Олимпиадаға бір қадам: Сметов – Гран-при жеңімпазы

699
0
Бөлісу:

Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов әлемдік Гран-при кезеңінде жеңіске жетті. Бұдан бөлек, қазақстандықтар үшін бірінші күннің еншісінде күміс пен қола бар. Турнир Қытайдың Хоххотында өтіп жатыр. Елімізден 13 дзюдошы қатысуда. 

Әлемнің 46 елінен 361 дзюдошы 7 салмақ дәржесеніде бақтарын сынап жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде жеңіл салмақтағы балуандар, атап айтқанда, ерлер -60 кг, -66 кг, әйелдер -48 кг, – 52 кг, -57 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Қазақстан ұлттық құрамасынан 4 дзюдошы татамиге шығып, үш медаль иеленді.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Ол финалда тағы бір отандасымыз Ғұсман Қырғызбаевты иппонмен жеңді. Елдос Сметов алғашқы белдесуінде жапондық Юма Ошиманы қосымша уақытта (голден скор) вазари ұпайымен, екінші айналымда ресейлік Роберт Мшвидобадзені уақытынан бұрын таза жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Бразилия дзюдошысы Пелим Фелипені иппон ұпайымен ұтып, финалға шыққан болатын.

Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жеңіліссіз 3 кездесу өткізді. Ол алғашқы белдесуінде Солтүстік Кореялық Пае Донг Жонгпен кездесіп иппонмен жеңсе, екінші белдесуінде моңғолиялық Ганбад Болдбаатарды, жартылай финалда Амартувшин Дашдавааны уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алған еді.

66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Елдос Жұмақанов ел қоржынына бір қола медалін салды. Ол 5 кездесу өткізіп, тек біреуінде, жартылай финалдық жолдама үшін күресте германиялық Себастян Сейдлге есе жіберді. Ал жұбаныш финалында Абдулла Абдужалиловты вазари ұпайымен жеңіп, қола жүлдені жеңіп алды.

Жарыстың бірінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстанмедаль кестесінде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен 2 орында тұр. Әлемдік Гран При кезеңі 27 мамырға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бүгін, 25 мамыр дзюдодан Токиода өтетін жазғыОлимпиада ойындарына лицензиялық іріктеу кезеңі басталды. Хоххотта өтіп жатқан Гран При іріктеу кезеңінің алғашқы турнирі болмақ.

Жарысқа аттанған дзюдошылармен таныстырып кетсек:

1. Елдос Сметов (60 кг)
2. Ғұсман Қырғызбаев(60 кг)
3. Ерлан Серікжанов (66 кг)
4. Елдос Жұмақанов (66 кг)
5. Жансай Смағұлов (73 кг)
6. Бекәділ Шаймерденов (73 кг)
7. Дидар Хамза (81 кг)
8. Азиз Қалқаманұлы (81 кг)
9. Ислам Бозбаев (-90 кг)
10. Виктор Демьяненко (-100 кг)
11. Айбек Серікбаев (-100 кг)
12. Санжар Жабборов (+100 кг)
13. Ерасыл Қажыбаев (+100 кг)

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*