Алыстан келіп, Астананың суретін салды

409
0
Бөлісу:

Астана қаласының 20 жылдығы аясында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде отандық және әлем қылқалам шеберлерінің қатысуымен «Нұр келбетті Астана» көркемөнер фестиваліне старт берді.

Шараның өткізілу мақсаты  – Астана қонақтарын тарих толқынында жүріп өткен 20 жылы ішіндегі оның тарихымен, қол жеткізген жетістіктерімен таныстыру. Көркемөнер көрмесінің ашылуы қарсаңында шақырылған қонақтар үшін Қазақстан астанасының тамаша көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушы әрбір суреткер өзінің қалауымен еш қиындықсыз ұнаған жерін таңдап алып, көрмеге 2-3 шығармадан ұсынды. Мәселен, акварельмен сурет салу шебері жапониялық Акира Мурата өзінің бір туындысын Елордамыздағы ең үлкен мешіт Хазірет Сұлтан мешітіне арнады. Ұлыбритания өнер қоғамы Корольдігінің мүшесі Александра Коннор ұсынған жұмыстар «Ұлттық киім киген астаналық ер адам», «Астаналық әйел домбыра ойнап тұр» және «Астаналық бүркітші ер адам» деген атқа ие болды. Голландиядан келген суретші Димтрис Вояоглудың майлы бояумен салған суретіне тақырыпқа астаналық сағат («Есілдің жағасында») пен күннің батуы («Кеш құпиясы») арқау болған.

Келушілерді Браизилиядан келген Жизель Улисс, түркиялық Мұстафа Муфтуоглу және басқаларының еліміздің жүрегі Астанаға арналған, оның тамаша табиғаты мен көркі келіскен архитектурасын бейнелеген жұмыстары қуантты.

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «қазақстандық мәдениет әлемнің басты барлық тілінде сөйлеуі керек»дегені белгілі. Яғни, дүние жүзі Қазақстанды жерасты байлығы ғана емес, мәдени жетістіктері арқылы да бағалауы керек. Фестивалдің ұйымдастырылуы да, өткізілуі де нақты осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері Астана туралы алған әсерлерімен шығармаларында шынайы бөліседі деп сенеміз. Олардың қиялынан туған туындылар жер шарының жетекші елдерінде елордамызды насихаттауға үлкен үлес қосатын болады, – деді өзінің құттықтау сөзінде Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.

Хорватиядан келген суретші, «Абу Даби Плаза», «Желді түн» және «Астанадағы алғашқы күн» картиналарының авторы Марко Зубак Астананың ерекшелігін де атап көрсетті.

– Жасыратыны жоқ, Хорватияның көпшілік баратын жерлерінің бәрі көне. Сондықтан біздің қылқаламға ілінетін тақырыптың тамыры да тереңде жатады. Бізден басты айырмаларыңыз, Сіздерде бәрі жас, су жаңа құрылыстар, үріп ауызға салғандай уыздай жас музей, сәмбі талдай майысқан архитектура. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жаңа туған сәбидей. Сіздер болашақты өз қолдарыңызбен құрап жатырсыздар. Мен үшін осының бәрін көру бақыт деп айта аламын, – деді ол..

Ұлттық Музей сайтының редакциясына берген эксклюзивті сұқбатында суретші Артем Мирлевич (Нью -Йорк, АҚШ) өзщіәнің суреткерлік сезімін жасырмады.

– Менің Қазақстанда бірінші рет болуым. Өте  жақсы ерекше әсер қалыптасты. Бірінші кезекте, мұнда тұрып жатқан адамдар туралы айтқым келеді, оларды жанының кеңдігі мен жылуы, өз еліне, өздерінің астанасына деген мақтаныш сезімі ерекшелеп тұрады. Бірден айтайын, Астанаға алғаш табаным тиген күннен аралаған мәдени нысаным – осы Ұлттық музей. Ол маған өте жақсы әсер етті. Әуелі оның көне мен жаңаның тоғысқан ішкі мазмұны, архитектурасы қатты ұнады. Ерекше айшықталып көрініс тапқан. Фестиваль аясында жоғарыс деңгейдегі қызықты кездесулер ұйымдастырылды, әлемнің әр түкпірінен келген жоғары шеберліктегі суретшілермен араласу өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызды. Бізге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен араласудың орайы келді. Шараның шоқтығы биік тұстарының бірі Оқушылар сарайында өткен жастар мен өте жас суретші балалармен кездесіп, Шеберлік сабағын өткізу болды. Біз елімізге жаңа шабытпен кетіп барамыз, тың жобаларға серпін алдық, –  деді суретші Артем Мирлевич.

Фестиваль жұмысына бір ғана суретшілер емес, шығармашыл адамдарды қолдаушылар да, өнерді қастерлеп бағалайтындар да қатысты. Солардың бірі –Германиядан келген дизайн индустриясының өкілі Фредерик Кноте.

–Өнеркәсіптік дизайнерлікпен айналысамын, немістің белгілі әлемге мәшһүр «Mercedes-Benz» компаниясында жұмыс жасаймын. Мені дизайнер ретінде қаланың архитектурасы таңдай қақтырды, индустрия саласына аз ғұмыр арнамаған адам ретінде алғаным көп. Фестивалға  қатысушылар әртүрлі стильде жұмыс жасайды, жоғары деңгейдегі мамандар болып табылады. Бәріне бір-ақ тақырып Астана берілгенімен, әркім өз қиялына ерік беріп, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын қайталанбас өнер туындыларын дүниеге әкелді, – деді Фредерик Кноте.

Әлем суретшілерінің салған суреттері қайда қойылады? Нақты айтар болсақ, олардың шығармалары шетел галереяларының төрінен орын алады, ал қара үзіп шыққан озық туындылар «Нұр келбетті Астана» көрмесінің жетістігі ретінде  Ұлттық музейдің қорына тапсырылады. Көпшіліктің назарына ұсынылған суретшілер өздерінің  жұмыстары арқылы ару Астанамызға қайталанбас қолтаңбасын қалдырды.

Еркін ҚАЛДАН

(Советбек МАҒЗҰМОВ, фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*