Павлодарда «Ұлы дала елі» этнофестивалі өтеді

496
0
Бөлісу:

Биылғы  жылы Павлодарда «Ұлы дала елі» этнофестивалі үшінші мәрте өткізіледі. Қазақстан мен өзге елдерден ондаған мың қонақты жинайтын мереке үш күн қатарынан өтіп, жұртшылық қызықты думанға бөленбек.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан 183 жобаға 11 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді, оның ішінде 6,7 миллиард теңге демеушілерге тиесілі екенін айтты.

Үстіміздегі жылы Павлодар облысында ғаламат іс-шаралар өткізілмек. Атап айтар болсақ, аймақта мультимедиалық мұражай кешенін, 1200 орындық концерт-холл, екі ауылдық Мәдениет үйін, жеңіл атлетика және футбол манеждерін, мұз сарайын, 50 метрлік олимпиада басейнін және Олпиадалық резерв даярлау орталығын салу жоспарда тұр. Сонымен бірге, облыстағы ауыл кітапханаларында коворкинг-орталықтарын құру арқылы оларды жаңғырту көзделіп отыр. 1 қазанға дейін Ертіс-Баян өңірінің 3 қаласы мен 10 ауданында 20 коворкинг-орталықтың тұсауы кесіледі.

Сонымен бірге, биыл Павлодарда халықаралық «Ертіс Cinema» кинофестивалін өткізу көзделуде. Қазіргі таңда жақын шет елдерден 40-тан астам өтініш келіп түсті. Биылғы жылдың ең басты ұлттық-мәдени шарасы «Ұлы дала елі» этнофестивалі болмақ.

– Өткен жылы этнофестивальге 70 мың адам қатысты, – деді Болат Бақауов. – Олардың ішінде Ресей, Қытай, Монғолия елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз да болды. Этнофестивальде өткен кездесу барысында біз оларды толғандырған мәселелерді талқыладық. Сонымен бірге, биыл біз өңірімізде дүниеге келген атақты жерлестеріміздің  мерейтойларын атап өтеміз. Олардың ішінде: Бұқар жыраудың 350-жылдығы, Мұса Шормановтың 200-жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  160-жылдығы, әнші Естайдың 150-жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы. Барлық мерейтойлардың басын біріктіретін республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Ұлы дала елі» фестивалінде өтеді.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының әкімі киелі орындардың көпшілігі шоғырланған Баянауыл ауданын дамыту жоспарларымен бөлісті. Ағымдағы жылы Баянауылға апаратын жолды жөндеу жұмыстары қолға алынады. Сонымен бірге, Мәшһүр Жүсіп әулиенің кесенесіне апаратын жолды абаттандыру да жоспарланып отыр.

 Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*