Заман батырлары – кәсіпкерлер

714
0
Бөлісу:

«Прези­дент­тің бес әлеу­меттік бас­тамасы» Пар­ламент палата­ла­рының бір­лескен оты­рысында ұсы­нылған бола­тын. Онда қа­зақстан­дық­тарды баспана­мен қамту, жо­ғары білімнің қолжетім­ділігі, салықты тө­мен­дету, бизнеске арналған несие және орталық пен солтүстік аймаққа газ тарту сынды өзекті мәселелерді шешу жолы мен механизімі атап өтілді.

Қазіргі капиталистік қоғамда кез келген мемлекеттің экономикалық қуаттылығы сол елдегі шағын және орта бизнестің даму деңгейімен өлшенетіні бәрімізге белгілі. Бес бастаманың бірі саналатын бизнеске несие беру жобасы Үкімет тарапынан жасалынған үлкен демеу деп айтуға болады. Себебі, кәсібін ашуға несие алмас бұрын, ниет білдірушілерді тегін оқытып, олардың кәсіпкерлік санасын қалыптастыруына жәрдем беру – шетелдік тәжірибеде оң бағаланған жүйе.
Тағы бір ескеретін жайт, еліміз бизнеске жағдай жасау бойынша әлемдік рейтинг бойынша жоғары сатыда тұр. Елімізде кәсіп ашуға барлық мүмкіндік жасалынған: «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында жеке кәсіпкер болып тіркелу тегін, салықтық мөлшер төмен, құжаттар мен есептік жұмыс жасау бойынша ақысыз қызмет көрсетіледі. Бұл Қазақстан азаматтары үшін бизнес саласына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» келгендігінің дәлелі. Дегенмен кез келген нәрсенің сұрауы барын ұмытпағанымыз жөн. Үкімет тарапынан берілетін несиенің қайтарымы болатындықтан, кәсіп ашарда жеті рет өлшеп бір рет кескеніміз дұрыс. Осы мақсатта бәсекелістікке толы бизнес саласында өз орнымызды табу үшін қазірден бастап бизнес санамызды дамытуымыз қажет.
Елу жылда ел жаңа дегендей, жастар арасында бизнес-сананы қалыптастыру мен дамытуға байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Бизнес – Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығы жұмыс істеп келеді. Бизнес-инкубатор 2017 жылдың 4 мамырында ашылған. Алғашқы уақытта студенттер тарапынан аса үлкен белсенділік болмады. Осы мәселені зерттеу барысында байқағанымыз, жастардың да бизнес деген терминнен қорқуы, оның артындағы жауапкершіліктен қашуы тұрды. Сол себепті, алғашқы қадамымызды жастар арасында бизнес-сананы қалыптастыруға арнадық. Біршама іс-шаралар мен семинар-тренингтар өткізу арқылы студенттердің көзқарасын өзгерттік. Нәтижесінде, 1 жылға жетпей, орта­лығымызда 22 бизнес-жоба жүзеге асырылып, резиденттеріміздің жалпы айналымдағы қаржы сомасы 1 млн теңгеге жақындады. Жеткен нәтижеміз аз болса да басқа облыстарға үлгі болып отыр екен. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткен «Менің арманым – Start up bolashak» пен Smart Zholy тренингтерінің ұйымдастырушылары студенттердің жұмыстарымен танысып, оң бағасын беруде.
Бизнес-инкубатор орталығының алдағы мақсаты – заманауи үрдісті ескере отырып, Қазақстан мен ТМД деңгейіндегі ең мықты студенттік бизнес экожүйесін құру.
Қазір әлемде экономикалық соғыс жүріп жатқандықтан, кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтып, импортқа тәуелділікті азайтып, салық төлеп отырған азаматтар­ды – осы заманның патриоттары, батырлары деп атауға толық негіз бар. Қорыта айтқанда, Үкімет тарапынан кәсібін бастаймын деушілерге бар жағдай жасалынған, тек бізден талап етілетін жағдай – ізденіс, еңбек және ашықтық.

Жандос ОРАЗМАХАНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Бизнес – Start» орталығының жетекшісі,
Қызылорда облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*