Қазақ тілін таңдаған түлектер 76 пайызға жетті

868
0
Бөлісу:

Биыл XV Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымда басталады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық жайы пысықталды. Бұдан бөлек ҰБТ өткізуге дайындық барысы қа­ралды, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру мәселелері талқы­ланды.

Күн тәртібіне сәйкес, Министрлер кабинеті ең алдымен, көктемгі дән егу науқанының қалай жүріп жатқаны жөнінде жауапты тұлғалардың баянда­маларын тыңдады. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәлі­метіне жүгінсек, «ас атасының» шикі­заты ретінде халық арасында ардақталатын, бірақ «монодақыл» деп шенеуніктер ұнатпайтын бидайдың егістігі биыл тағы жарты миллиондай гектарға азаяды.


– 2018 жылы жалпы егістік алқабы еліміз бойынша 21,8 миллион гектарды құрамақ, яғни іс жүзінде өткен жылғы дең­гейде сақталады. Алайда дәнді
дақ­ыл­дарды – 14,7 млн гектарға, оның ішінде би­дайды 11,4 млн гектарға себу жос­пар­лануда. Бұл 2017 жылғыдан 544 мың гек­тарға кем. Оның орнына жем­шөп дақылдары осы көлемге көбейеді: жемдік дәнді дақылдар 2,5 млн гектарға егіледі, бұл былтырғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдар 2,6 млн гектарды құ­райды. Картоп алқабы да оң өсу динами­касын көрсетіп, 210 мың гектарға жетіп, 15 пайызға өсті, – деді А.Ев­ниев.

Оның баяндауынша, қазіргі кезде көктемгі егіс барлық жерде толық қар­қын­мен жүріп жатыр. 21 мамырдағы жағдай бойынша жаздық дәнді дақылдар жоспар­ланған алқаптың – 31%-ына, май­лы дақылдар – 50%-ына, көкөніс-бақша дақылдары – 77%-ына, картоп – 55%-ына себіліп болыпты. Қант қызыл­шасы мен мақтаны себу аяқталды.
Бір қынжылтатыны, биыл егіншілерге табиғат «қабақ шытып» тұр. АШМ бірінші вице-министрі ауа райының салқын­дығынан және топырақтың кеш қызуынан себу жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама төмен болып отыр­ғанына назар аудартты. Осыған байла­нысты себу жұмыстарын оңтайлы мер­зімде аяқтау үшін техниканы жоғары өнімді­лікпен пайдалануды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.
Егіс салу үшін қолайлы ауа райы сыртында, бірінші кезекте тұқым керек. Биылғы егуге 2,6 млн тонна тұқым дайын­далған екен.
«Биыл шаруалар көктемде тұқым шаруашылығынан және тұқым сатушыдан бірінші репродукциялы тұқымды немесе элиталық тұқымды ең төменгі норма бо­йынша тегін алуды көздейтін тұқым ша­руа­­шылығын субсидиялаудың жаңа тетігі іске асырылады. Әр облыстың ауыл ша­руа­шылығы басқармасы тұқым шаруа­шылығына немесе тұқым сатушыға боса­тылған тұқымның толық құнын норма бойынша өтейді» деп еске салды А.Ев­ниев.
Бірақ ол тұқымды толыққанды тегін деп айтуға да болмайды. Бұл ретте шаруа күзде егінді жинап болғаннан кейін Тұқым шаруашылығын дамыту қорына тұқым құнының 30%-ын қайтаруға тиіс. Қор қайтарылған қаражатты жинақтайды және оны аттестатталған тұқым өндірушілер үшін төменгі, яғни небәрі 1-2% мөлшер­лемемен негізгі құралды (техника мен жабдық) сатып алу мен жаңартуды қаржы­ландыруға бағыттайды. Бұл тетікті іске асыру 2021 жылға қарай Қазақстандағы егістіктерде 3 репродукциядан төмен емес сапалы тұқыммен 100% себуге көшуге мүмкіндік береді. Әзірше, тұқым шаруа­шылығын субсидиялау қағидаларының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімін өтуде.
Астық жайқала өсуі үшін дән егілген жерге тыңайтқыш төгілуі қажет. 2018 жылға аграршылар 446 мың тонна ты­ңайтқышқа, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 270 мың тоннасына өтінім берді. Осы мақсатқа жергілікті бюджетте 17 млрд теңге көзделген. 16 мамырға дейін 93 мың тонна тыңайтқыш немесе өтінім берілген көлемнің 21%-ы егіншілерге жеткізілді.
– Осы жылы субсидияны алуға өтінім беру және оларға төлем жүргізу электронды түрде жүзеге асырылады, яғни субсидиялау процесі толық автоматтандырылған. 16 мамыр тұсында субсидия алуға 7,4 млрд теңгеге 11,5 мың өтінім берілді. Алайда бө­лінген қаражат өтінім берілген ты­ңайтқыш көлемін қамтамасыз етуге жеткі­ліксіз. Осыған орай облыс әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған бюджет қаражаты көлемін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұдан басқа Ақмола облысы­ның әкімдігі әлі күнге дейін өтінімдер қабыл­дамауда, себебі субсидия нормалары бе­кітілмеген, – деген бірінші вице-ми­нистр Үкімет басшысынан Ақмола об­лысының әкімдігіне субсидия нормаларын бекітуді тездетуді тапсыруды сұрады.
Егіншілердің тағы бір бас ауруы жанар-жағармай материалдарына қатысты. Қазіргі кезде мемлекет ЖЖМ бағасын рет­те­мейтіні мәлім, оны нарық анық­тайды. Тиісінше, аграршыларға бұрын­ғыдай арзан дизель жеткізілмейді. Осы жылы шаруа­лардың көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынына деген қажеттілігі 375 мың тоннаны құрап отыр. Энергетика министр­лігі ақпан-маусым айлары кезеңіне арнап, «Өңірлерге дизель отынын жеткізу кесте­сін» бекіткен. Бұл ведомство дизельдің сәуір-мамыр айла­рына арналған мұнай өңдеу зауыттарынан шығару бағасын әр литріне 134 теңгеден (тоннасы 161 мың теңге) белгіледі. Оған операторлар жеткізу шығындарын үстемелейді. Сонда өңір­лердегі орташа баға литріне 150 теңгені құрайды.
Кестеге сәйкес мамыр айында 117 мың тонна жеткізу жоспарланған. Қазір оның 101 мың тоннасына (87%) келісімшарт жасалды. 73 мың тоннасы (63%) үшін ақы төленді, 50 мың тоннасы (43%) тиеп жөнел­тілген.
Өңірлерде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы туралы Қостанай облы­сының әкімі А.Мұхамбетов, СҚО әкімі Қ.Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин есеп берді. Вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев егін егу науқаны барлық өңірде кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол облыс әкімдері көктемгі дән егуді уақытылы аяқтау үшін барлық күш-жігерін жұмсау керектігін нықтады.
Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірың­ғай тестілеудің 2018 жылы 15-рет өткі­зілгелі тұрғанын мәлім етті. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 миллионнан астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80%-ын құрайды.
Министрдің айтуынша, 2017 жылға дейін ҰБТ бір мезгілде үш функцияны орындады. Мектептегі 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, ЖОО-ға түсу емтиханы және түлектерге гранттарды тағайындау меха­низмі рөлін атқарды.
– Тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі. Ал ҰБТ одан бөлек ұйымдастырылады, тиісінше ол ЖОО-ға түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалды, – деді БҒМ басшысы.
Қорытынды аттестаттау, яғни мектеп бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәні бойынша жүреді. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының мате­риалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқар­маларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізеді.
ҰБТ болса, 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пунктінде өтеді. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Жинауға болатын жоғары балл – 140. ЖОО-ға түсуден үміттену үшін «табалды­рықты», шекті балл – 50. Ұлттық мәрте­бедегі университеттерге түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.
– 2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді. Биыл тест сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылды. Тест сұрақтары функцио­налдық сауаттылыққа, яғни әрі қарай білім алуға қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық түсініктерін анықтауға бейім­делген, – деді Е.Сағадиев.
Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 102 442 бала. Бұл – жалпы бітірушілердің 70%-ы. Бір қуантарлығы, соның ішінде 77 мыңы немесе 76%-ы – қазақ тілінде, тек 25 мыңы немесе 24%-ы ғана орыс тілінде сы­нақ тапсырмақ. Демек, қазіргі түлек­тердің кем дегенде төрттен үші мемле­кет­тік тілді жетік біледі. Сондықтан ересек өміріндегі алғашқы сынақты сол тілде тапсыруды қалайды. Амандық болса, болашақта, 2025 жылға қарай бұл санның 100 пайызға жуықтағанына сүйсінерміз.
Әзірге, БҒМ өткен жылмен салыстыр­ғанға қазақ тілінде тапсыратын бала­лар­дың саны 5%-ға өскенін мәлім етті. Биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр.
Жасөскіндердің аламанға дайындық аясында өз білімдерін қазірден сынап көруге мүмкіндігі бар. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы үшін сынамалы онлайн тестілерінің функционалы жетілдірілді. Енді одан үйде отырып-ақ өтуге болады. Бүгінде талапкерлер 145 мың рет онлайн тест тапсырған екен.
– Тест тапсырушыларға арналған жағ­дайды жақсарту мақсатында биыл біраз жаңалықтар енгізілуде. Біріншіден, әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақша беріледі. Екіншіден, оған қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі ұсынылады. Үшіншіден, ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаса, ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру не КТ тапсыру мүмкіндігі бар. Төртіншіден, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар жеке көмекшімен, сурдоаудармашы мамандармен қамта­масыз етіледі, – деді БҒМ басшысы.
Бұған қоса, Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталық іске қосылмақ. Биылдан бастап, Алтын белгіге ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.
Мәселені талқылауды қорытқан Премьер-министр Б.Сағынтаев БҒМ-ге әкімдермен бірлесіп, барлық ықтимал сын-тегеуріндерді ескере отырып, талдау жүргізуді және ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді тапсырды. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰБТ қатысушы­ларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауға міндеттелді. Бұл жұмыстарды бақылауға вице-премьер Е.Досаев жауапты.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*