ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ – ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

343
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты.

Жиында цифрлы трансформация, жаңа технологияларды қолдану және эконо­миканың одан әрі даму перспективалары жөніндегі мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы басқосуда сөйлеген сөзінде Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстандағы бизнес ахуалын жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға ба­ғытталған жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық оты­рысына қатысушы­лардың баяндамаларын тыңдаған соң, Қазақстанның жаһандық сын-қатерлер жағ­дайында ұлттық экономи­каның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін атқарып жатқан шаралары жөнінде айтты.
– Бүгінде біз қарқынды жаһандық өз­геріс­­тердің куәсі болып, соған байланысты қиын­дықтарды бастан өткеріп отырмыз. Оларды еңсеру үшін мен былтыр Үшінші жаңғыру міндетін қойдым. Макро­эко­номикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, бизнес ахуалы жақсарып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.
– Бірінші. Бұл – реттеуші ортаны жақсарту. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжаттар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер топтамасы қабылданды. Барлық бағыт бойынша Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының стандарттары енгізілуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару ісінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Екінші. Бұл – экономиканы дивер­си­фи­кациялау және жаңа техноло­гия­ларды енгізу. Еліміз бойынша индус­трия­ландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Инвес­тициялық және экспорттық стратегиялар жүзеге асырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы транс­ұлттық корпорациялармен бірге ірі жобаларды жүзеге асырудың, аграрлы ғылымды дамытудың, технологиялар трансфертінің және құрылыс саласының жоғары қарқынын қолдаудың маңыз­дылығын айтты.
Қазақстан Президенті үшінші басым бағыт ретінде инфрақұрылымды жаң­ғырту қажеттігін атап өтті.
– Біз Еуразиялық мультимодальді көлік-транзит хабын қалыптастырудамыз. Жүзеге асы­рылып жатқан «Нұрлы жол» инфра­құры­лымдық бағ­дарламасы еура­зия­лық интеграцияны кү­шейтуге және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бас­­тамасымен ұштасу мақсатына бағытталған. 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғы­ның таныстырылым рәсімі болады. Бұл орталық Қазақстанның қаржы инфрақұры­лымының өзегіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айналуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ел көлеміндегі және өңірлердегі экономика салаларын цифрландыру үдерісіне кеңінен тоқталды.
– Төртінші. Бұл – цифрландыру. Біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыруды бастадық. Цифрлы технологияны агро-өнеркәсіп кешеніне, көлік және басқа да негізгі салалардағы кәсіпорындарымызға енгізу
қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев адами капиталды одан әрі дамыту қажет­тігі және білім беру жүйесін транс­форма­циялаудың маңыз­дылығы жөнінде айтты.
– Бесінші. Бұл – адами капиталды дамыту. Білім беру жүйесі экономиканы жаңғырту мен цифрландыру арқылы трансформациялануы қажет. Осыған орай «Адами капиталды дамыту» мәсе­лесін келесі отырысымыздың тақырыбы етіп алу­ды ұсынамын, – деді Мемлекет бас­шысы.
Елбасы сөзінің соңында Қазақстан экономикасын жаңғырту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Ше­телдік инвесторлар кеңесіндегі жұмыс топ­тарының отырысында және бүгінгі бас­қосу барысында айтылған ұсыныс­тар­дың бәрін ескеріп, қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Еуропа қайта құру және даму банкінің пре­зиденті Сума Чакрабарти мен Royal Dutch Shell концернінің бас ат­қару­шы директоры Бен ван Берденмен кездесті.
С.Чакрабартимен келіссөз барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру­дың перспективалары жөніндегі мә­селелерді талқылады.
Мемлекет басшысы Шетелдік инвес­торлар кеңесінің жұмысына қатысқаны үшін Сума Чакрабартиге ризашылық білдіріп, осындай екі жақты кездесудің дәстүрлі сипат алғанын айтты.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта елімізде бірлескен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Осы жылдар ішінде Қазақстанға 7 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қазір сіздер Қазақстанмен ын­тымақтастықтың еларалық бағдарла­масын қабылдадыңыздар. Ірі инфрақұры­лымдық бағдарламалар іске асырылуда. Шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, аграрлы кешенді қолдау ісі өзекті болып қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
С.Чакрабарти Қазақстанда инвес­тициялық белсенділікті ынталандыру үдерісіндегі Шетелдік инвесторлар кеңесі басқосуларының тиімділігі мен маңыз­дылығы және мемлекет пен бизнес арасын­дағы сындарлы диалогтың дамуы жөнінде айтты.
Ал Бен ван Берденмен кездесу Шетел­дік инвесторлар кеңесінің пленар­лық отырысы аяқталғаннан кейін өтті.
Келіссөз барысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейту және стра­тегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*