Қазақтың қайсар ұлы

138
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы қолға алған «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы қазақстан­дықтардың көңілінен шыққан ерекше әрі бірегей бастама болды. Жұртшылық екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған көптеген азамат­тардың өміріне қанықты. Алайда қазақ жігіттерінің сұрапыл соғыстағы жанкешті тірліктері лайықты бағаланбағаны өкінішті. Соған қарамастан қазақ қаһармандарының есімін ел жадында қалдыруға бағытталған шара лайықты бағасын алып жатыр. Олардың ерліктері бүгін де, келешекте де ұрпақ­тар жүрегінде мәңгі сақталмақ.

Белгісіз батырлар қатарында Сембай Қалиев те бар. Павлодар облысындағы Лебяжі ауданына қарасты Қазы ауылында 1916 жылы дүниеге келген ол 1937-40 жылдары Қиыр Шығыста әскер қатарында қызмет атқарған. Кіші командирлер курсын бітіріп, қай жерде жүрсе де қызметіне адал, жауынгерлер арасында сыйлы болған.
«Соғыс басталды» деген суық хабар ауыл-ауылды аралап, жұрт дүрлігіп, ер азаматтар қолына қару алған тұста, Сембай Қалиев те Отан қорғауды борышы санайды. Өрт шалып, оқ бораған далада қазақ жауынгері ерліктің үлгісін көрсетеді. Зеңбірек командирі болған ол, қаруластарына жауға қарсы тұрудың амалдарын үйретеді. Оқ-дәрі сасыған далада аштықты да, өлімді де көреді. Барлық қиындыққа төтеп берген командир отаншылдықтың, адалдықтың қандай боларын майдандастарына дәлелдеген.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін 10-гвардия­лық артполк басшылығы 1945 жылы қаңтарда Сембай Қалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бұл атақ белгісіз себептермен берілмеген. Кеудесінде жарқыраған «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», І дәрежелі Отан соғысы ордендері майдангердің ел қорғаудағы сіңірген еңбектерінің дәлелі.
Ұқыптылық пен тәртіпті ұнататын, тер төгіп еңбек етуді жақсы көретін жайсаң азамат 1946 жылдан бастап, туған жерінде колхоз төрағасы болған. 1972 жылы 25 қыркүйекте – дүниеден өткенше туған жерін түлетуге сүбелі үлес қосты.
Бір деректер ол кісі туралы былай дейді: «Жамбыл селосының бір көшесі соғыста гвардия аға сержанты, зеңбірекшілер командирі, батерея парторгы болған, қос «Қызыл Жұлдыз» және I дәрежелі Отан соғысы ордендерінің
және көптеген әскери медальдардың иегері Сембай Қалиевтің атына берілген. Соғысты Венада аяқтап, елге аман келген соң Талғар ауыл­шаруашылық техникумын бітірген. Туған ауылында ұзақ жылдар агроном, Лебяжі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Жаңа ауыл» колхозының төрағасы болып, жемісті еңбек еткен.
Қан майданда жауынгерлер окопта жатып оқыған «Советский воин» газетінің 1945 жылғы 25 шілдедегі №119 сарғайған бетінен даңқты парторг-зеңбірекші, аға сержант Сембай Қалиевтің Будапешт түбінде көрсеткен ерлік істеріне арналған очеркті оқуға болады. Қызыл әскерлер газеті даңқты командир туралы ерекше ілтипатпен жазыпты.
1945 жылы Венгрияны азат ету кезінде Сембай Қалиев жаудың «Тигр» мен «Пантеря» танктерін, жеті бронетранспортерін жойғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына (Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса) ұсы­нылады. Бірақ бұл атақ оған белгісіз себеппен бұйырмайды. Оның орнына «Қызыл Жұлдыз» орденін алған. 1967 жылдың 11 тамызында Подольск қаласының мұрағаты берген анықтамада С.Қалиевтің Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсынылғаны анық көрсетілген. Онда былай делінген: «Гр-ну Калиеву С.К.
Казахская ССР, Павлодарская обл., Лебяжинский р-н, совхоз им. Джамбула, отделение №3.
Сообщаю, что 11.01.1945 г. Командиром 10 тв. воздушнодесантного артпола Вы были представлены к званию Героя Советского Союза. По данному представлению приказом 3 Украинского фронта №057 от 22.02.1945 г. Вы награждены орденом Красного знамени Основание: оп. 690306, д.2437, л.303.
Начальник архивохранилища, капитан Лобыничев».
Майдандас достары Сембай Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде КСРО Жоғарғы кеңесінің Президиумына бірнеше рет өтініш жазса да, қаһарман Қалиевке Батыр атағы бұйырмады (Baq.kz).
Халық арасында «Ерлік ешқашан ұмытыл­майды» деген сөз текке айтылмаған. Сембай Қалиевтің де қан майдандағы ерліктері ұрпақ жадында қала береді.

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*