Ресей беташар матчта Сауд Арабиясын ойсырата жеңді

674
0
Бөлісу:

2018 жылғы Ресейдегі әлем чемпионатының алғашқы матчы аяқталды. Беташар кездесуде Ресей құрамасы Сауд Арабиясын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. 

Астана уақытымен 21:00-де басталған кездесуге аргентиналық маман Нестор Питана төрелік етті. Алғашқы 10 минут бірсыдырғы өткенімен, біртіндеп ресейліктердің белсенділігі байқала бастады. Олар алыстан да, жақыннан да соққы бағыттап көрді. Ақыры, Черчесов шәкірттерінің белсенділігі голға ұласты. 12 минутта Головиннің пасын сәтті пайдаланған Юрий Газинский баспен тамаша гол соғып кете алды. Есеп 1:0.

Одан кейін де қонақтар Акинфеев қорғаған қақпаға аса қатты қауіп төндіре алған жоқ. Сондықтан да ойын бойына Игорь аса керемет сейвтарымен көзге түсе алмады. Ойынның 23 минутында Ресей құрамасының негізгі ойыншысы, жартылай қорғаушысы Алан Дзагоев жарақат алып қалды. Оның жарақатының қалпына келуі үшін кемі үш апта қажет. Сол себепті, ол үшін турнир аяқталды деп топшылауға да негіз бар. Ал бірінші тайм аяқталуға 2 минут қалған кезде Дзагоевтың орнына шыққан Денис Черышев есепті 2:0-ге жеткізді.

Осылайша, бірінші тайм Ресей құрамасының басымдылығымен аяқталды. Екінші таймда алаңға жаңадан шыққан шабуылшы Артем Дзюба мергендігімен көзге түсіп, Ресей құрамасының мәртебесін асыра түсті. Бұл жағдай 71 минутта орын алды. Ал 90 минутта Дзюбадан пас алған Денис Черышев дубль жасады. Бірақ қызық мұнымен де бітпеген екен. Қосымша минутта италиялық «Ювентустың» қызығушылығын тудырып жүрген Александр Головин бесінші допты соқты. Ойын Ресей құрамасының 5:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды.

Әлем чемпионатының кестесі

Екінші турда 19 маусым күні Ресей Египетпен кездеседі. Ал Сауд Арабиясы келесі күні Уругваймен күш сынаспақ.

Ертең, 15 маусым күні ӘЧ-2018 аясында үш матч өтеді: Египет – Уругвай (Астана уақытымен 18:00-де басталады), Марокко – Иран (21:00) және Португалия – Испания (23:55).

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*