Түлектерге тура жолды көрсетті

510
0
Бөлісу:

Мектеп бітірушілер үлкен өмірге бастар алғашқы қадамдарына тыңғылықты дайындалуда. Біреулері жоғары оқу орнына талаптанып көруге бел буса, екіншілері қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеру үшін арнайы орта оқу орындарында білім алуды жөн көреді. Ал тағы бір топтағылар бірден еңбекке араласуды ойлайды. Осындай алғашқы әрі аса маңызды таңдауларының  адастырмауына алаң болып жүрген түлектерге «Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» жобасы көмекке келері анық.

Балқаш ауданындағы «Бақанас» және «Шамшырақ» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері «Нұр Отан» партиясының  «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында №1 Бақанас орта мектебі мен  Б.Бейсекбаев атындағы орта мектепте түлектермен кездесті. Онда алдағы кезде болатын Ұлттық Бірыңғай Тестілеу қорытындысында жоғары оқу орындарына жол ашатын ұпайға қол жеткізе алмаған түлектерге «Сәтті қадам» жобасының қандай көмегі болатындығы жан-жақты түсіндірілді.

Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында өткен жылы мектеп бітірушілердің тестілеуден кейін жоғары, орта оқу орындарына түсуі туралы ақпараттар жиналып, талпынысы сәтсіз болған  түлектердің колледждерде техникалық, кәсіби мамандықтарды игеруіне партиялықтар тарапынан нақты көмек көрсетілгені жайында айтып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатындығын жеткізді. Дәл қазіргі кезде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында қандай мамандық иелеріне сұраныс көп екендігі және жас мамандарға қандай қолдау қарастырылғаны жайлы ақпараттармен бөлісті.

Партиялық бақылау комиссиясының  төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Кәдірбек  Омаров  пен «Бақанас» БПҰ төрағасы, Бақанас ауылдық округінің әкімі, Дархан Төлеубекұлы мектеп түлектерінен болашақ мамандықтары туралы ойларын сұрап, ақыл-кеңестерін айтып, партиялықтардың бастамашыл жаңа жобалары туралы әңгімеледі. Мектеп бітірушілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*