Қазақстан – Қытай қатынасы: жаңа тарихи кезең

419
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.

Ресми кездесу рәсімінен кейін екі елдің көшбасшылары кеңейтілген түрде келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлық көрсеткенін атап өтті.
– Мен, ең алдымен, сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өт­кізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды.
Қазақстан Президенті 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан – Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
– Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екіжақты 127 құ­жатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екіжақты қатынастары­мызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Респуб­ликасы төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемен­дікті құрметтеу рухында тату көршілік қаты­настарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады.
– Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығы­мыз нығая түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қытай Халық Республикасының төрағасы тату көршіліктің үлгісіне айналған екіжақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылым­дық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.
– Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалып­тастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Мен Қазақстан – Қытай достығының алып кемесін сізбен бірге басқаруға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.
Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қа­зақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салала­рындағы екіжақты ынтымақтастықты терең­детуге мүдделілік танытты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сапардың нәтижелері бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.

1. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесі;
2. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ядролық және радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтар мен қауіпті заттардың заңсыз тасымалдауын болдырмау жөніндегі іс-қимыл туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісім;
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан – Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы бірлескен жобалар тізбесін және олардың индустрияландыру және инвестициялар саласындағы қалыптасу тетіктерін бекіту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы электронды сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекциялау, карантиндік және ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттама;
9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстаннан Қытайға жоңышқа шөбін экспорттау жөніндегі санитарлық және фи­тосанитариялық талаптар хаттамасы.

Сондай-ақ Елбасы Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ли Кэцянді Қытай Мемлекет­тік кеңесінің премьері лауазымына тағайындалуымен және Қытай Халық Республикасы Компартиясының ХІХ съезінің табысты өтуімен құттықтады.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейге көтеріл­геніне тоқталып, оның өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болуға тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытай­дың бірлесіп түсірген «Композитор» атты бірінші кинофильмі­нің шығармашылық тобымен кездесті. Фильм Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда болған қытай ком­позиторы Си Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығына арналған.
Қазақстан Президенті фильм трейлерінің таныс­тырылым рәсімінде актерлер құрамына кәсіби өнер көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*