«НҰР ОТАН» – НАҚТЫ ІСТЕРДІҢ ПАРТИЯСЫ

2675
0
Бөлісу:

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста «Нұр Отан» партиясын жүйелі жаңғырту және Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асы­рылуын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.


Жиынға Саяси кеңестің мүшелері – Үкімет, Парламент және Президент Әкім­шілігі басшылары, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжі­лістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың басшылары және бейнекон­ференция байланысы режимінде еліміз­дің барлық өңірінің өкілдері – облыс әкімдері, облыстық мәслихаттар­дың хатшылары, партияның облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Жүктелген міндеттің жүгі ауыр
Отырысты ашқан Мемлекет басшысы былтыр қараша айында өткен Саяси кеңес отырысында партия қызметін жаңғырту жөнінде бірқатар нақты тапсырма бер­геніне назар аударды.
– Біз партияның жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қаты­суы керектігін айттық. Ол жаңғыртудың басты қозғаушы күшінің біріне айналуы тиіс. Сонымен қатар партияның өзінде ғана емес, елде де кадрлық резервпен мақ­сатты жұмыстарды жүйелеу тапсы­рылды. Біздің жұмысымызда жаңа саяси технология­ларды белсенді пайдалану міндеті қойыл­ды, – деген Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысын жандандырып, партиялық білім беру ісін жетілдіру бойынша да бірқатар міндеттер жүктелгенін жеткізді.
Қазақстан Президенті бұл тапсыр­малардың түпкі мәні «Нұр Отанның» елдегі жетекші саяси күш ретінде пози­циясын одан ары нығайту екендігін баса айтты. Одан бөлек, пікір алмасу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жастарды кәсіби дайындау және бейімдеу, сондай-ақ «Бес әлеуметтік бастаманы» орындаудың детальдары мен механизмдеріне және оның іске асырылуына қоғамдық бақылау жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Аталған тапсырмалар мен партия қызметін жаңғырту аясында атқарылған жұмыстардың есебі жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынба­сары баяндап берді.
– Елбасы, партия Төрағасының «Нұр Отан» партиясын жүйелі жаңғырту жөнін­дегі тапсырмаларын орындау үшін соңғы айларда нақты шаралар атқарылуда. Олар­дың басты мақсаты – Мемлекет бас­шысының сенімді тірегі және экономи­калық, әлеуметтік, саяси, рухани са­ладағы Президент саясатының белсенді әрі негізгі орындаушысы және дә­ріптеушісі ретінде партияның әлеуетін одан әрі арттыру, – деді Мәулен Әшімбаев.
Елбасының көрегендігі мен кемел сая­сатының арқасында Қазақстан тәуел­сіздік жылдарында барлық салада толағай табыс­қа қол жеткізгенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мем­лекет басшысының ел алдына Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру мақсатын қойып отырғанына назар аударды. Бұл жөнінде ол: «Осыған байланысты партиямыздың алдында Қазақстанның жаңғыруына жүйелі түрде қатысатын стратегиялық күш болып қалыптасу міндеті тұр. Еліміздегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретін­де тың идеялар мен ұсыныстардың өзегіне айналу да – басымдықта­рымыздың бірі. Халықтың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы» да алдымыздағы жаңа межелерді анықтап берді, – деді.

Атқарылғанжұмыс ауқымды
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгінде партия тарапынан Елбасы тапсыр­маларын іске асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, партияның идеологиялық күн тәртібінің белсенділігі нығаюда. Екіншіден, жұмыс тәсілі мен форматы жаңғыртылуда. Бұл бағытта заманауи саяси технологияларды енгізу арқылы партия жұмысының тиімді­лігі мен нәтижелілігін арттыру үшін шара­лар қолданылды. Яғни, партия қызметі әлемде кеңінен қолданылатын жобалық басқару жүйесіне көшуде. Осыған орай партия жұмысына PRINCE 2 жобалық басқарудың британдық үлгісі енгізіліп, нұротандықтарға жаңаша жұмыс істеу тәсілі үйретілуде.
Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта партия жалпы жұмыстың орнына халық­тың игілігіне арналған партиялық жоба­ларға басымдық беретінін айтып: «Бұдан былай жұмы­сымыздың нәтижесі өткі­зілген іс-шаралар мен оған қатысушы­лардың санымен емес, халыққа нақты пайдасын тигізген, еліміздің дамуына және Елбасы айқындап берген мақсаттарға қол жеткізуге үлес қосқан жұмыстармен екшеледі», – деді.
Сонымен қатар партияның ұйымдас­тырушылық құрылымы жетілдірілуде. Құрылымдық бөлімдердің міндеттері мен қызметтері айқындалып, барлық жоба­лық жұмысты үйлестіретін портфолио-кеңсе өз жұмысын бастаған. Қазіргі за­манғы әдіс-тәсілдердің негізінде партия­ның кадрлық жұмыстарымен айна­лысатын HR-қызмет те құрылған.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмаларын орындау бары­сында бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алып отыр. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жобалар бар. Бұдан басқа жалпыұлттық күн тәртібіне және стратегиялық бағдарламалық құжаттарды дайындауға белсене қатысу, партияның кадрлық резервін жанданды­ру, еліміздегі жастар саясатын одан ары жетілдіру, партияның талдау және са­раптау әлеуетін арттыру сияқты бірқатар нақты бағыттар бойынша да арнайы жобалар жүзеге асырылатын болады.
Маңызды бастамаларды жан-жақты талқылау үшін NurOtanTrends және Nur­OtanTalks атты жаңа форматтағы пікірта­лас алаңдары құрылды. Алдағы уақытта бұл жерлерде мемлекеттік бағдарламалар жобасы, заң жобалары және қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланатын болады.

Жаңғырудың нақты нәтижесі
Осы ретте партиялық жобаларға кеңі­­­нен тоқтала кеткен жөн. «Нұр Отан» пар­тиясы жаңғыру аясында 22 жо­баны жү­зеге асыруды көздеп отыр. Оның ішін­де цифрландыру үдерісіне үлес қосуға ба­ғытталған ІТ сыныптар мен орталықтар ашу ісі бар. Партия Тө­рағасы Бірінші орын­басарының сө­зіне қарағанда, IT сы­ныптардың кө­те­рер жүгі салмақты бол­мақ. Жоба ая­сын­да еліміз бойынша тегін 1000 ІТ сы­нып ашылып, онда жылына 8-16 жас ар­а­лығындағы 150 мың бала бағ­дар­­ла­малау және робот техникасының не­­гіздері жайында тереңдетілген білім ала­­ды. Бұл бастама мектептерге фа­куль­тативті пән ретінде енгізіліп, үш ай­лық жә­не алты айлық курс ретінде жүр­гізіледі. Биыл еліміз бойынша 280 сы­нып ашу жоспарланып отыр. Қа­зір­дің өзінде 56 ІТ сы­нып ашылып, жас ба­­лаларға ин­но­вациялық білім беруді бас­тап кеткен. Олар Ақтөбе, Қарағанды, Пав­лодар, Маң­ғыстау, Қостанай об­лыстары мен Ас­тана және Алматы қа­лаларында ашыл­ған. Мұндай сы­нып­тарда балаларды ІТ ма­мандар еуро­па­лық стандарттарға сай ар­найы бағ­дар­лама негізінде оқытады. Партияның бұл бастамасы «Туған жер» бағ­дар­ла­ма­сы аясында демеушілердің қол­дауымен жүзеге асырылуда.
Халықтың цифрлы сауаттылығын арт­­тыруға бағытталған келесі пар­тия­лық жоба – ІТ мамандар даярлау баста­ма­сы. Бұл жоба бойынша елімізде жұ­мыс беру­ші ІТ компаниялар мен ірі жо­ғары оқу орындарының базасында 20 ІТ орталық ашы­лып, жылына 35 мың адам білім ала­ды. Олардың қатарына жұ­мыссыз және өзін-өзі жұмыспен қам­тыған жастар да жұмылдырылады. Орталық түлектерінің жұ­мысқа ор­на­ласуына «Атамекен» ұлт­тық кәсіп­кер­лер палатасы қолдау көр­сетпек. Ал олар­дың ішіндегі ең біліктілері өзде­рі­нің стартаптары бойынша жұмыс іс­­теуге мүмкіндік алады. Барлық ІТ сы­нып­тар мен ІТ орталықтар – Astana Hub елор­дамыздың жаңа технологиялық алаңын­да біріктіріледі.
Бұдан басқа, партияның барлық қыз­ме­тін цифрландыруға бағытталған «Цифрлы партия» жобасы қолға алын­ға­нын атап өткен жөн.
Еліміздегі жетекші саяси күш болып са­­налатын «Нұр Отан» партиясы ша­ғын жә­не орта бизнесті қолдауға арнал­ған жо­баларды да жүзеге асырмақ. Со­ның ішін­дегі кәсіпкерлерге арналған бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын пор­тал жобасының басты мақсаты – кә­сіпкерлік саладағы мемлекеттік қыз­меттерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең озық үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің еліміз бойын­ша коммерциялық мақсаттағы жер те­лімдері мен аукциондар туралы толық мә­лімет алуына, бизнес жүргізудің бі­рың­ғай стандартын енгізуге және Электронды үкімет жұмысын жандан­дыру­ға мүмкіндік туады. Сол арқылы пар­тия осы саладағы көлеңкелі тұстардың ал­дын алуды көздеп отыр.
Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік са­ла­дағы ынтымақтастығын одан ары ны­ғайту үшін де партия: мектеп асхана­ла­рының жұмысын жаңғыртып, спорт алаң­дарын қайта қалпына келтіруді қолға алды. Бұл жұмыстар жергілікті әкім­дік­термен бірлесіп жүргізілмек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойын­ша партия тарапынан ауылдық жер­лерде ағылшын тілін үйренуге қолай­лы орта қалыптастыруға және елімізде ерік­тілер қозғалысын дамытуға басымдық бе­ріліп отыр. Соған байланысты ағылшын ті­лін еркін меңгерген 500 қазақстандық жә­не шетелдік жас ерікті Teach For All жаһандық желісі арқылы ауылдық мек­тептерге жіберілмек.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бі­рін­ші орынбасары есебінде «Нұр Отан­ның» бастамасымен отандық кітап­ха­на­ларды заманауи білім орталықтары ре­тінде қайта құрып, олардың жұмысын жан­дандыру ісі де қолға алынатынын жет­кізді. Соның нәтижесінде, бірыңғай он­лайн кітапхана жүйесі қалыптасып, елі­міздегі барлық кітап қоры электронды фор­матқа көшіріледі. Кітапханаларда жас­тарға арналған қызықты лекциялар ұйым­дастырылып, пікірталас алаңдары жұ­мыс істейді.

Жүйелі жоспар – жетістік кепілі
Жалпы, «Нұр Отан» партиясын транс­фор­мациялаудың жеті бағытын қарас­тырған Партиялық жаңғырудың нақты жоспары дайындалғанын айта кетейік. Бі­ріншіден, партиялық кадрлармен жұ­мыс­ты күшейту бағыты бойынша «2018-2020 жылдарға арналған «Партиялық кадрлар» бағдарламасы бекітілді. Сол ар­қылы мансаптық ынталандыру, кәсіби құ­зыреттілікті арттыру, кадрларды рота­ция­лау және тәлімгерлік институт тәжі­ри­бесін енгізу тәсілдері түбегейлі қайта қа­ралды. Жергілікті өкілдік етуші орган­дарды қалыптастырудағы партияның рө­лін арттыру бағыты бойынша пар­тия­ның бастамасымен мәслихат депу­тат­та­рын сайлаудың пропорционалды жүйе­сіне өтуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Жоғарыда айтылған жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсене қатысу мақ­сатында, партия негізгі мемлекеттік жә­не үкіметтік бағдарламалардың іске асы­рылуына жүйелі бақылауды жүзеге асы­руға және Демократиялық күштердің жал­пыұлттық коалициясы шеңберінде сая­си партиялармен және азаматтық қо­ғам институттарымен өзара іс-қимылды кеңейтуге кірісіп кетті. Партиялық тех­но­логияларды жетілдіру бағыты бойынша ме­диалық ресурстарды жаңғырту және пар­тияның интернет пен әлеуметтік же­лілердегі ақпараттық жұмысының жаңа фор­матын енгізу бастамалары қолға алын­ды. Бүгінде жыл басынан бері пар­тия­ның ресми парақшаларына жазылу­шы­лар саны 163 мың адамға артты.
Жастармен белсенді жұмыс – ба­сым бағыттардың бірі. Биылғы наурыз айы­ның соңында «Жас Отан» Жастар қа­натының IV Съезі өтіп, оған 1,5 мың адам қатысты. Алғаш рет Қазақстанда осын­дай ауқымдағы іс-шара VR (вир­туальді шынайылық) форматында тікелей эфирде көрсетілгенін ерекше атап өткен жөн.
Партияның аналитикалық әлеуетін ны­ғайту үшін Саяси талдау және ст­ра­тегиялық зерттеулер орталығы – Талдау жә­не болжау орталығы мен Стратегиялық бас­тамалар орталығын қамтитын, «Талдау, бол­жау және стратегиялық бастамалар инс­титуты» болып қайта құрылды. Цифрлы партия шеңберінде партияның дер­бес Big Datа-сына айналатын, барлық ақпарат жинақ­талатын Е-аналитика ре­сурсы құрылуда. Бұл жағдайды анықтап қа­на қоймай, ел дамуының түрлі мә­се­ле­лері бойынша болжамды бағаларын жа­сауға мүмкіндік береді. Институттың тал­дау жұмысы Үшінші жаңғыруды іске асы­рудың өзекті мәселелерін: шағын жә­не орта бизнесті дамыту, халықтың іс жү­зіндегі табысының өсуі, цифрлы тех­но­логиялардың аза­маттардың өмір сапа­сына әсер етуі, ақпараттық қоғам жағ­дайынд­а қоғамдық санадағы өзгерістерді зер­делеуге бағытталады. Жұмыс сарап­шы­ларды кеңінен тарту, аталған мәсе­лелерді талқылау мен жан-жақты пысық­тау арқылы жүргізіледі.
Партиялық білім берудің сапасын арт­тыруға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл бағыт бойынша Саяси менедж­мент академиясы құрылды. Осы жылдың наурыз айында партиялық білім берудің жаңа бағдарламасы бекітіліп, сол бойын­ша тыңдаушылардың академияда, Назарбаев университетінің базасында және Қа­зақ­стан Республикасының Президенті жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сында оқуына мүмкіндік туды. Оқытуға орталық мемлекеттік органдардың бас­шы­лары, танымал қазақстандық саясат­кер­лер, отандық және шетелдік сарапшы­лар жұмылдырылады. Академия тыңдау­шы­лары кейін партиялық кадрлық ре­зервке ұсынылады.

Бас қаладағы басым бағыттар
Бұдан басқа отырыста Астана қала­сы­ның әкімі, партия қалалық филиалының тө­ра­ғасы Әсет Исекешев сөз алып, елор­да­мызда атқарылған жұмыстарға тоқтал­ды.
– Бүгінде Астанада 230 мыңға жуық жас азамат бар. Сондықтан «Жастар мәс­ли­хаты» атты жобаны қолға алдық. Нәти­же­сінде, 45 округ бойынша 45 жас депутат сай­ланды. Олар жастар мәселесі бойынша қа­лалық мәслихатпен бірге жұмыс істей­ді. Астана халқын жұмыспен қамту ісі де ұдайы басты назарымызда. Қазіргі таңда қаламызда 500 мың тұрақты жұмысы бар тұр­ғын болса, оның 300 мыңы шағын жә­не орта бизнес саласында істейді. Біз­дің есебіміз бойынша шамамен 2023 жы­лы еңбекпен қамтылған астаналықтар са­ны 650 мыңға жетеді. Бұл – тағы 150 мың жұмыс орны құрылады деген сөз. Осы­ның бәрін ескеріп сұранысқа ие ма­ман­дықтарға оқытатын арнайы курстар аштық. Сол арқылы жыл соңына дейін 30 мың адам оқытылады, – деді Ә.Исекешев.
Өз сөзінде қала басшысы Астанадағы цифрландыру жұмыстарына да тоқталып, басым бағыттарды тілге тиек етті.
Келелі кеңесте нұротандықтар Мем­ле­кет басшысына «Бес әлеуметтік баста­ма­ның» жүзеге асырылуына қоғамдық ба­қылау мен мониторинг жүргізу барысы ту­ралы есеп берді. Бұл жөнінде Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бастамасының жү­­зеге асырылуын бақылау жөніндегі Қо­­ғамдық кеңестің жетекшісі, Сенат де­пу­таты Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, партия тара­пы­нан осы мақсатта «Жедел желі» іске қо­сылған. Сол арқылы халық әлеуметтік бастамаларға қатысты түсіндіру жұмыс­тары бойынша байланысқа шыға алады. Елбасы бастамаларын талқылау бойынша әлеуметтік желілерде онлайн-трансляция жүйесінде Жалпыұлттық ашық дәрістер ұйым­дастырылып, партияның ресми сай­тында 5bastama атты арнайы айдар ашыл­ған.

Жаңа міндет жаңа биіктерге жетелейді
Басқосудың күн тәртібіндегі мәселе­лер­ге байланысты баяндамаларды тың­да­ған Елбасы мемлекеттік бағдарла­ма­лар­ды жүзеге асыру және олардың орын­далуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстан Президенті әлемдік даму­дың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.
– Біз жүзеге асыруды жоспарлап отыр­­­­ған жұмыстардың бәрі бәсекеге қа­бі­летті болуымыз үшін қажет. Эко­но­ми­каның үшінші жаңғыруы, «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспары біздің тарапымыздан ат­­қарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық ай­қындап берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын және партияның цифрландыру саласындағы жобаларын орындаудың маңыздылығына назар ау­дарды.
Қазақстан Президенті Астана эко­но­ми­калық форумының қорытындысы бойын­ша шығарылған шешімдер жөнінде кеңінен әңгімеледі.
– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапалы болуы талап еті­леді. Бұл – мемлекеттік қызметті же­тіл­діру деген сөз. Мемлекеттік қыз­мет­ке қабылдау үдерісінің ашықтығын қам­та­масыз ету және меритократия қағида­тын ілгерілету мәселелерін шештік. Бұл қа­дамның орындалуын партия қадағалауы ке­рек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ин­вестиция тарту және бәсекеге қабілетті ел­ді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
– Инвестициялар заң үстемдігі қам­та­масыз етілген, келісімшарттары сақ­тала­тын, білімді мемлекеттік қызметшілер жұ­­­мыс істейтін елге ғана келеді. Ал қазіргі жағ­­­дайдағы бәсекеге қабілеттілік – цифр­лан­­­дыруды дамыту, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сы­байлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифрлан­дыру­дың тиімді екенін айтты. Мемлекет бас­шысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнім­діліктің өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы экспортын арттыру мә­селелеріне тоқталды.
Қазақстан Президенті жаңа жобалар­ды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қойыл­ған міндеттердің маңыздылығы жө­нінде де айтты.
– Ел ішінде қолайлы әлеуметтік жағ­дай болғанда ғана мемлекет табысты жұ­мыс істейді. Бұл – Үкіметтің басты мін­деті. Мем­лекет тарапынан атқарылып жат­қан жұ­мыстың бәрі халыққа арналған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Елбасы партияның тың бастамаларының өзектілігіне назар аударып, бизнесті дамытуға қатысты жо­­балардың маңызына тоқталды.
– Біздер бизнестің қыр-сырын еркін мең­г­еруіміз керек. Өйткені мемлекеттің тұрақ­ты болуының бір жағы бизнеске бай­ланысты. Кез келген адамның өз ісі, үй-жайы, жағдайы болатын болса, онда ол осы мемлекеттің, заңының тұрақ­ты­лы­ғын қалайды. Отансүйгіштік содан бас­талады, – деді Мемлекет басшысы.
Партияның заман талаптарына сай ма­мандықтар бойынша оқыту баста­масы да игі істердің бірі екенін айтқан Елбасы, елі­мізде білікті мамандардың жетіс­пей­тінін баса айтты. Мемлекет басшысы бү­гінгі мәселе жұмыссыздықта емес, ма­ман­дықтың жоқтығында екенін назарға алып, осы мәселені тыңғылықты қарас­тыру керектігін жеткізді.
Сондай-ақ Елбасы қазіргі таңда «Нұр Отан» тек саяси ғана емес, сонымен қатар нақ­ты істердің партиясына айналғанын да айрықша атап өтті.
Іс-шара соңында Қазақстан Пре­зи­денті партияның барлық тың бас­та­ма­ларына қолдау білдіріп, Үкімет пен әкім­дік­терге оларды тиімді жүзеге асыру­ға бел­сене қатысуды тапсырды. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы партия қызметін одан ары жандандыру жөнінде бірқатар нақ­ты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Премьер-ми­нистрдің орынбасары Ерболат Досаев, Қара­ғанды облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Ғалымбек Жақ­сы­лықов, «YBYRAІ жас программистер ли­га­сы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзи­за Шөжеева, партияның Павлодар об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Илья Теренченко, әл-Фара­би атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­те­тінің әлеуметтік даму жөніндегі прорек­торы Шолпан Жаманбалаева, «Жас Отан» Жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбек және «Огни Алатау» Алматы облыстық газетінің бас редакторы Атсалим Идигов сөз сөйледі.


Пікір

Ерболат ДОСАЕВ,
Премьер-министрдің орынбасары:
– Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы адами капиталды дамытудың жаңа деңгейіне көтерілуге, табысты арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мол мүмкіндік береді. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет Жол картасын бекітті. Бүгінде сол бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Жалпы, аталған Жол картасы аясында 35 іс-шара қарас­тырылған. Өткен наурыз-мамыр айларында соның 20-сы іске асырылды. Соның ішінде бастамаларды жүзеге асырудың заңнамалық негізі қалыптасты.
Үкімет Бастамалардың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңеспен тығыз жұмыс істейді. Соған сәйкес 4 мамырда Жол картасы бойынша алғашқы есеп берілді. Мұндай өзара іс-қимыл, «Нұр Отан» партиясының жүйелі бақылауы әр бастаманың тиімділігін арттыра түседі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс одан ары күшейтіліп, Елбасы тапсырмасының сапалы орындалуына барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты:
– Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Біздің ең басты міндетіміз – бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан Қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Біріншіден, Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг және бақылау жүргізуді үйлестіру. Екіншіден, әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Үшіншіден, бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау, оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлап, мемлекеттік органдарға жолдау және оның сапалы орында­луына атсалысу. Үкімет бекіткен Жол картасы – біздің осы бағыттағы жұмыстарымыз­дың негізі.
Осы жұмыстардың аясында бес бағыт бойынша Кеңестің жұмыс топтары және өңірлік кеңестер құрылды. Мемлекеттік органдармен, жетекші саяси партиялармен, Қазақстан халқы ассамблеясымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Кәсіподақтар федерациясымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеудің тұрақты механизмі қарастырылды. Бізге Сенат пен Мәжілістегі депутаттық корпус – бастамаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заңнамалардың дайындалуына және қабылдануына атсалысып, жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Кеңестің 4 мамыр күні өткен алғашқы отырысында және одан кейінгі жұмыс топтарында бастамалардың жүзеге асырылуы кеңінен талқыланды. Оған барлық жауапты министрліктер мен Ұлттық банк өкілдері белсене қатысты.
Мемлекетіміздің бүгінгі жеткен биігі мен ертеңгі жарқын болашағы Елбасымыздың есімімен тікелей байланысты. Бес әлеуметтік бастама да еліміздің қарқынды дамуы мен халықтың тұрмысын жақсарту үшін аса маңызды бағдарламалардың жалғасы екенін тағы бір атап өткім келеді. Сондықтан Елбасының бұл бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг және бақылау жүргізу жөніндегі тапсырмасы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Ендеше, бар күш-жігерімізді жұмсап, жүктелген міндеттерді абыроймен орындау үшін еңбек етеміз.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
– «Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларымен таныстық. Олардың ішінде кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінген. Кәсіпкер ретінде де, қарапайым азамат ретінде де аталған жобаларды толық қолдаймын. Ең бастысы, партия бұл жобаларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп іске асырғалы отыр. Соның ішіндегі мектеп асханаларын жаңғырту және ондағы тағамдану сапасын арттыру бастамасы қолдауға лайық. Өйткені барлығымыз балаларымыздың дені сау және табысты болып өсіп-жетілуін қалаймыз. Сондықтан бизнес-қауымдастық бұл жобаға белсене кірісуге дайын. Бүгінде бұл саладағы кемшін тұсымыз инвестиция салудың тиімсіздігінде болып тұр. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мектеп басшылары асханаларда қызмет көрсету қызметіне тендерді жыл сайын жариялайды. Жылдың 3 айға жуығы тендерге қатысуға кетеді, ал қалған 6 айда ғана қызмет көрсетіледі. Сондықтан бизнестің инвестиция салуына немесе ұзақмерзімді шарттар жасауына мүмкіндік беретін тиімді механизмдер қарастырылуы қажет деп ойлаймын. Мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу жобасы да өзекті мәселе. Бұл инфрақұрылымды балалар ғана емес, ересектер де пайдаланатыны өте маңызды. Бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінің аясында жүзеге асыруға даяр екенімізді жеткізгім келеді. Цифрлы экономика үшін кадрларды даярлауға арналған IT орталықтар мен IT сыныптар ашу – ең маңызды бизнес жоба. Себебі, қазір бізге мамандар да, біз жасаған сервистерді қолдана алатын орта да өте қажет.
Әзиза ШӨЖЕЕВА,
«YBYRAІ жас программистер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі:
– «Нұр Отан» партиясының жаңа бастамалары қазіргі таңда өте өзекті. Соның ішінде бағдарламалауды мектеп жасынан бастап үйретудің берері мол. Бұл бүгінде әлемдік трендке де айналып үлгерді. Мәселен, Қытайда бағдарламалау «жаңа ағылшын тілі» ретінде танылып, ол барлық мектепте жаппай үйретілуде. Ал әлем бойынша ең ақылды қала саналатын Сингапурда бұл бастама балабақшадан бастап оқытылады. Сондай-ақ Францияда 2013 жылы цифрлы индустрия маман тапшылығына ұшырап, соның нәтижесінде балалар мен ересектерге арналған бағдарламалауды тегін оқытатын курстар ашылды. Осындай тәжірибелерді ескерсек, «Нұр Отан» партиясының бұл бастамасы өте маңызды әрі қолдауға лайық екенін аңғарамыз. Партияның ІТ орталықтар ашу бастамасы да көңілге қуаныш ұялатады. Себебі, бұл жоба арқылы көптеген жұмыссыз қазақстандықтар кәсіптің жаңа түрін меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Яғни, аталған орталықта бағдарламалау негіздерін үйреніп, білікті маман болып шықсаң, осы саладағы әлемдік нарыққа жол ашылады. Мамандардың есептеуінше, бүгінде мұндай фриланс-нарықтағы тапсырыс көлемі 3,5 трлн АҚШ долларын құрайды. Сондықтан ІТ орталықта білім алған жандар алдына нақты мақсаттар қойып, осындай кеңістікте өз орнын айқындауы тиіс. Оған мемлекет тарапынан да, партия тарапынан да барлық жағдай жасалып отыр.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО,
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– 415 бастауыш партия ұйымының басын біріктіретін, 67 мыңнан астам партия мүшесі бар Павлодар өңірлік филиалының өкілімін. Былтырғы қарашада өткен Саяси кеңес отырысында Елбасы: «Саяси жұмыс пен экономика қатар жүреді. Экономикалық табыс болмаса, партия жұмысының жетістігі де көрінбейді», – деген болатын. Сондықтан да барлық партиялық жаңа жобаларды олардың келешектегі экономикалық тиімділігі арқылы есептедік. Соның арқасында елдегі партиялық жобаларды жаппай жүзеге асыруды алғашқылардың бірі болып бастадық. Осы ретте «IТ мамандарды даярлау» және «Балалар үшін тегін IT сыныптары» жобаларына тоқтала кетсем. Бүгінде Павлодардағы бірінші IT орталығымызда 20 адам оқуға кірісті. Алғашқы түлектер «Павлодар» АЭА кәсіпорындарында, атап айтқанда, «УПНК-ПВ» мұнай коксын өндіру мен «Каустик» АҚ-тың хлор өндірісінде жұмыс істейді деп жоспарлануда. Біздің бастамамызбен қалалар мен облыстағы ауылдарда балаларға арналған 20 IT сыныбы ашылды. Мәселен, Жезқазған ауылының балалары қазіргі заманғы америкалық тәсіл бойынша бағдарламалаудың қыр-сырын үйренуде. Бұл ауыл Павлодардан 180 шақырым алыс қашықтықта орналасқан. Тап осындай орталықтар шалғайдағы Ертіс пен Баянауыл аудандарында да ашылды. IT сыныптардың әрқайсысына кәсіпкер, осы ауданның және ауылдың тумасы қолдау көрсетуде. Бұл тәжірибеден басқалар да үлгі алуы тиіс деп есептеймін.
Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры:
– «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде жаңа партиялық жобалардың уақыт рухына жауап беріп, жастардың танымы мен мүддесіне сай келіп жатқанына шын жүректен қуанамын. Мысалы, елдегі кітапханаларды өзгерту мәселесін алайық. Бұл қадам жұмысты жоғары технологиялық және зияткерлік-демалыс форматына көшіру мүмкіндігін қарастырады. Сондықтан университетіміздегі ғылыми кітапхананы осы бағытта жаңғырттық. Сонымен бірге, бүгінде Жамбыл атындағы қалалық кітапхана да өзгертіліп, мүлде басқа инновациялық үлгіде қызмет көрсетуде. Мұндай тәжірибенің пайдасы зор болады деп ойлаймын. Алматының жоғары оқу орындары ағылшын тілін дамыту жөніндегі партияның барлық білім беру жобаларына белсенді атсалысуға дайын. Біз ағылшын тілін білетін өз студенттерімізді тәжірибеден өтіп, волонтерлік қызметпен айналасу үшін ауыл мектептеріне жіберетін боламыз. Елімізді цифрландыруға бағытталған жобалардың да маңызы өте зор. Бұл – өте үлкен және маңызды іс. Біз цифрлы университет құрдық. Қазір ғылыми зертханаларды, дизайн студиялар мен 3D принтерлерді, инновациялық шеберханаларды, коворкинг-орталықтар мен Igeneration бизнес-инкубаторын біріктіретін IT технопаркін құру жұмысымен шұғылданып жатырмыз. Бұл алаңды IT мамандар даярлау бойынша партиялық жобаларды іске асыру үшін беруге әзірміз.
Уәлихан БОЛАТБЕК,
«Жас Отан» Жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:
– Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша белсенді жастар саясаты «Нұр Отанның» негізгі бағыттарының біріне айналды. Бүгінде партиямыз айналысатын бүкіл игі істерге жасотандықтар да өз үлесін қосуда. Соның аясында наурыз айында «Жаңа әлемге жол саламыз!» деген атаумен жаңа форматта IV Съезімізді өткіздік. Оның алдында ұйымымыздың Орталық кеңесі мүшелерінің тең жартысы тұңғыш рет интернет арқылы ашық түрде сайланған болатын. Съезге еліміздің барлық өңірінен мың жарымнан аса жастар қатысты. Біз екі күн бойы «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», кәсіпкерлік, білім, ғылым, инновациялар, басқа да ел дамуына қатысты өзекті тақырыптарды жан-жақты талқылап, өз идеяларымызбен бөлістік. Олар бойынша 100-ден астам нақты жоба ұсынып, «Жаңа әлемге жол саламыз!» атты қорытынды құжат қабылдадық. Одан бөлек ауқымды жобаны қолға алдық. Ол – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қатысты Digital Nation жобасы. Яғни, Орал, Қарағанды, Шымкент, Семей қалаларында 4 бизнес-инкубатор ашып, 3D принтерлер орнатамыз. Бұл жерде жастар өздерінің стартап жобаларын әзірлеп, жүзеге асыратын болады. Ауылдық жерлердегі замандастарымыздың ағылшын тілін үйренуіне де жасотандықтар өз үлестерін қосады. «Жас Отан кітапхана» жобамыз бойынша 10 мың электронды кітап, қазақ тіліне аударылды. Келешекте осы бағыттағы жұмыстарымызды одан ары жалғастыратын боламыз.
Атсалим ИДИГОВ,
«Огни Алатау» Алматы облыстық газетінің бас редакторы:
– Президенттің Бес бастамасын халық шын қуанып, зор үмітпен қабылдады. Мысал үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасын алайық. Іс жүзінде бұл – тұрғын үй саласындағы зор жетістік. Үш жыл ішінде біздің облысымызда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Соның өзінде пәтер алу кезегінде 40 мыңнан астам отбасы тұр. Елбасының бастамасы оларға таяу болашақта баспана мәселесін шешуге нақты мүмкіндік беріп отыр. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы ассамблеясымен, барлық азаматтық қоғаммен бірге Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға бақылау жүргізу бойынша жүйелі жұмысты бастап кетті. «Нұр Отанның» қамқорлығымен құрылған кеңестердің барлық еліміз бойынша жұмыс істей бастағанын атап өткім келеді. Бұл жұмысқа депутаттық корпустың, ҚХА-ның, азаматтық белсенділердің, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-тың әлеуеті тартылған. Ендігі біздің негізгі мақсатымыз – әлеуметтік жаңғыру бағдарламасының өз уақытында және сапалы жүзеге асуына бақылау жасау. Кеңестер ахуалға бақылау жүргізіп, проблемаларды анықтап, баға беріп, жіберілген кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар айтып отыратын болады.
Аят СҮГІРБАЙ,
Маңғыстау облысының жас кәсіпкері:
– Елбасымыздың Бес әлеуметтік бастамасын біз ерекше ықыласпен қабылдадық. Әсіресе, шағын несилендіру бастамасы еліміздің көптеген жұмыссыз жастарына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасы мен студент жастар үшін жатақханалардың салынуы біз үшін зор қуаныш болды. Өз басым Елбасының бұл бастамасын қолдаймын және олардың жүзеге асуына өз үлесімді қосамын. Кәсіпкер ретінде қазіргі таңда Маң­ғыстау облысында Мемлекет басшысының бастамасымен «Нұр Капитал» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Сол бағдарлама бойынша 1 пайызбен несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Бүгінде барлық өңірде әлеуметтік бастамалар бойынша қоғамдық кеңестер құрылды. Олардың мақсаты – бастамалардың нақты жүзеге асуын бақылау. Осы ретте бұл бағыттан қалыс қалмай, әлеуметтік маңызы аса жоғары Елбасы бастамаларының жүзеге асырылуына атсалысамыз.


Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*