Біртановқа енді бірдеңе айтуға бола ма?

791
0
Бөлісу:

Соңғы үш жылда  менингитпен ауырмаған адам қалмаған екен. Неге үндемей келгенбіз? Министр айтқандай, адам өлімі болса да, карантин жариялаудың қажеті жоқ екен.  Биыл ең алғашқы науқас  30 сәуір күні тіркелді. Содан бері бір айдан астам уақыт өтсе де, жұрттың алдына енді шығып отырған Біртановқа енді бірдеңе  айтуға бола ма?  

–Жыл басынан бастап 58 науқас менингитпен тіркелді. Олардың арасында 18 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы 58 науқастың арасында жыл басынан бастап 12 жағдай өліммен аяқталды. Өкінішке қарай, 5 өлім 14 жасқа дейінгі балалар арасында болды. Жалпы басқа жылдармен салыстырғанда 2015 жылы – 400 науқас    сырқаттанды.  2016 жылы -160 науқас, өткен жылы -62 болса, 2013 жылы -17, ал 2014 жылы – 119 сырқаттану тіркелді. Жыл сайын науқастардың саны өзгеріп отырады, ол циклға байланысты. 2013 жылы -18 адам, 2014 жылы- 15 адам, 2015 жылы -21 адам, 2016 жылы – 7 адам, 2017 жылы – 11 адам, биыл жыл басынан бері менингиттен 12 адам көз жұмды. Ең бірінші науқас сәуірдің 30 күні тіркелді, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистермен кездесуде.

Министр Біртанов баспасөз мәслихатында елді дүрлікпеуге шақырды. Осыған байланысты «тек қана ресми ақпарат көзіне сенудің дұрыс екенін» айтты. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі қажетті жұмыстар жүргізіп жатқанға ұқсайды.

–Менингококк жұқпасынан көз жұмғандардың санын жасырмаймыз. Қазір карантин жариялаудың қажеттілігі жоқ, өйткені ресми тіркелген жағдайлар саны шекті деңгейден төмен. Сондықтан қазақстандықтардан осыған дейін дәрігерлердің айтқан ұсыныстары мен кеңестерін сақтауды сұраймыз.

Жалпы алғанда, бүгінге дейін 128 адам осы инфекцияға байланысты ауруханаға жатқызылды. Олардың 82-сі жазылып шықты, 12 адам қайтыс болды. Әлі 34 пациент емделіп жатыр, олардың жетеуі – реанимацияда, – деді Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі аурудың көбі Алматы  қаласынан таралып  отырғанын айтты. Бірақ министр журналистер сауалына барынша жауап беруге тырысқанымен, көкейде көп сауал қалды. Бір ғана мысал, соңғы 4 жылда аталған аурумен 758 адам ауырған. 2013 жылдан бергі  5 жылда менингит жұқпалы ауруынан барлығын қосқанда 84 адам қайтыс болыпты. Демек, проблема бар, ол бүгіннен басталған жоқ. Неге онда бұл мәселе осы күнге дейін ашық айтылмады, неге жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді? Бүгін Біртанов неге бірдеңе айтып отыр?  Демек, бұдан шығатын тұжырым, оған министрлік те, халық та мән бермей келген ғой, сонда…  Мемлекет инфекцияға қарсы тұра алмаса, онда неге тәуелсіз ел болып одан сақтана алмай отырмыз? Журналист Халима Тәжіғұл айтқандай, ақиқаты –  «Үкіметтің инфекцияға қарсы иммунитеті әлсіз болып шықты». Бірақ биылғы жанайқайдың жөні бөлек. Оны әлеуметтік желіде жазылып жатқан жазбалардан-ақ байқауға болады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ НЕ ДЕЙДІ?

Гүлбану Әниятқызы: «Мемлекет инфекцияға қарсы тұра алмайды! Неге түсінбейсіздер?» Біртанов.

Jazira Bekmagambet: Олардың «өз адамдары» ауырмайынша, саусағының ұшын да қимылдатпайды.

Жанбота Сұлтанмұратқызы: Менингиттің уколы 22 мың теңге дейді, оны кім салғызып  алады? Көп балалы отбасылардың күні қараң ғой… Ендігіде ақшасы жоқтар өле береді деген сөз ғой…

Сәуле Әбілдаханқызы: Халықтан басқа ештеңеге, ешкімге қарсы тұра алмаса атасының басына мемлекет боп тұр ма?… Атасының басына министр боп отыр ма? Эпидемияға ең алдымен министрлік қарсы тұру керек. Білікті маман жоқ демек…

Нышанбек Кұрсакбайұлы Сүйіншібаев:Мемлекет емес, билік кінәлі осы жағдайға әкелген! Мемлекет халық болмаса қайдан болады? Егер, бұдан зор қиын жағдайлар болса, ел жағдайын көзге елестету қиын!

Айдос САРЫМ:Талайды көрген, естіген әкем, ауылдағы туыстар ызвандап, «Байқап жүріңдер, далаға көп шықпаңдар» деп жатқаннан кейін-ақ менингит деген тақырыптың өршіп, жұртты алаңдатып отырғанын түсінуге болады.
Мен дәрігер емеспін. Ауруды емдеуден хабарым жоқ адаммын. Есесіне ақпарат дегеннен аз-маз хабарым бар. Соның заңы бойынша мәселе әбден шешілгенге дейін эфирден түспеу керек. Біртанов болсын, нөкерлері болсын, барша эфирді ерттеп мініп, журналистерді мезі қылатын жағдайға жеткізуі шарт. Басқа жолын көріп отырған жоқпын.

Тұрсын Қалимова: Денсаулық саласы министрі…елдегі климаттық жағдайларды ескеріп, ауа райының күрт өзгерісіне байланысты дамыл таппай, халықты қатерлі сырқаттан, жұқпалы аурулардан жақтары талғанша сақтандыруы керек еді… «Ұлтты, халықты сақтаймын» деген елдерде осылай сауатты қадам жасайды. Бізде міндетті түрде адамдар да, малдар да қырылуы керек…Адамзаттың жаны жұлымдалып, көз жасы жаңбырдай төгілуін күтеді… Құдайдың бізге, біздегі саналы халықтың Аллаға деген имандай сенімі ғана сақтап тұр…

Ербол Азанбек: «Оң әсер беруі үшін кемінде 28 күн, 1 ай керек. Дұрысы, имуниттетті түсірме, қазы-қарта же, қымыз, шұбат, жеміс-жидек же, спортпен айналыс, адам көп жүретін жерге барма», –деді таныс дәрігер.
Халима Тәжіқұл:Үкіметтің инфекцияға қарсы иммунитеті әлсіз болып шықты. Халық өз иммунитетін өзі көтеруі керек. Үкімет пен халық арасында сына ұлғаймаса, тарылмапты. Әйтпесе, бүгін үкімет өкілдері менингиттен көз жұмғандардың туыстарына көңіл айтуы тиіс еді. Бұл заңда жоқ талап, бірақ қазақы санада бар дүние.

Айнұр Сағиева: Бұл ауру биліктегі біреуді алып ұрғанда барып дабыл қағылатын болады

Халима Тәжіқұл: Оларды алып ұрмайды, себебі, олар витамині көп тағам ішеді, күтінеді. Бұл  иммунитеті әлсіздерге жұғады.

Дайындаған Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*