Иран келісімі үшін күрес: үміт пен күдік

914
0
Бөлісу:

Биылғы 8 мамырда АҚШ 2015 жылы қабылданған Иран ядролық келісімінен шығатынын мәлімдеді. Ресми «Жан-жақты қамтылған іс-қимылдар жоспары» деп аталатын келісім Иран мен АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, Германия арасында жасалып, мұнайлы мемлекеттің ядролық қару бағдарламасын қадағалауда ұстауға қол жеткізу арқылы оған қарсы енгізілген санкциялардың біртіндеп күшін жоюды көздеген болатын. АҚШ президенті Дональд Трамптың аталған келісімді «Американың мүдделерін қанағаттандыруға тиімсіз» деп тауып, оның шарттарын орындаудан бас тартуы құжатқа қол қойған өзге елдерді де қиын таңдауға қалдырды.

Американың ресми хабарла­ма­сынан соң-ақ, Еуропа, Ресей мен Қытай Иран ядролық келі­сі­мі­нен шықпайтынын анық біл­дір­ді. Еуропа мемлекеттері өкіл­де­рінің Дональд Трамптың шеші­мін өзгертуге бағытталған келіс­сөз­дері нәтижесіз аяқталды. Осы сәр­сенбіде София қаласында бас қос­қан Еуропа Одағының ресми тұл­ғалары мен Иранның Сыртқы Істер министрі Мұхаммед Жавад За­риф АҚШ қадамының салдары мен өздері ұшырасуы мүмкін эко­номикалық қиындықтарды ең­серу жолдарын талқылады.

Трамп неге «тырысып» қалды?
Дональд Трамп АҚШ пре­зи­денті ретінде қызметін бастағанға дейін сайлауалды науқан кезінде Иран ядролық келісімін сынаған бо­латын. Әр 120 күн сайын АҚШ Конг­ресі санкциялардан бас тарту туралы құжатты Пре­зидент­тің қол қоюына ұсынып отырады. Осы жылы қаңтарда Иранға қа­тысты келісім негізінде алынып тас­талған санкцияларды мақұл­дай­тын кезекті құжатқа қол қояр кезде Дональд Трамп мұны «соң­ғы мүмкіндік» деп атап, Еу­ро­па­лық әріптестерін Иран келісімін қай­та қарауға шақырды. Иран тағ­дыры үшін маңызды күн тағы төрт айдан соң, 12 мамырға бел­гіленгенімен, АҚШ президенті 8 ма­мыр күні келісімнен шығаты­нын жариялады. Дональд Трамп­тың осыған дейін жасаған мә­лімдемелерінен АҚШ прези­ден­ті «аталған келісім тек Иранға ғана тиімді» деген пікірмен келісетінін аңғаруға болады. Ол «құжат шарт­тары Американың мүдделерін қа­нағаттандырмайды» деді. Дона­льд Трамптың пікірінше, келісім Иран ядролық қару бағдарлама­сын дамытуға уақытша ғана тежеу бол­ғанымен, баллистикалық зы­мырандар құрастыру ісіне тоқтау сала алмайды. Келісімге сәйкес, Иран­да жаппай қырып-жою қаруы жасалмас үшін, байытыл­ған уран көлемі бірнеше есеге қыс­қарып, барлық ядролық реак­торларды МАГАТЭ мамандары жиі тексеріп тұруы керек болған. Ұйым комиссиясы тексерістер ке­зінде Иранның келісім міндет­те­мелерін орындамағаны анық­тал­мағанын алға тартса да, АҚШ президенті МАГАТЭ маманда­ры­ның елдің әскери нысандарына кіре алмайтынына наразылық біл­ді­ріп, «ол жерде кез келген нәр­се­ні жасыруға болады» деген ой айтты. Бірақ мемлекеттік құ­пия есебіне кіретін нысандарды шет­елдік азаматтарға көрсетіп, қор­ғаныс қуатына нұқсан келті­ре­тін қадамға баруға қарсы екенін Иран әуел баста-ақ мәлімдеген еді.
Дональд Трамптың қарсы­лас­тары оның бұл шешімін Барак Оба­­ма бастаған жобалардан шығу­дың кезекті амалы деп қа­был­дады. Осыған дейін Дональд Трамп бұрынғы президент тұсын­да қабылданған бірнеше бағдар­ла­мадан бас тартып, климаттың өз­герісі бойынша Париж келі­сімінен шыққан болатын.

Еуропа неге елеңдейді?
2012 жылы Еуропа тарапынан Иранға қарсы санкциялар са­лын­ғанға дейін, қос тарап сыртқы сау­дада маңызды әріптестер бол­ды. 2015 жылғы келісімнен соң қай­та жанданған қарым-қаты­нас­тар өткен жылы Еуропа Ода­ғы­ның Иранмен экспорты 10,8 млрд евро, импорты 10,1 млрд евро кө­­­лемінде қорытындыланды. АҚШ-тың Иранға экономикалық қысым шараларын қайта енгізу ту­р­алы шешіміне байланысты Еу­ропа Одағындағы ірі кә­сі­п­орын­дар АҚШ санкцияларынан зардап шегуі мүмкін. 2015 жылы нәтижелі аяқталған келіссөздер­ден соң, Еуроодақтағы ірі ком­па­н­ия­лар Иран кәсіпкер­лерімен көп жылдар бойы санкциялар бұ­ғауында қалған мемлекет эко­но­микасына жаңа тыныс сый­лай­тын құны бірнеше миллиард дол­ларға ба­ғаланған шарттар жасап үлгер­ген. Бірақ қазір олар Иранмен эко­номикалық байла­ныстарын ары қарай жалғастырса, АҚШ санк­цияларының суығын сезіну­ден қауіптенеді. Өйткені 2015 жыл­ғы келісімнен соң Ираннан алы­нып тасталған санкцияларды қатаң формада қайта енгізетінін мә­лімдеген АҚШ Иран эко­но­ми­касына тікелей бағытталған эко­но­ми­калық қысым шараларын оны­мен тығыз әріптестік байла­ныс ор­натқан өзге мемлекеттің биз­нес-субъектілеріне де сала ала­ды. Софияда жалғасқан маңыз­ды кездесуде Еуропалық ко­мис­сия­ның төрағасы Жан-Клод Юнкер «Еуропалық ко­мис­сияның Еу­ропа компанияларын қорғау жө­ніндегі міндеттемесі бар. Сон­дық­тан біз 1996 жылғы Blocking statue заңнамасын қайта енгізе­міз» деген мәлімдеме жа­са­ды. 1996 жылы қолданылған заң­на­­ма АҚШ-тың Еуропа кәсі­по­рын­­дарына қатысты енгізген санк­­­­­цияларының заңдық күші болмай­тынын білдіріп, бизнес өкіл­деріне америкалық қысым шара­ларына назар аудармауға ша­қырған.

АҚШ-қа «өкпе»
Еуропаның АҚШ-қа «өк­пе­сін» Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск былай деп суреттей­ді «Мәселе сенің жақын досың­ның күтпеген іс-әрекеттерге ба­ра­тынында болып отыр. Бұл әзіл емес. Біздің мұхиттың арғы бе­тін­де­гі досымызбен қарым-қа­ты­на­сымыздың негізгі мәселесі – осы. Дональд Трамптың «саясатта күтпеген қимылдар жасау – жақ­сы әдіс» дегенімен келісемін. Бі­рақ бұл шаралар жауларына қар­сы ғана қолданылуы керек. От­ба­сы мен достарға күтпеген сый­лар ұнамайды».
АҚШ-тың Италиядағы бұ­рын­ғы елшісі Дэвид Торн «Иран мә­селесіне қатысты текетірес екі тарап арасында 2003 жылы Ирак оқиғасынан кейінгі ең үлкен жік қалыптастырады» деген пікір қос­са, Францияның Сыртқы Іс­тер министрі Жан-Ив Ле Дриан «Еуропаның бизнес-субъектілері АҚШ-тың сыртқы саясаттағы ше­шімдері үшін жауап бермеуі ке­рек» деген наразылық білдірді.

Кәсіпкерлер қамы
Еуропалық Одақтың Иранмен сауда байланыстарын жалғас­ты­ратын компанияларға құқықтық және қаржылай көмек көрсету ту­ралы бастамаларына қара­мас­тан, АҚШ санкцияларынан қа­уіп­теніп, келісімдерді тоқтатқан ком­паниялардың қатары өсіп келеді. Бұл Еуропа басшылары­ның Иран ядролық келісімін сақ­тап қалуға ұмтылысына кері әсер етіп, шартты бұзбай сақтау тура­лы жоспардың орындалуына ке­дергі болғалы тұр. АҚШ Иран­мен кәсіпкерлік қарым-қаты­нас­тағы компанияларға келісім­шарт­тарды қорытындылау үшін 90-180 күн арасында уақыт беретінін ха­барлады. Францияның Total мұ­най компаниясы Иранның South Pars 11 кен орнындағы 50,1% үлесінен шығатынын біл­дір­ді. Оның ізін ала, Данияның A P Moller-Maersk компаниясы 8 ма­мырға дейін қабылдаған мін­дет­темелерін орындап, АҚШ санк­цияларының талабы бойын­ша осы жылдың 4 қарашасына қа­рай Иранмен қарым-қатын­а­сын доғаратыны жөнінде хабар­лады. Германия канцлері Ангела Мер­кель «Біз көлемі шағын және ор­таша компанияларға қаржылай қол­дау көрсету туралы ойлана ала­мыз. Бұл шаралар қарас­тыры­лып жатыр. Бірақ АҚШ санк­ция­лары­ның ықпалына ұшырайтын бар­лық кәсіпкерлерді қолдау… Ме­нің ойым­ша, біз мұндай қиял­ға ермеуі­міз керек» десе, Франция пре­зи­денті Эммануэль Макрон өз ойын қысқа қайырды: «Біз фран­цуз компанияларын Иранда жұ­мыс істеуге мәжбүрлей алмаймыз. Total компаниясының бас дирек­торы Франция Республикасы емес қой».

Иран келісімнен шықса…
Иран президенті Хасан Роу­хани келісімнің қалған мүшелері ойын өзгертпесе, мәселенің күр­меуі шешілетініне үміт артты. Де­генмен Иран басшысы келісім күшін жойған күннен бастап, ел­дің атом энергиясы агенттігіне байы­тылған уран көлемін өнді­ріс­тік деңгейге жеткізу туралы тап­сырма бергенін ескертті. «Бұл психологиялық соғыс, біз До­нальд Трамптың жеңуіне жол бер­меуіміз керек» деген Иран пре­зиденті «шаршататын адам­ның» (Дональд Трамп) келісімнен шы­ғып кеткеніне қуанатынын біл­дірді. Сәрсенбі күні Иранның заң шығарушы органында пар­ламент мүшелері «Дональд Трамп тек қара күшті ғана түсінеді» деп, «Америкаға өлім!» ұранымен АҚШ-тың туын өртеді.
Кезінде Иран келісімдеріне қатысқан Барак Обама Дональд Трамптың шешімін «салмақты қа­телік» деп атады. Оның пікі­рін­ше «Жан-жақты қамтылған іс-қи­мылдар жоспарынан шығу АҚШ-ты ядролық қаруға қол жеткізген Иранның, болмаса Таяу Шығыс­тағы өзге соғыстың алдында таң­даусыз қалдырады».

 

Динара Тілеубек

Бөлісу:

Пікір жазу


*