Айнұр БАҚТЫҒАЛИЕВА, Ақтөбе облыстық Іскер әйелдер төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының мүшесі: Кәсіпкерлерді қолдау – басты назарда

551
0
Бөлісу:

 

– «Нұр Отан» партиясының отырысында партия жаңа бастамаларды алға тартып, тың дүниелер айтылды. Кәсіпкер ретінде де, азамат ретінде де жаңа жобаларды толық қолдаймын. Жақында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойып, аталған заңның маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұл өзгертулердің біз үшін аса қажет екенін атап өткен жөн.
Заңның негізгі жаңашылдықтарының бірі – алдын ала бақылаудың енгізілуі. Құжатта мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функ­циялары қысқартылған. Кәсіпкерлік субъектісін тексеруден өткізу мерзімі – 30 жұмыс күннен 15 жұмыс күнге дейін, ал жоспардан тыс тексерулер – 30 жұмыс күннен 10 жұмыс күнге дейін қысқартылды. Жалпы, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау бойынша қолданып жатқан шаралар тексеру санын 2018 жылға қарай 30 пайызға, 2020 жылға қарай тағы 10 пайызға азайтады.
Отырыста айтылған өзекті мәселе – геоақпараттық онлайн қызмет қосылмақ. Бұл жүйе Қызылорда облысында жұмысын бастады. Қазір Ақтөбе облысы бойынша цифрландыру қарқынды жүзеге асуда. «Нұр Отан» партиясының шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бұл жобасының мақсаты – кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің озық үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Расында, кәсіпкерлер үшін бұл – таптырмас дүние. Кез келген кәсіпкер онлайн түрде жер телімдері мен аукциондар туралы ақпараттар ала алады. Таңдаған жер бойынша су құбырын өткізу, газ жүргізу, электр тогын өткізу сынды мәселелерді қалай шешуге болатыны туралы да мәлімет алып отырады. Кәсіпкер осы мәселелерді шешу үшін қаншама уақытын өткізіп алатыны белгілі. Сондықтан жаңа жүйе үлкен мүмкіндіктерге жол ашатыны ақиқат. Отырыста Қызылорда облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі баяндама жасап, жаңа жобаның жетістіктерін айтты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*