АТАЛЫ СӨЗДІ КІМ АЙТАДЫ?

401
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің даму кепілі ретінде тұрақтылық пен татулық ұстанымын таңдады. Соның арқасында мемлекеттілік пен елдіктің қыруар шаруасы реттелді. Талай нәрсе жүйеленді. Алағай да бұлағайдан айналып өттік. Қазақтың еңсесі көтеріліп, желпінетін жағдайға жеттік.

Абай атамыз қазақтың екі жақсы мінезінің бірін былай сипаттайды: «Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Ол ел басымен, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгіргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға симассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жаман­дығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен».
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мырзаның қалың жұртқа үндеу жариялағаны белгілі. «Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? – дей келіп, сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, ойланған жөн. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақта­лады» деп үлкен мәселе көтерді.
Дамыған елдерде даулардың 70-90 пайызы сотсыз, өзара бітіммен аяқталады екен. Қазақстанда даулардың көптігінен судья­лардың жүктемесі жылдан-жылға артып кетіпті. 2013 жылы соттарда 1,25 миллион іс қаралса, 2017 жылы – 2,6 миллион іс қаралған. Әр судьяның алдында бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар тау-тау қағаз боп үйіліп жатады.
Республикалық Кәсіподақтар федера­циясы және Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орталықтары құрылып та жатыр. Бұл – құптарлық жағдай.
Алайда осы күні ел ішінде аталы сөзді айтатын адам азайды. Ел ішіндегі дау-дамайды ақылға салып реттеп, адасқанды – жөнге, тентекті – тезге салатын ежелгі дәстүрімізден тым алыстап кеттік. Жоғарғы сот төрағасының игі ниетін түсініп, жаппай қолдау да керек. Абай меңзеген «топ басы» деген кісілер тізімін жасау керек тәрізді. Әр өңір, әр аймақта аз да болса аузы дуалы, адал адамдар бар. Сондай жандар әділін айтса, елге сөзі өтеді. Өзі де, сөзі де, көзі де сатулы адамдар дау-дамайға төрелік айта ала ма?
Осы ретте көршілес Өзбекстанда жақсы бір өнеге бар екендігін алға тарта кеткім келеді. Бұл елде әлгіндей елге сөзі өтетін, дау-дамайды даурықтырмай шешетін азаматтарға мемлекет үлкен қолдау көрсетеді, алысқа ұзап шыға алмайтын, бірақ тура жолмен жүрген кісілерді тіпті жыл сайын қажылыққа алып барады. Бәлкім, бізге де сондай тегеуірінді тетіктер қажет шығар.
Елдегі Ақсақалдар алқасы деген қоғамдық ұйымға төрағалық ететін азаматтардың көбі асарын асап, жасарын жасап, үзеңгіге бір аяғын салып та қойған; енді ел бірлігі, татулық пен тұрақтылық үшін тек тура жолды нұсқап, адал да әділ сөз айта алса, нұр үстіне нұр емес пе?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*