Дамудың кілті – экономиканы цифрландыру

721
0
Бөлісу:

Алматыда Қазақстан – Германия кәсіпкерлер қауымдастығының жиыны өтті. SES ұйымымен бірлесіп өткізілген іс-шара Қазақстандағы цифрландыру үрдісіне оң ықпалын тигізбек. SES  – халықаралық экономикалық әріптестікті дамыту үшін құрылған әлемдегі жетекші қоғамдық ұйым. 

Жиынның мақсаты – шетелдік мамандардың озық әдістерін үйрену, Қазақстандағы кәсіпорындарда өнді­ріс барысында іске асырылып жатқан цифрландыру нәтижелерін көрсету. Басқосу барысында «Вика Казахстан», «Ариба», «Трансавия», «Милх» ЖШС және «Алтын Продукт», «Агротех», «Нұр Авиценум» акционерлік қоғамының мамандары германиялық әріптес­те­рі­мен әдіс алмасты.
Қазақстандағы жетекші өндіріс орындарының басшыларына SES-тің өкілі Мистер Мюллер Германия зауыттарының цифрландыру про­це­сін, оның нәтижесін жан-жақты баяндады. Мистер Мюллер­дің айтуынша, жаңа технологияны кім бірінші қолдану емес, нәти­желі қолдану әрбір елдің экономи­ка­сына тиімді көрінеді. «Цифрлы технологиялар – әлемдік өркениет­ке ілесудің жетекші күші. Бірақ цифрландыруды бүтін бір елді компьютерлендіру, интернет желісі­мен қамтамасыз етумен шатастырмау керек. Ол үшін қазіргі таңда әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер дигитализацияны кеңінен қолданады. Яғни, заманауи технологияның көмегімен кәсіпорындардың жұмысын жүйелейді. Нарықтың сұранысына қарай бейімдеп, әркез дамытып отырады. Мәліметтер базасының жан-жақты, шынайы болуы – өндірісті дамытудың негізгі факторы. Мәселен, машина құрастыратын зауыттар өнімнің тарихынан бастап, оның әрбір деталі жайындағы мәліметтерді жинауда дигитализациялау әдісін қолданады. Бұл әдіс өндіріс орында­ры­ның дамуына пайдасын тигізеді. Цифрландыру әдісі Еуропада өндіріске алғаш рет енгізіле бастаған шақта қағазбастылық біраз уақытқа дейін қатарласып жүрген. Уақыт өте келе, цифрлы технологияның тиімділігіне өнеркәсіп басшыларының көзі жеткен соң, жаппай қолдану іске асты. Сондықтан дамыған елдермен әдіс алмасудың дамушы елдер үшін пайдасы көп» деді Мистер Мюллер. Экономиканы цифрландыру Қазақстанда кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жиынға қатысқан мамандар бұдан былай цифрландыру процесін жеделдету әрі жетілдіру керек деген маңызды мәселені талқы­лады. Кәсіпорындардың өнімінен бастап, қызметкерлері жөніндегі мәліметтер базасын цифрландыруда мағлұматтарды қатаң сұрыптау, сара­лау қажет. Сол үшін жаңа техно­логияны жетік меңгерген тәжірибелі мамандарға сұраныс артқан. Зауыт, фабрикаларда өндіріс барысында жіберілген бір қателік бір кәсіпорынның бүкіл жұмыс жүйесін істен шығарады. Германияда өндірісте болатын тосыннан болатын апат, кемшіліктердің түп-тамырын терең зерттеп, сақтап қояды екен. «Бір қателікті екінші рет қайталау, тұтас елдің дамуына екі есе кері шегініс жасау» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан цифрландыру процесінде кететін қателіктермен мұқият жұмыс істеуге баса назар аударылады екен.
Қазіргі таңда жаңа техно­ло­гияларды өндіріске енгізуде Қазақстан көш ілгері. Ел экономикасын жаңа технологияның көмегімен дамыту бағытында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асуда. Елбасы «Экономиканың күретамыры – зауыт, фабрика, өндіріс орындарында еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру, экспорт көлемін ұлғайту үшін сандық технологиялардың атқарар рөлі үлкен. Сондықтан оны жүзеге асыруға әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әрбір компания қатысуы тиіс» деген болатын. Жаңа технологияны қолданысқа тиімді тәсілдер арқылы енгізудің әдістерін жан-жақты меңгерудің әрбір қазақстандық компания үшін маңызы зор.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*