Гүлнұр ӨМІРБАЕВА, әнші-сазгер: Әншіге – жүрек, әнге – мінез керек…

172
0
Бөлісу:

– Сіздің есіміңіз аталғанда жұрт жылы қабылдаған «Қыздар, қыздар…» атты әніңіз ойға оралады. Алайда сахнаға айлап шықпайтыныңыз жұмбақ…
– Сахнадан сирек көрінуімнің себебі бар. Қазір ұстаздық жолға біржолата бет бұрғанмын. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­вер­­си­­тетінде Өнер және мәдениет факуль­тетінің деканы қыз­метін атқа­рып жүр­мін. Бұл деге­ні­ңіз – зор жауап­кер­ші­лік. Өнер мен мәде­ниетті жас ұрпақ­қа жеткізетін білікті маман­дар даярлау асы­ғыстықты, босаң­суды қаламайды. Таң­нан кешке дейін жұмыстамын. Сахнаға шығуға мүмкіндік бола бермейді. Әйтпесе, шығармашылық кештер мен жекелеген хабарларға шақыратындар бар. Соған қарамастан, кейде мүмкіндік тауып, концерттерге барып тұрамын. Ендігі жерде мәдени кештерде жаңа әндерімді насихаттауды қолға алмақшымын.
– Халқымызда қыздарға арналған ән көп. Алайда «Қыздар, қыздар…» әніңіздің ерекшелігі бар. Сахнадан 17 жыл­дан бері түспей келе жатқандығы осыған дәлел. «Ана» атты сезімге толы туындыңыз да құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиеді. Әндеріңіздің өміршеңдігі неге байланысты деп ойлайсыз?
– Ән – әлем. Әдемі ән жүректен жүрекке жетуі тиіс. Өзгелерге ой салып, жан дүниесін өзгертуге, рухын көтеруге септігін тигізуі керек. Бүгін бар. Ертең жоқ ән жазатындарға қайран қаламын. Сазгерлер ең алдымен, өміршеңдік мәсе­ле­сін ойлағаны жөн.
Өз басым жазған әнімді халыққа ұсынбас бұрын суытамын, кемшілігі болса жөндеп, халықтың қалай қабыл­дай­тын­дығын сынап көремін. Осылайша, әндерім бірнеше ай, тіпті жылға жуық уақыт сыннан өтеді. Өзімнің сынымнан өткен ән халықтың сынынан да сүрінбейді деп ойлаймын.
Қазір теледидардан кейбір әндерді тыңдап отырып жүйкем жұқарады. Жеңіл әндермен жұртты алдауға бола ма? Біз Шәмші Қалдаяқов, Дүңгенбай Ботбаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев секіл­ді талантты ағаларымызды неге ұмыт­паймыз? Себебі, олардың әндерінде мелодия бар. Әні мен сөзі үйлесіп тұрады. Тіпті сөзін ұмытып қалсаң да, әннің мелодиясы жадыңда жаңғырады. Осыны студенттерге ұдайы айтып отырамын.
Әрине, қазіргі композитордың бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Әркімнің тыңдарманы, көрермені бар. Тек әннен мазмұн мен әуен жоғалмаса деймін. Жақсы ән көбейген сайын жан дүние­міз өзгереді. Жақсы ән айтыл­ған жерде мәде­ниеттің де мәртебесі биік-
тей­ді.
– Ұстаз, әнші, композитор ретінде қазақ эстрадасы қалай дамып келе жатқа­нын бағамдап көрдіңіз бе? Әннен қазақы бояу жоғалып бара жатқан жоқ па?
– Халықты өзге ұлттан айшықтайтын – өнері мен дәстүрі. Егер қазақ әнінен қазақы үн кетсе, эстрадамыз Еуропа мен Ресейдің бір тармағындай ғана болып қалады. Заман ағымы екен деп қазақылықтан алшақтау дұрыс емес. Қазақтың әр әні өзге ұлттардың өнерінен өз бояуымен ерекшеленіп тұруы тиіс. Әншіге – жүрек, әнге – мінез керек деп ойлаймын.
2001 жылы Бекзат Саттархановқа арнап ән жаздым. 2002 жылы сол ән халықаралық «Азия дауысы» байқауында қазақ әндері бойынша Елбасы тағайын­да­ған «Алтын домбыра» номинациясын жеңіп алды. Бұл әннің сөзін кімге жазғы­за­рым­ды білмей, басым қатқан кездер де болды. Сол кезде есіме Иран Ғайып ағамыз түсті. Ол кісі әуенді тыңдағаннан кейін, бұл жай қайырма мен шумақтан тұратын ән емес, спектакль сияқты болуы керек деп, ортасына тағы бір бөлім қосуға тапсырма берді. Осылайша, дүниеге келген «Бекзат» әні белгілі бір «мінезге» ие болды.
Жалпы, 2000 жылдардың басында шыққан әншілерде де, әнде де мінез бар еді. Кейін ән де, әнші де, талғам да өзгерді. Қалай болғанда да қазақ ұлтының талға­мына сай келмейтін, талабынан шықпай­тын әндерден арылуымыз керек.
– Елімізде эстрада екігі бөлінген деген пікір бар. Эстрада деп жүрген үлкен аймақ қазақ және қазақстандық деген екі бағыт­тағы әншілерден тұрады-мыс. Бұл орыстілді әншілердің қазақы болмыстан алыстауына сылтау ма? Себеп пе?
– Бұл – эстраданың жазылмаған заңы. Бұл ұғым бұрыннан бар. Алдағы уақытта да бола береді. Әр әнші өнер жолын да, өз жолын да өзі таңдайды. Қай бағытта жүрсе де әні де, әншінің есімі де халық жадында жатталып қалса, ол өнер иесі үшін үлкен жетістік. Оларға баға беретін – халық.
– Қазақ өнерінің бүгінгісін азды-көпті түгендедік, ертеңі туралы ойыңыз қандай? Өзіңізде шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолда жүр екенсіз. Сіздің шәкірттеріңіз қазақ әндерін қаншалықты әуелетеді?
– Ұстаз ретіндегі міндетіміз – жас­тарға бағыт-бағдар беру, талантты жастардың өнерін шыңдау. Олардың қай жолды таңдайтыны өзіне байланысты.
Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультеті көптеген талант­ты жастың шығармашылығына жол ашып, өнер айдынына талай дарын­ды­ларды қосты. Факультет құрамында Мәдениет қайраткерлері, Еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздіктері мен білікті профессор-педагогтар барын мақтанышпен айтуымызға болады.
Факультет студенттері көптеген халық­­аралық байқаулардың лауреаты атанып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Түлек­те­рі­міз еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, барынша үлес қосып, халықтың сүйікті қыздарына айналуда.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масында, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілет­ті­лік» деп аталатын маңызды құжатында 5 негізгі басымдықты көрсеткен болатын. Адами капитал сапасын жақсарту деп аталатын бөліміне сәйкес, факуль­те­ті­міз­дің де басты миссиясы – жоғары интел­лек­туалды, инновациялық тұрғыдан жаңаша ойлайтын, рухани салауатты өмір салтын ұстанатын тұлғаны қалыптастыру. Жаңғыру жолында халықтың рухани байлығын айғақтайтын бірден бір сала өнер екені белгілі. Сондықтан қазақ өнері өз құндылығын жоғалтпаса екен деймін! Бұл бағытта түлектеріміз алдыңғы шепте елге қызмет ете береді.
Әңгімелескен
Балжан ХАЛЫҚ

Бөлісу:

Пікір жазу


*