«СУПЕР ОТБАСЫ – 2» – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

1522
0
Бөлісу:

 

Еліміздің барлық кинотеатрында үлкен-кішінің сүйікті кейіпкерлеріне айналған «Супер отбасы – 2» фильмінің премьерасы басталды. Премьерадан бір күн бұрын Астана мен Алматыда аталған фильмінің қазақ тілінде алдын ала көрсетілімі өтті.

Walt Disney Pictures және Pixar студиялары ұсынған бұл фильмнің қазақ тіліндегі аудармасы «Болашақ» Қауым­дастығы корпоративтік қорының баста­масымен жасалды. Бұл жолы фильмге BI Group компаниясы демеушілік етті.
Сүйікті фильм кейіпкерлерімен көрермен 14 жылдан соң қайта қауышып, оқиғаның жалғасын көруге мүмкіндік алды. Осы уақыттың ішінде көп нәрсе өзгергенімен, «Суперотбасы» кейіпкер­лері сол қалпында қалды. Тек фильмның екінші бөлімінде режиссер Брэд Бёрд көрермен назарын Мистер Ерекшеге емес, оның жарына аударуды жөн көрген екен. Яғни, фильм желісі бойынша Хелен Парр қаһарман отбасының көшбас­шысына айналса, оның күйеуі Мистер Ерекше балақай Джек-Джектің тәр­биесімен айналысады.
«Супер отбасы – 2» фильмінің қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, фильмді қазақ тілінде дыбыстауға алпыстан аса актер қатысқан.
«Бұл фильмді дубляждауға театр артисі ғана емес, киноактерлер де қатысты. Біз әр фильм сайын жаңа актер­лерді ашуға тырысамыз. Осы мақсатта үлкен кастинг өткіздік. Виолетта кейіп­керін ды­быстайтын адамды ұзақ іздедік, бірден таба алмадық, фильмнің дубляж тобы театрдың жас актрисасы Айкөркем Әділгерееваны ашпас бұрын, Қазақстан бойынша іздеу жүргіздік. Соңында Айкөркемді таңдадық. Басты кейіпкер­лердің бірі – Желаяқты жас актер Дидар Құралбаев дыбыстады. Оның жасы небәрі 11-де, соған қарамастан, ол дубляжды өте жақсы жасап шықты. Эдна Мод есімді әйелді дыбыстадым. Ол супербатырларға арналған киім дизайнері, ол мен ды­быстаған 20-Disney кейіпкері» дейді ол. Бір қызығы, Эдна Модты түпнұсқа­сында фильмнің режиссері Брэд Бёрд ды­быстаған екен, ал қазақша нұсқада дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстады.
Айта кетейік, Шах-Мұрат Ордабаев үшін «Супер отбасы – 2» фильмі «Коконың құпиясы», «Галактика сақ­шылары. 2 бө­лім» және «Өрмекші-адам. Қайта оралу» фильмдерінен кейінгі жобадағы толық­қанды төртінші жұмысы.
Астанада өткен алдын ала көрсетілімге қатысқан «Болашақ» Қауымдастығының кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бах­тияр Мәкеннің айтуынша, қауымдастық бес жылдан бері Голливудтың 24 туын­дысын қазақ тіліне аударды.
«Отанды сүю, ана тіліне құрметпен қарау секілді құндылықтарды бала бойына осы жобалар арқылы сіңірсек дейміз. Тағы бір жаңалығымыз бар, біз ресейлік серіктестермен келісімге келдік, енді қауымдастық бастамасымен қазақ тіліне аударылған 24 фильмді ivi.ru сай­тынан жоғары сапада көруге болады» дейді ол.
Ал BI Group компаниясы бас­шысының Қаржы бойынша орынбасары Қайрат Шаяхметов компанияның бұл жобаға қолдау жасаудағы мақсатымен бөлісті. «Әлем жұртшылығы қызығып көретін фильмдерді балаларымыз ана тілінде тамашаласа деген ниетпен жобаға қолдау білдірдік. Кинотеатрда дайын өнімді көріп жүрген бізге дубляж жұмысы жеңіл көрінгенімен, оңай емес екен. Ендеше, осындай қажырлы еңбек жұм­салған жобаны отбасы болып көруге шақырамын. Балабақша мен мектепке ғана иек арта бермей, отбасымызда өзара қазақша сөйлессек, қазақ тілінің қолда­ныс аясын кеңейтуге үлес қоса аламыз» дейді.
Жоғары сапада дубляждалған анима­циялық фильмдерді асыға күтетін кішкентай көрермендер үшін қуанышты жаңалығымыз бар: биыл «Болашақ» қауымдастығының мұрындық болуымен тағы да 3 анимациялық фильм ұсынылмақ. Мәселен, 12 шілдеде «Монстрлар дема­лыста – 3», 2 қарашада «Шақылдақ және төрт патшалық», 22 қарашада «Ральф интернетке қарсы» атты фильмді қазақ тілінде тамашалаймыз.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,

Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*