Аштық құрбандарын еске алды

493
0
Бөлісу:

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Алаш арыстары және ашаршылық» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бір­лестігі ұйымдастырды.

Конференцияны ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов жүргізіп отырды. Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, «Әділет» тарихи-ағарту қорының бірінші орынбасары Бейбіт Қойшыбаев, филология ғылымының докторы, профессор Бақытжан Әзібаев сынды тарихтанушылар қатысты.
Конференцияның мақсат-міндет­терін түсіндірген Ханкелді Махмұдұлы алғашқы сөз кезегін Талас Омарбековке берді. Қуғын-сүргін оқиғаларын зерттеу­шілерді үш топқа бөлген ол шетел тарих­шыларының да бірқатар еңбегімен таныстырып өтті. Америкалық тарихшы Роберт Конквест 1931-1933 жылғы ашаршылықтан Қазақстанда 1 млн қазақ қырылды десе, ағылшын зерттеушісі Роберт Уильям Дэвис еңбегінде барлығы 1 млн 300 мың мен 1 млн 800 мыңдай адам қаза тапты деп көрсеткенін айтты. Баяндама соңында ашаршылықтың әлеуметтік-саяси мәселе екенін, оған жалпыхалықтық атау беру қажет деген үндеу тастады. 31-мамыр күнін Ашаршы­лық құрбандары күні деп атап, Ұлттық аза тұту күнін жариялауды сұрады.
Бейбіт Қойшыбаев баяндамасында ұлттық апаттың жай-жапсарына тоқтал­ды. Ашаршылықты кезең-кезеңге бөліп қарастырып, Алаш зиялылары жазған деректерге сүйене отырып талдады. Дала өлкесі съездеріндегі мәселелерді де қамтып, ұжымдастыру алып келген зардаптарды да назардан тыс қал­дыр­мады. Ашаршылық жылдарын­дағы қайраткерлер қозғалысы жайында да сөз қозғады.
Саясаттанушы Айдос Сарым бұл тақырып төңірегінде тарихи концепция құру қажет екенін, архивтердің ашылуы үлкен көмек болатынын айтты. Архивтер қоғамдық айналымға түскен кезде, жаңа деректер кәдеге жарайтынын жеткізді. Ұлттық мерекелер мен аза тұту күндері жа­йында қарар қабылданса деген өтінішін білдірді. Тарихпен табысу, бірігу күн­дерін лайықты атап өтіп, ұлттық жады институтын қалыптастыруды ұсынды.
Ашаршылық жылда­рында қаза тапқан белгілі тұлғалардың ұрпақтарына сөз беріліп, естеліктер тыңдалды. Қаты­сушылар мен баяндама­шылар арасында сұрақ-жауап жүргізіліп, біршама мәселе өз шешімін тапты.

Айзат ЖОЛДАСОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*