Атақты адамдар неден қорқады?

267
0
Бөлісу:

Өмірден өткен атақты адамдардың тағдырына қарап отырсаңыз,  талайында таңқаларлық жайт өте көп. Қаншама танымал болса да, олардың бойында үрей бар. Мысалы, орыстың белгілі ақыны Владимир Маяковский инфекция жұқтырып алудан өлердей қорыққан десе, сіз сенесіз бе?

Наполеон Бонапарт ақ боз атқа мінгісі келмеген. «Жылқы ішінде ала жүр» қазақ атам айтпақшы, Наполеон да  мініске, қыдырыстап серуендеп шығуға басқа түсті атты таңдаған. Қаншама атақты танымал болғанымен, олар да адам баласы. Дегенмен үрей мен қорқыныш талай адамның бойында бар. Одан өмірінің соңына дейін құтыла алмауы ықтимал. Ал олардың қасында атақтылардың қорқынышы кейде тіпті күлкілі болып көрінуі мүмкін. Сонымен…

Орыстың белгілі жазушысы Николай Гоголь өлімнен қорыққан. Мезгілінен бұрын өмірден өту,  Гоголь үшін ауыр  әрі қорқынышты жағдай болып есептелген. Ал мұның себебі неде? Гоголь неге өмірден ерте кетуден қорықты?

Орыстың ұлы жазушысы «өзін ерте жерлеп қоюы  мүмкін?» деген ойға бой алдырып, өмірінің соңына дейін үрей құшағанда жүрген. Тіпті осыдан кейін өзінің атақты «Өлі жандар» туындысын жазған. Мұның себебі неде? Гоголь өлімнен неге қорықты? Сөйтсек, жасөспірім кезінде ол энцефалит сырқатына шалдыққан екен. Осы ауру аяқастынан қыспаққа алғанда Гоголь құлап қалып, артынан ұйықтап кететін көрінеді. Осындай тосын жағдайда «мені өлдіге санап, жерлеп қоюы мүмкін-ау» деген ой оған өмір бойы маза бермеген. Жалпы тарихқа көз салсақ, энцефалит сырқатына шалдыққандар жетерлік. АҚШ-тың алғашқы президенттерінің бірі Джордж Вашингтонда да осындай қорқыныш болған. Ол ағайын-туыстарына тіпті өлімінен соң,  екі  күннен кейін ғана барып,  өзін жер қойнына тапсыруды өтінген. «Мүмкін қалың ұйқыға кетіп, артынан оянуым да мүмкін» деген үмітпен өмір сүрген.

Владимир Маяковскийдің де тағдыры қызық. Ол да өмір бойы үрей құшағында өмір сүрген. Оның қорқынышы мүлдем басқа. Маяковский ешқашан есіктің тұтқасын жалаңаш қолымен ұстамаған. Ол қай жерге барса да, жол сөмкесінде қолғап,  йод пен кішкентай сабын алып жүрген. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Ол «қолыма инфекция жұқтырып аламын-ау» деп қорыққан. Сондықтан да болар, Маяковский есікті ашарда қолына қолғап киіп алатын. Тіпті кез келген затты қалтасындағы орамалмен әбден сүртіп барып ұстайтын болған. Күлкілі нәрсе емес пе? Бірақ ондай үрей билеген тұлғалар төрткүл дүниеде көп. Атақты «музыка королі» Майкл Джексонның өзі инфекция жұқтырып алудан қашқан. Адольф Гитлер де екінші дүниежізілік соғысты бастап, адамзатқа қанды қырғынды алып келсе де, микробтан өлердей қорыққан. Ол күніне бірнеше рет суға шайынатын болған. Жұртшылықпен кездесуден қашқан Гитлердің тағы бір фобиясы бар. Ол тымауратқан адамды жек көрген. Ондағысы «маған да тымау тиіп, аяқастынан өліп кетемін-ау» деген ойда  өмір сүрген.

Қорқынышты фильмдердің авторы Стивен Кинг қара мысықтан, 13 санынан және ұшаққа отырудан зәресі ұшқан. Ол шығарма немесе арнайы сценарий жазып отырғанда 13-бетке келгенде, одан тезірек өтіп кетуге тырысқан. Сонымен қатар ол қараңғылықты өлердей жек көрген. Тіпті ұйықтап жатқанның өзінде жатын бөлмесінің шамын жағып қоятын болған.

Атақты қолбасшы Наполеон Бонапарттың  бала кезінде оның кеудесіне қара мысық секіріп мінгеннен кейін, ол қатты шошынған. Өмірінің соңына дейін жолында қара мысық кездессе, әртүрлі салт, жоралғы амалдар жасайтын қолбасшының мұнан да басқа таңқаларлық әрекеттері бар. Ол ақ боз атқа мінуді өзіне қолайлы көрмеген.  Талай жорыққа шығып, император атанған Бонапарттың бір ұрыста күймесі таудың жартасына соғылып, өлімнен аман қалған. Содан бері ол ақ боз атқа мінбейтін болған көрінеді. Бірақ тарихта  оның ақ боз атқа мініп тұрған атақты суреті бар. «Мұның барлығы да императордың фобиялық әрекетін жасыру мақсатында жасаған суретшінің фантазиялық көрініс» деп баға береді сарапшылар. Мүмкін солай да шығар.

Жалпы, мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Атақтылар да адам баласы. Бірақ өзінің бойындағы үрейін жеңіп, бұл психологиялық «сырқаттан» айығып кеткендер де жетерлік. Негізі бұл да балалық шақтан қалған ауру. Сондықтан дер кезінде дәрігер және психологтан кеңес алып, мәселенің алдын алған дұрыс. Өйткені…

«Ауруын жасырған өледі»  дейді қазақ.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*