Марқакөлдің аудан мәртебесі кері қайтарылуы керек

1032
0
Бөлісу:

Үкімет назарына!

 Шекара шебіндегі шер

Кіріспе орнына

 

Қойны ну, буалдыр сай, торқа белі,

Қайдасың, мөлдіреген Марқакөлі? – демекші, бұл жалғыз марқакөлдіктердің ғана емес, бүкіл қазақ елінің шері болуы тиіс. Өйткені шекараң шегенделмесе, шекара шебінде қайнаған тіршілік қызып жатпаса, көңіл – алаң. Өзбекстанмен іргедегі шекарада 300 мыңнан аса тұрғыны қайшыласып жатқан дәл Сарығаш, Мақтаарал аудандары сияқты айқаш-ұйқаш қызу тірлікке жетпесе де,  қайнаған өмір мұнда да болуы тиіс.

«Қытай әсері» әлемде күн сайын өршіген заманда шекара жайын түгендеу мәселесі төңірегінде бұған дейін де республикалық ірі басылым беттерінде екі-үш мәрте жазып едік.

Тағы оралып отырмыз. Оған түрткі болған – «Қазақстан» ұлттық телеарнасында биылғы 29 мамырда өткен «Басты тақырып» бағдарламасы. Бұл жолғы мейман – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Баталов секілді нағыз ел мен жердің қамын ойлаған халықшыл, іскер, сөзі аз, ісі басым азаматтардың тындырып жатқан шаруасын көргенде, тәубаға келесің. Ел болашағына сенесің. Баталовтың берекелі шаруасын жалғыз алматылықтар ғана емес, көзі қарақты бүкіл қазақ жұрты қадағалап отыр деп батыл айта аламыз.

Бұндай мықты, нағыз халықшыл әкімдер біздің Шығыста да бар.  Бүгінгі Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев та осындай, Оңтүстіктен  Шығыс жеріне Құдайдың өзі алып келген әкім деуге болады. Былайша айтқанда, кіші Баталов. Тарбағатайдың маңдайына  бұрынғы-соңғы біткен әкімдердің ішінен шоқтығы биік адам.

Бұл енді жеке тақырып.

Сонымен, Амандық Баталовтың сұхбатына оралайық. Дұрысы, сұхбатының соңғы жағына. Сұхбат иесі Алматы облысының қайтадан қалпына келтірілген Нарынқол ауданының бүгінгі жайын сұрады. Баталовтың берген жауабы ықшамдағанда былай болды:

– Жыл басынан бері ауданды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нарынқол ежелден мал шаруашылығына қолайлы өңір. Өйткені табиғаты өте көркем, жайылым мен шабындығы шүйгінді. «Нарынқолдың картобы-ай!» брендімен аты айдай әлемге мәшһүр болған. Осындай бай өңірден айдың-күннің аманында көзін бақырайтып аудан мәртебесін тартып алғалы аттай жиырма бәленше жыл өтті. Өзі және де шекара аумағында жатқан аудан!

Енді міне, аудан мәртебесі оралғалы ауыл шаруашылығын «тірілту»  мақсатында суландыру жүйесі жандандырыла бастаған. 200 миллион теңгеге Голландиядан картоптың  жаңа, өнімді сұрпы жеткізілген.   Аудан орталығы Нарынқол кентінде осы алты айдың ішінде көппәтерлі қырық үйдің  құрылысы басталып кеткен; өйткені қаншама жаңа мекемелер ашылып жатыр, қаншама жаңа мамандар келіп жатыр (барлығы дерлік жастар). Алты көшесі бірдей асфальтталып тасталған. Қысқасы, қазақтың хас ақыны Мұқағалидың соңғы жиырма жылдықта солғын тартқан туған жерінің бойына қан жүгіре бастады. Ең бастысы, Қытаймен арадағы тоғыз жүз шақырымға созылған шекара түбіндегі түбек жанданатын болды!

Облыс әкімі тағы былай деді: – Нарынқолдағы бұрынғы аудандық перезентханаға келсеңіз, шыр еткен бір сәбидің үнін естімейсіз. Ел «бала қайда?» деп сұраса, тұрғындар «жастардың барлығы қалаға кетіп қалған. Ол баланы осында қалған  қаусаған кемпір-шал таба ма?!».

Баталовтың осы сұхбатынан кейін көкейімізден үзіле бастаған үміт шоғы қайта тұтанайын деді. Өйткені Нарынқол мен біздің Марқакөлдің арасы мыңдаған шақырымды құраса да, таңқаларлық бір факт бар. Құдай-ау, осы екі өңірдің табиғаты да ұқсас, жер жағдайы мен рельефі де ұқсас, тіпті адамдары мен менталитеті де ұқсас. Ал ең басты ұқсастығы – екеуі де  арғы бетте – «Күн астындағы күмбезді ел» (орысша айтқанда – Поднебесная) жағында күн сайын жайнап, шамдары самаладай жарқырап  келе жатқан Қытай қалаларының жанында жетімсіреген жұпыны күй кешіп келе жатыр.

 

Қалың елдің көші қайта бұрылуы тиіс

 

Марқакөл өңірі жағырапиялық орналасуы бойынша шөлейтті жер,  суальпі, альпі, тау алды жазығы және мәңгілік тоң басқан өңір болып 5 аймаққа бөлінеді.

Осы бес аймақтың тұла бойында жер шарындағы өсіп-өнетін өсімдіктер, дәнді-дақылдар, тұрмысқа жарамды барлық ағаштың сұрпы, балық, жан-жануардың  ондаған түрін кездестіресіз. Қойнауында алтын, қола, күміс, мұнай кендерінің мол қоры тұнып тұр. Қалжырының, Ақ Қаба, Арасан Қаба, Жаман Қаба, Қара Қаба деп келетін жеті өзенінің жөні тіптен бөлек.  Осы байлықтың бәрі-бәрі де бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа «Кәделеріңе жаратыңдар» деп қалдырып кеткен киелі мұрасындай.

Көл жағалауын қайың, қарағай, шырша өскен орманды алқап алып жатыр. Табан, қара балық, теңге балық, сазан, аққайран, хариус, майқан сынды балықтарға бай. Мұнда зоопланктонның 60 түрі кездессе, құстың ондаған түрі мекендейді. Табиғат-ананың байлығын сақтап, қорғау мақсатында Марқакөл қорығы жұмыс істеп тұр.

Көл төбесінен төнген күмбез тәрізді Азутауда алтын тамыр, марал тамыры дейсің бе, ондаған дәрілік өсімдіктер көп өседі.

 

Мұхит сынды Марқакөл Алтайдағы,

жамалынан әлі күн әр таймады.

Маған қызық көкмайса жағасында

тыныс алып таулардың жантайғаны.

 

Көкорайда шық тұнар, шаң шашылмай,

сүйеді ағын жағаның жартасын жай.

Тау қоршаған Марқакөл түркілердің

сұлулары тағатын алқасындай, – деп қазақтың аяулы ақын қызы Фариза апамыз жырлаған осы ғажап Марқакөл өңіріндегі ауылдарда бүгінде адам қалмай барады.

Фариза апа тағы да:

– Қатонқарағай ауданы – ерекше көңіл бөлуге тұратын аймақ. Шырша, балқарағай, самырсыны, тал мен терегі көз жауын алады. Таудан құлап ағып жатқан мөп-мөлдір тасқын суларды көргенде жаның ләззат табады. Аудан орталығы Большенарым селосына көшірілгесін Қатон ауылының сұры кетті, бұрынғы жайнап тұрған күйі жоқ, салынып бітіп қалған қаншама тұрғын үй төбелеріне көк шөп өсіп, терезелері салынбаған күйде қалған. Жалпы, аудан орталығын Қатоннан көшіру о бастан қате, елдің жағдайын ойламағандардың ісі, – деп  («Айқын», 25.02.2012 жыл)  ашына жазып еді.

Марқакөлдің басында да дәл осы күй.

«Оңтайландыру» жүрген 1997-жылдан бастап шекарадағы аудандардың халқының жартысынан астамы ауылын тастап қалаға көшіп кетті. Қазақтың батыры марқұм Қасым Қайсеновтің  шекарадан аудандарды алып кету бекер жасалаған шаруа деп әу баста шырылдап айтқан сөзі әлі құлағымызда тұр.

Ең шарықтап-шалқыған кезінде сол кездегі Марқакөл ауданында 250 мың бас қой (негізінен меринос тұқымдас), 15 мың ірі қара, 10 мыңның үстінде жылқы, аздаған түйе, сондай-ақ бұғы да өсіріп, дәнді дақылдардың барлық түрін өндірген 6 совхоз, 1 мал бордақылайтын кеңшар  жұмыс істеген.

Өзінің нан, май зауыттары, ағаш өндіретін мекемелері, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығына мамандандырылған механикалық училище, орман шаруашылығы, Марқакөл мемлекеттік қорығы, коммуникалдық және сауда мекемелері, 8 балалар бақшасы, 29 мектеп, 33 кітапхана, 37 киноқондырғы, мәдениет үйлері, 5 аурухана мен емхана, 26 фельшерлік акушерлік пункті болған, 4 елді мекенмен әуе қатынасы, облыс, көрші аудандармен тұрақты автобус қатынасы болған, апайтөс мемлекеттің дәл іргесінде жатқан халық шат-шадыман күй кешкен.

Осындай кемел ауданның енді кемінде он бес мың халқы ойға-қырға көшіп кеткен жалаңаш өңірге айналғаны жанға батады. Қауырт жұмыстан  қолы босай қалса халықтың арасында жиі болатын Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов бірде:

– Президентіміздің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында көрсетілгендей, бо­лашақта елдің шекара маңындағы ауылдық аудандарды де­мо­графия және көші-қон жағдайына байланысты қайта  қалпына келтіруді жүзеге асыру керек. Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесулер өткізген кезде, бұрын таратылған шекара маңындағы Мақаншы, Марқакөл аудандарын қалпына келтіру мәселесі жиі көтерілді. Бұл бір жағынан, ше­кара түбіндегі ауылдарды сақтап, тұрғындардың шекара маңынан көшуін тоқтатар еді. Бұл өңірлерде  халықтың көп болуы, олардың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының жақсы болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды екені сөзсіз, – деп еді.

Мәжіліс депутатының бұл мәселені сонау 2009 жылдан бері бірнеше рет қозғағаны мәлім. Жиырма бес мыңға жуық адам тұрған бұрынғы ауданның жалпы жер аумағы 11,5 мың шаршы шақырымға созылатынын, Марқакөл өңіріне қайта аудан мәртебесі берілсе, жұмыссыздық азайып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деген үмітін қаржыгер-депутат дәлелді түрде уәждап еді. Ең бастысы бұл өңір шекара маңында орналасқандықтан, өңірге аудан мәртебесін беру арқылы шекара өңірдегі халықтың қоныстануы тұрақталып, шекара қауіпсіздігі мәселесінің реттелуіне де стратегиялық тұрғыдан септігі тиері анық деп шегелеп еді сөзін.

Дөп басып айтылған ақиқат сөзге қосып-аларымыз жоқ. Мұндай аудандардың құрылымы, қарсы қандай уәждер айтылсын мейлі, өзгеруі қажет. Біздіңше, шалғайдағы шекаралық ауданның жеке экономикалық мәртебесі болуы тиіс. Онда тұратын азаматтарды белгілі мерзімге дейін жер салығынан босатсақ, қоныстанушыларға  көтерме сыйақы төленсе, халық тұрақтайды. Әйтпесе, үдере көшу тиылмайды, шекаралық аймақ бос қалады.

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин – ұзақ жылдар ірі шаруашылық, одан беріде аудан басқарып, облыс әкімінің орынбасары болған тәжірибелі қайраткер.

Шекараның жалаңаш жатқанын елде қызмет атқарған жылдары күнде сезіп, осы жәйт арқасына аяздай батқаннан болуы керек, Дүйсекең былтыр осы мәселені елдің бас басылымы – «Егемен Қазақстанда» бірнеше мәрте көтерді.

Алдымен «Шекара маңы жалаңаштанбасын десек…» («ЕҚ», 23.10.2017 жыл) деген мақаласы шықты. Араға екі ай салып «Шекара шебін шегендеуді ойластырсақ…» («ЕҚ», 23512.2017 жыл) деген мақаласымен мәселеге тағы да оралды.

Сенатор алғашқы жазбасында Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында шекарамен шектес аумақтарға айрықша назар аудару қажеттігі жөнінде айтып, Үкіметке ерекше тапсырма жүктегенін тілге тиек етеді. Артынша үкімет 2013 жылғы 29 қарашада №1289 қаулы қабылдады. Алайда, осы қаулыда қарастырылған шаралардың жалпылама болуы себепті, нақты нәтижелерге қол жетпей отыр.

Д.Мусиннің екінші мақаласынан да үзінді келтірейік: Тұрғындардың экономикалық белсенділігінің төмендеуі, инфрақұрылымдар жағдайының сын көтермеуі, тұрмысқа қажетті қызметтерді алудың алыстығы сияқты факторлар мәселені күрделендіре түседі. Миграцияның жағымсыз сальдосы жыл сайын 11-15 мың адамның көшуінен көрінеді. Өңірдегі ауылдардың жартысынан астамы шекаралық аудандарға тиесілі. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған бұл ауылдардың басым бөлігінің халқы орта есеппен шаршы шақырымына 2 адамнан келеді.

Иә, халықтың қиырда, шалғайда орналасқан бөлігін қолдау жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып, елді мекендерге мамандар тартуды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау ретінде еңбекақыға қосымша үстеме қосу, жас мамандарға арналған көтерме жәрдемақы көлемін арттыру түрінде қаржылай көмек көрсету қажет.

Сенатордың осы сөзіне орай «Ойбай, оның бәріне ақша қайда?!» дейтін байбаламшыларға айтар уәжіміз бар. Кеше ғана Астанада өткен, анау Питерде өткен экономикалық форумдарда игі мақсатқа жұмсалған ақша ешқайда кетпейді, ол керісінше ақша айналымын туғызады деген ойлар бірнеше мәрте мүйізі қарағайдай экономистердің аузымен айтылды. Ойлаңыз, бұл жемқордың түпсіз жемсауында кетіп жатқан миллиардтаған теңге емес қой. Алысқа бармай-ақ айталық, Өскеменнің іргесінде басталған, 4 миллиард теңге жұмсалып, елу пайызы даяр болып қалған оқу кешені далада қалып, қолды болғаны кеше ғана. Осындай немқұрайлықтан ел қазынасынан шашылған қаржылар қаншама! Олар  обалды болмайды да, шекараны мықтауға, сондағы халықты орнықтыруға жұмсалатын ақша «обал» екен! Ал енді иен-тегін жатқан байлық ертең халық көбейіп, игеріле бастағанда, бұл ақша кіріс ретінде қазынаға қайтып оралмай ма?!

Әлемдегі жер байлығы теңдесіз алып Ресейдің орталық баспасөз беттерінде соңғы уақытта ғана Қытаймен арадағы шекара мәселесіне арналып бірнеше салиқалы материал жарияланды. Бұл жәйт осы елдің беделді басылымы саналатын «Комсомольская правда» газетін қадағалап оқып отыратын жанның назарынан тыс қалмаса керек. Тегін бе? Жоқ! Азуын айға білеген АҚШ-пен текетіресіп келе жатқан алып ел де ҚХР-мен шектесетін шекарасына алаңдаулы.

– Мен Қытаймен көршілес Марқакөл ауданында туып-өстім. Жас кезімізде шекара бойында тұратын азаматтар ел шебін күзетуде қырағылық танытатын. Дәл қазір шекараның түбіндегі ондаған, жүздеген  гектар жер бос қалуда. Айтайын дегенім, шекара бойында тұратын халыққа, сол маңға көшіп баратындарға мүмкіндігінше жеңілдіктер жасалса, жан-жақты материалдық мүмкіндіктер берілсе, қалың елдің көш басын туған жерге қайта бұрары күмәнсіз, – деп еді бәзбірде атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Сабырбек Ақтанов ақсақал.

Кеңес кезінде шекараны бұзған талай адамды қарапайым ауыл тұрғындары ұстап берген мысалдар да жетіп-артылатын. Кезінде мектептерде «Шекарашылардың жас достары» деген үйірмелер жұмыс істейтін. Әр шаруашылық бір-бір заставаны қамқорлыққа алатын. Шағын аудан болғандықтан, келген-кеткен бейтаныс адамдарды қадағалап отыру – қанымызға сіңген қырағылық-ты.

«Шығыс» аймақтық әскери бас­қар­масына қарасты шекараның ұзын­дығы екі жарым мың шақырым дейді. 1985-шы жылдары, Кеңес Одағы мен Қытайдың шекарасының үстінен құс ұша алмай тұрған шақта сол берік шекара арқылы Қытай жақтан бір қашқыны бері өтіп, шекара маңында отырған малшының жанұясын кепілге алып, отағасын атып өлтіріп, елді бір дүрліктірген.

Алдыңғы жылдың жазында Қытаймен шекаралас Марқакөл өңірінде шекара отрядының жауынгерлері мемлекеттік шекараны бұзған Қытай елінің 12 азаматын қолға түсірді. Төр Алтайдың нақ төріндегі «Төсқайың» шекара комендатурасының лейтенант Мұңлықов бастаған күзет тобы біздің елдің аумағына өтіп кетіп, дәрілік шөп жинап жүрген төрт азаматты ұстайды. Шекара күзеті күшейтіледі. Бұл сақтық тегін болмайды.

Көп ұзамай жедел топ шөп жинап жүрген тағы сегіз жатжұрттық кезбелердің үстінен түседі. Қолдарына күрек пен қайла, басқа да керек-жарақ ұстаған сегіз қытайлық өздерін әкесінің үйінде жүргендей емін-еркін сезінген. Біздің жауынгерлер оларды сырттан күні бойы бақылайды. Кешкісін қытайлықтар палаткаларын тігіп, ұйқыға кетеді. Таң ата шекарашылар оларды бұғаулау операциясын бастайды.

Осы операция барысында қытайлықтар күшті қарсылық көрсетеді, тіпті шекарашыларға қолдарындағы күректерін ала жүгіреді. Қоян-қолтық ұрыс әдісін қолданған біздің жігіттер әлгі сегізін де жерге жығып, қолдарын байлап тастайды. Содан бұйдаларынан тізіп, комендатураға әкеліп қамайды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қытайлар аса құмар гүлдің құрты Алтай тауының биігінде өсетін тау шымылдық (шұғынық деп те атайды) гүлінің тамырында болады. Орыстар оны «марьин корень» немесе «пион уклоняющийся» деп атайды.  Бұл құртты Қытайда ісік, сүйек құрылысы, өзге де ауруларға қарсы ем ретінде пайдаланады. Алтай тауында, оның ішінде Марқакөлдің Қаба өңірінде ғана кездесетін осы құрттың басты тұтынушысы  да осы қытайлықтар…

Марқакөл жері бүгінде жалғызсыраулы. Құба жон жайылым мал тұяғын аңсаулы. Шабындық  шалғы тимей «шаршаулы». Шөбінің шүйгіндігі соншалық, тойған құлын енесін ембей, биенің желіні сыздап жер сүзіп жүретіндіктен, «Құлынембес» деп атап кеткен түгін тартсаң майы шығатын жайлау, шіркін-ау, құлазып жатыр!

Баяғыда Кеңесбек деген ардагер ағамыз айтып еді:

– Марқа – қазақ жеріндегі көгілдір таулардағы көлдердің ең үлкені, тереңі, тұнығы, сабасынан аспайтын қой тәрізді маңғазы. Қазақтың сөз қолданысында Марқа тек қой төлін айқындаумен шектелмейді. Марқаны түбір етіп, есейгенді, жетілгенді, іріленгенді, көңілдің масайрағанын білдіртуге болады, – деп.

 

Адамзаттың ақылдысы Конфуций осыдан бір жарым мың жыл бұрын: «Қытайға ешкімді жаулап алудың керегі жоқ. Жылына 1 мм. жылжып отырсақ болды» деп айтыпты.

 

«Аюдан құтылып, айдаһарға жұтылып…» демекші, бұнымыз бекер байбалам емес, шекараның жайын күнделікті сезініп жүргендіктен айтылған айғайымыз.

Шындығында, көрші ел жап-жалтыр асфальт төселген жолдарын шекараңызға тіреп қойып, көз құртына айналған көрікті жерімізге көзін сатып қарап отырғаны да айдан анық. Ендеше, шекара шетінде, жел өтіндегі жергілікті елдің дені ұрын келген урбанизацияға лажсыз ұрынып, қала-қалаға тым-тырақай қашқан бүгінгі заманда шекарамызды қайтадан қалай мықтаймыз?! Мәселенің «көкесі» осы болып тұр.

Шекара шебіндегі шерді тыңдар кім бар?!

 

Сайлау Төлеуов,

журналист,

Шығыс Қазақстан облысы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*