыз, насихат айтпайсыз. Демек, ораза, намаз, қажылық, зекет дегеннің бәрі қоғамдағы мұсылмандардың, қоғам мүшелерінің бір-біріне қамқор болуына апаруы керек. «Сендер тақуалық етулерің үшін ораза парыз болды, амал етерсіңдер» деп аятта айтылып отыр. Яғни, осы айда көркем мінезді қалыптас­тыру керек.
Рамазан – сабыр­дың айы. Расымен де, таң атқан­нан кеш батқанға дейін нәр татпаймыз. Алдыңызда тамақ толып тұр, жетеді. Сондай-ақ ешкім жоқ жерге барып жеп алсаңыз да мүмкіндік бар. Бірақ сіз өзіңізді одан шектейсіз, тыясыз. Өйткені Алла бәрін көріп тұр. Ендеше бұл сабыр емей немене? Ораза – шүкір айы. Әр адам «Алла тағаламен қарым-қатынаста жүрмін, әр мезетім құлшылық ретінде жазылып жатыр» деген сезімде жүретін болса, адам шүкіршілік етуді үйренеді. Қазақта шүкірді «Қолда барда алтынның қадірін біл» деп келтіреді. Сізде денсау­лық бар, еліңіз аман, бала-шағаңыз, біліміңіз бәрі бар – шүкір. Алла тағала «шүкір еткендерге артығы­мен беремін» дейді. Яғни, мен берген қасиеттерді бағаласаңдар, оны аялап, сақтаудың шараларын жасасаңдар, арттырып беремін деп отыр. Бұл дүние ақыретке азық жинау үшін берілген. Ораза ұстаған адамның екі қуанышы болады: бірі осы өмірде аузын ашқан кезде және екіншісі Алламен дидарласқан уақытта ораза­сының сауабын көргенде. Ендеше, әр ме­зетін құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!» деді Алматы қаласы Орталық ме­ші­тінің бас имамы, қари Еркінбек Шоқай.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Бауыржан Әлиұлы қойылған сауалдарға қатысты көп зерттеу жасаған екен. Мәселен, «мұрынға дәрі себуге бола ма?» деген сияқты сұрақтарды ша­ри­ғи тұрғыда түсіндіріп, басын ашып берді. «Адам баласының әрбір істеген іс-әрекеті, амалы – өзі үшін, оразадан басқасы. Ол – Алланікі, оның сыйын тек Жаратқан ғана береді. Ғалымдар осы тұрғыда көп ойланған. Алланың бұлай айту себебін ғұламалар қалай түсінді­ретінін айта кетейін. Оразаны Пайғам­барымыз (с.ғ.с) бір хадисінде сабыр деп атаған. Ал сабырдың үш түрі болады: басқа түскен қайғы-қасіретке, құлшы­лық жасау үшін және Алланың тыйым салған ісінен аулақ болу үшін сабыр керек. Осы аталған үшеуі де оразада бар. Өйткені біріншіден, оразада қарның ашады. Ол өте қиын. Екіншіден, Жарат­қан бізге таңнан кешке дейін еш нәрсе жемей, құлшылық жаса деп бұйырды. Оған, әлбетте, сабыр керек. Үшіншіден, Алла Тағала күнделікті жеп жүрген, адал деп санаған дүниесін ішуге тыйым салды. Оған шыдау үшін тағы сабыр қажет. Мінеки, барлық түрін қамтыған­дықтан, Алла оның сыйын бөлек деп айтқан. Мысалы, намаз оқу үшін де сабыр керек. Бірақ ол ұзаққа созыл­майды. Намаз уақытында сөйлеуге, ішіп-жеуге болмайды. Ол да қысқамер­зімді. Ал ораза ұзақ уақытқа жалғасады. Пайғамбарымыздан риуаят етілген тағы бір хадисінде «Адам баласының жасаған іс-әрекеттерінің барлығы өзі үшін кәфәрат болады» дейді. Ол не деген сөз? Яғни, әрбір адам қандай да бір жақсылық жасаса, кейін Алланың алдына барғанда жасаған қателіктерін жақсылықтары жабады екен. Тек ораза онда кірмейді. Ол – Аллаға тиесілі, сыйы да содан.
Жәннатта «Райан» деген қақпа бар. Оған тек ораза ұстағандар кіреді. Барлы­ғы кіріп болған соң қақпа жабылып, одан кейін ешкім кірмейді дейді. Маһшарда құлдардың бәрі жиналып жатқанда, ораза ұстаған­дарды бөлек кіргізіп жатқанын көріп, ораза ұстамағандар шырылдап «Мына­лар сонша не істеді? Қайда кетіп жатыр?» деп сұрайды екен. Сонда Алла: «Сендер ішіп-жеп жүргенде олар мен үшін су­сын­нан бас тартты. Сендер астың кере­метін жеп жүргенде бұлар менің разы­лығым үшін нәр татпады. Сондық­тан сендер тең емессіңдер» деп айтады дейді. Әркімнің лайықты сыйы болады. Демек, ораза ұстаушыларға тиісті сауабы бе­ріледі, Алла қаласа. Құлшылықтарыңыз қабыл болсын!» деді ол.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*