Көкжиегі кең келісім

264
0
Бөлісу:

Ақпараттық технологияларды меңгеру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Кез келген саланы нақты ақпаратсыз көзге елестете алмайтын кезде жастардың, болашақ мамандардың, сондай-ақ, қазіргі кезде экономиканың сан саласында түрлі мамандықтар бойынша ел игілігіне қызмет етіп жүргендердің ақпараттық технологияларды жан-жақты меңгеруі – қазіргі күннің басты сұранысы.

Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың қатысуымен тағы бір игі іске жол ашылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен об­лыстық басқармалар жетекшілері өңірде ІТ сыныптар мен орталықтар ашу және баста­машылдық жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Мүделлі тараптарға тигізер шарапаты мол шараға Алматы облыстық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, спорт және дене тәрбиесі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының басшылары қатысты және ортақ істің орайын келтіруге уағдаласып, өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге келді.
– «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы өңірде жүзеге асып, өзгелерге өнеге ретінде таратылып жатқан бірқатар игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Соңғы кездердің өзінде ғана нақты әлеуметтік топтарға бейімделген партиялық жеті жобаны орындап, елдің алғасына бөленді.
Сонымен бірге, 22 жаңа жобаны орындауға бел шеше кірісті, – деген «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы халықтың ақпараттық технологияларды жете білуі Елбасының экономиканы цифрландыруға қатысты жүктеген тапсырмасын орындаудың көрінісі болатынын айтты. Осы орайда облыстық кәсіпкерлер палатасы мен басқармалар арасын­дағы ынтымақтастық жөніндегі келісімнің ақпараттық технологиялардың қолданысына кең жол ашып, тұрғындардың, оның ішінде жастардың заманауи ақпараттық технология­ларды жан-жақты меңгеруіне серпін беретін­дігіне сенім білдірді.

Болат АБАҒАН 
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*