Күресіме толықтай көңілім толды

581
0
Бөлісу:

Дзюдодан Токио олимпиадасына іріктеу басталды. Ережеге сәйкес, әр турнир нәтижесінде дзюдошыларға ұпай беріледі. Сәйкесінше, Олимпиада алдында әр спортшы қарқынын үдете түседі. Қытайдың Хоххотында өткен әлемдік Гран-при кезеңі тәмамдалды. Енді дзюдошылар «бал жинаған арадай» балл үшін белдеседі. Осы турнирден соң әлемдік рейтинг жаңарды. Үздік елудің ішінде 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев – 7 (3501), Елдос Сметов – 11 (2523), 66 келіде Елдос Жұмақанов 10 (2797), 73 келіде Жансай Смағұлов – 9 (2668), 90 келіде Ислам Бозбаев – 12 (2372), 100 келіде Виктор Демьяненко – 38 (961) бар. Қытайдағы Гран-придің бірінші орнына – 700, екінші орынға – 490, үшінші орынға – 350 ұпай берілді. Мысалы, 21-орында тұрған Елдос Сметов жарыстан соң он орын алға жылжып, 11-ге табан тіреді. Бір айта кетерлігі, ТОП-18 құрамына енген спортшылар төрт жылдық додасына қатыса алады. Егер бір елден екі спортшы үздіктер ішінен табылса, бұрынғыдай бірінші тұрғаны емес, бабы келіскенін бапкер таңдайтын болды. Осы ретте жарыстан соң Елдос Сметовпен аз-кем тілдескен едік.

– Қытайдағы турнирдің финалында Қырғыз­баевпен кездесемін деп ойладыңыз ба? Белдесу жайлы пікіріңізді білсек…
– Хоххоттағы жарыстың ақтық сынында қарсыластарым туралы, әлбетте, ойладым. Соның ішінде өзіміздің Ғұсман Қырғызбаевпен кездесіп қалуымның мүмкін екенін де білдім. Өйткені ол – спорттағы тәжірибесі мол, мықты балуан. Ең бастысы, өзіме қойған мақсатым орындалды. Татамиге шықпас бұрын «тек қана алтын алуым керек» дегенді ойға алған едім. Көздегенімізге жеттік. Бір айта кетерлігі, финалға Ғұсманмен шығатыным белгілі болғанда қатты қуандым. Себебі, кім ұтса да, еншімізге үздік медаль беріледі. Көк туымыз желбіреп, әнұра­нымыз ойналатыны анық.
– Көпшілік сіздің ұзаққа созылған үзілісіңізге алаңдаған еді. Дауыл алдындағы тыныштық дестік. Жарысқа шықпаған кезде немен айналыстыңыз? Жарыстарға дайындық қалай жүрді?
– Шынымен де, Олимпиададан соң үзіліс алдым. Бұл – екінші жарысым. Ұзақ уақытқа созылған демалысымда жарақаттарымды емдеуге мән бердім. Денсаулық жағдайымды барынша жақсартып алуға тырыстым. Сонымен бірге, отбасыма көп көңіл бөлдім. Балық аулап, біршама қызық күндерді бастан өткердік. Бірақ бастысы, жарыстарға шыққанша толық емделуді көздедім. Арасында жаттығу жасап жүрдім. Соның нәтижесі, мінеки, оңынан болып жатыр.
– Олимпиада жолдамасына бір қадам жақындай түстіңіз. Алда тағы қандай турнирлер бар?
– Айтқанымдай, жарысты сәтті аяқтадық. Мақсат орындалды. Енді келесі белес – Азия ойындары мен Әлем біріншілігі. Осы жылдың ең маңызды бәсекелері – осылар. Жақсы дайындықпен, қуанышты нәтижемен аяқтауға тырысамыз.
– Дзюдодағы өзгерістерді қалай қабылдадыңыз? Спортшы ретінде айтыңызшы, қолайлы ма екен?
– Күреске аса кедергі келтіретін өзгерістер жоқ. Тек ұпай сандарында ғана айырмашылық бар. Өз басыма қиындық тудырып жатыр деп айта алмаймын.
– Хоххоттағы турнирге қайта оралайық. Мақсат орындалды. Десе де, көңіл толмаған сәттер болды ма? Жарыс несімен есте қалды?
– Қытайдағы жарыста бәрі толықтай ойымнан шықты. Көңілім толмаған тұстар жоқ десем болады. Дайындықтың нәтижесін көрдік. Бұл жарыстан есте қалатын сәттерге келсем, бірінші белдесу өте ауыр болды. Жапон балуанымен қосым­ша уақытқа дейін күрестік. Соның салда­рынан біршама шаршап қалдым. Өйткені қай жарыста болсын алғашқы белдесудің жүгі ауыр келеді. Бірден жапон балуанымен кездескенім қиынға соқты. Одан кейінгі белдесулерімде қайта қалпына келдім. Тынысым ашылды. Өз күресімді қайта «тауып» алдым. Осылайша, бірінші белдесу мені оятып, кейінгілерінде жақсы күресуіме көмектесті.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*