Жалында, талма, жас түлек!

1349
0
Бөлісу:

Түлектердің тағы бір легі алтын ұяларынан түлеп ұшты. Соңғы қоңыраудың сыңғырымен мектеп бітірушілерге сәт-сапар тіледік. Алдағы тестілеудің сынынан да, өмірдің емтиханынан да сүрінбесін. Биыл 147 мың оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде жеті мыңға жуығы – «Алтын белгіге» үміткер.
Мектеппен қоштасқан түлек­терді алда екі сынақ күтіп тұр. Оның біріншісі – емтихан түрінде өтетін қорытынды аттестация. Оны оқушылар мектептерінде бес пәннен тапсырады. Мемлекеттік емтихандарды өткізу 29 мамыр мен 9 маусым аралығында жүзеге асы­­­­­рылады. Оның ішінде төртеуі – міндетті, біреуі таңдап отырған мамандығына сәйкес. Яғни, ана тілі, екінші тіл, алгебра және ана­лиз бастамалары және Қазақстан тарихынан сынақ тапсыру бәріне бірдей міндеттеледі. Төртінші пәнді әр түлек таңдап отырған саласына байланысты қоғамдық-гуманитар не жаратылыстану-математика бағытынан тапсы­рады. Білім және ғылым министр­лігінің ақпаратына сәйкес, биыл аттестат табыстау және мектеп бітіру кештері 15 маусымда өткі­зіледі.
Биыл 102, 442 мектеп бітіруші бақ сынап, Ұлттық бірыңғай тестен өтеді. ҰБТ осы жылы 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 бөлімшеде өтеді. Сынақ тап­сырушылардың 75 пайызы – қазақ тілінде, 25 пайызы орыс ті­лінде тапсырады. Тестілеу фор­маты өзгерген жоқ. Барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі. Тү­лектің жинауы мүмкін максимум балы – 140. Сынақтан өту үшін ең кем дегенде 50 ұпай еншілеуі тиіс. Ұлттық білім ордаларына тапсыр­ғысы келген түлектің балы 65-тен кем болмауы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­масы» аясында техникалық ма­мандықтарға қосымша 20 мың грант бөлінеді. Бұл жаңалықты естіген барша ата-аналар мен мек­теп бітірушілердің құлағы түрік жүргені белгілі. «Бағы жан­сын, мемлекеттік грант бұйыр­сын» деген тілектердің де жиі айтылар кезі жақындап келеді. Бәріне бірдей бөліп берер еді, әттең-ай, әттең, грант саны шек­теулі. Демек, оза шапқанның ғана маңдайына бұйырады. Та­қымын қысып отырған жақындар­дың үмітін ақтап, өзінің он бір жылдық білімін көрсетер шақта бәйгеге түскелі отырған барша түлекке сәттілік тілейміз!

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*