Суға түсу маусымы басталды

843
0
Бөлісу:

Үкімет баспасөз орталығында өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Азаматтық қорғаныс органдары  Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша халық көп баратын сауда нысандарының өртке қарсы қауіпсіздік шараларын тексеруді аяқтағанын, бұл бағытта қандай жұмыстардың атқарылғаны туралы және жаз айларындағы суға түсу маусымына даярлық пен еліміздің су қоймаларында адамдардың өліміне жол бермеуге бағытталған шаралар туралы айтты. 

Өрт қауіпсіздігі бойынша елімізде 1243 нысан тексеріліп, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, 15 мыңнан астам өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған­дарға 19 млн теңгеден астам әкім­ші­л­ік айыппұл салынған. Республикалық тек­серістерден соң өрт қауіпсіздігі ереже­ле­рінің талаптарын орындау үшін кейбір сауда орталықтарының әкімшілігіне мерзім берілген, сол аяқталғаннан кейін 120 объек­тіде бақылау-тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың 98-і тапсырмаларды толығымен орындағаны анықталды.
Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінде 34 нысанда заң талаптарын бұзушылықтар бойынша ескертулер толықтай орындал­ма­ған. Заң бойынша қойылатын талап­тар­ды сақтамағаны үшін бұл объектілерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс­тің 462-бабының 3-тармағы бойын­ша әкім­шілік іс қозғалып, шешім қабылдау үшін сот органдарына жіберілген. Заң бойын­ша әкімшілік жауапқа тартылатын тұлғаның санатына қарай 100-ден 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, сондай-ақ сот шешімі бойынша нысанды пайдалануды үш айға дейін тоқтату түрінде санкция қарастырылады. Бас прокуратураның кесте­сіне және тапсырмаларына сәйкес мемле­­кеттік және жекеменшік білім беру нысан­дарына да өрт қауіпсіздігі бойынша тексерулер жүргізілуде.
– Қазіргі кезге дейін республикадағы 11 541 білім беру мекемесінің 7603 нысаны тексерілді. Тексерілген нысандарда 33 мың­нан астам (33 177) талап бұзушылық анықталды. 1344 нысанда өрт қауіпсіздігі ережесі талаптарын бұзушылықтар анық­тал­ған жоқ. Бұл жұмыстар әлі де жалға­са­ды, жоспар бойынша маусым-шілде айларында аяқталады. Сондай-ақ оқу жылының аяқталуына және жазғы дема­лыс күндерінің басталуына байланыс­ты, Төтенше жағдайлар комитеті балалар­ды одан ары қабылдау және олардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін барлық мек­теп жанындағы, мектепке дейінгі балалар лагерьлерін тексеруді бастады, – деп мәлім­деді Ішкі істер министрінің орын­ба­­сары Юрий Ильин.
Азаматтық қорғаныс органдары тек тексерулер жүргізіп, әкімшілік жазаға тартылатын нысандарды анықтаумен ғана айналысып жүрген жоқ. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау және өрт шыққан жағдайда қалай әрекет етуге үйрететін оқу-жаттығулар өткізуде. Өрт сөндіру қызметтері ірі сауда нысан­да­рында өртке қарсы 494 тактикалық жат­тығу өткізіпті. Юрий Ильиннің пікірін­ше, халық көп жиналатын орын­дар­­­дың, ғимараттардың қызметкерлеріне, оларды күзететін құрылымдарына және объектіге келушілерге міндетті түрде өрт қауіпсіздігі жөнінде сабақ жүргізу керек. Тілсіз жаумен қалай күресуді, қауіп төнген кезде қалай қорғануды әркім білуі тиіс. Вице-министрдің айтуынша, бүгінде 41 мыңнан астам адам өрт кезінде не істеу керектігіне оқытылған.
Юрий Ильин суға шомылу маусы­мы­ның жақын арада басталатынына тоқта­лып, қазақстандықтарды жаз уақытында өзен-көлдерге шомылғанда суға түсу ере­же­лерін мұқият сақтауға шақырды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда суға түсуге 121 қалалық және 569 жеке жағажай бел­гіленіп, арнайы жабдықталған. Рес­публи­ка бойынша жергілікті полиция қызметі су маңайында орналасқан демалыс орындарына және 568 табиғи жағажайлар­ға арнайы шығып, 627 бақылау және рейд тексерістерін өткізіп, нәтижесінде 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құтқару­шыларды шомылу кезінде суға жас балалардың көп кететіні алаңдатады. Өткен жылдың статистикалық деректеріне қара­ғанда, жаз айларындағы суға түсу маусы­­мында еліміздің өзен-көлдерінде әр­түрлі себептермен 102 бала суға кеткен. Осын­­дай жағдайларға байланысты су жаға­лау­ларында орналасқан 115 балалар лагері құтқару қызметі тарапынан бақылауға алған. Құтқарушылар жазғы каникулдың баста­луы­на байланысты ата-аналардың өзен-көлдер мен су қоймалары жағасында ойнай­тын балаларына сақ болуын, олардың қауіп­­­сіздігіне жоғары жауапкершілікпен қарауын сұрайды.
– Өкінішке қарай, суға шомылу маусы­мы әлі басталмай жатып өзен-көлдерде адамдар өлім құшып жатқанына куә болып отырмыз. Бұл тек шомылумен ғана байла­нысты емес. Бұл – балық аулауға, ересек­тер­дің балаларды қараусыз қалды­руы­на бай­ланысты болып жат­қан қайғылы оқи­ғалар. Бүгінгі күні елі­мізде 28 адам қайтыс болған, оның 11-і – бала. Былтыр­ғы осы уақытта болған оқиға­лармен салыстыратын болсақ, өткен жылы 44 адам қаза болды, оның 25-і бала болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет бөлімшелері еліміздегі барлық бақылана­тын су айдын­дарында қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз етумен айналыса­ды. Күн сайын мыңнан астам адам су қоймаларында, өзен-көлдерінде шомылу­шы­ларға бақылау жасайды. Адамдардың суға батып қаза болуының алдын алу бойынша атқарыла­тын негізгі жұмыстардың бірі – халық ара­­сын­да ақпараттық-түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізу. Ондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде құтқарушылар республика тұрғындарына 144 мыңнан астам насихат өнімдерін таратты. Өзен-көлдерде балалар­дың суға кетуін болдыр­мауға ерекше көңіл бөлінеді. Балалардың суда қаза болуын болдыр­мау мақсатында, Төтенше жағдай­лар комите­тінің аумақтық бөлімшелері оқыту мекеме­ле­рімен бірлесіп, ата-ана­лар­ға су қауіп­сіз­дігі шаралары туралы ақпарат беріп, суға батып қаза табудың себептері туралы бейнеролик­тер көрсетілді. 883 рет жоспар­дан тыс ата-аналар жиналысы өткізілді. Осының барлы­ғы судан келетін қатерді әрқашан есте ұстау үшін жасалып жатқан шаралар, – дейді Юрий Ильин.

 

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*