Астана атауындағы сабақтастық

495
0
Бөлісу:

Астана қаласының бой көтеруі ға­сырлар бойы бабаларымыз аңсап өткен армандарының орындалғандығының белгісі, тынымсыз күрестерінің нәтижесі. Тарихымызға назар салғанда халқы­мыздың ғұмыры тек осы тәуелсіздік, дербес мемлекет болу үшін жүргізілген күрестерден тұрғанын көреміз. Керей мен Жәнібек атқа қонғалы халқымыздың қысқан тақымы енді ғана босады деуге болады. Дегенмен жаңа заманның талабы да жаңа, бүгінгі күрес – ғылым-білімнің, бәсекеге қабілеттіліктің күресі. Зама­нында дүниенің ағысын аңдып, көш­пенді салттың ендігі жерде өркениетке ілесе алмайтынын байқаған Абылай хан да «ендігі жерде халқыма қала салдырып, жер емшегін емізсем» деп армандап кеткен болатын. Жәңгір хан да, өз орда­сында мектеп салдырып бала оқытқаны белгілі. Сондықтан біз де жаңа заманның ағысын аңдып, әрекет етуге ұмтылуымыз қажет. Біздің мақсат – айқын, жолымыз ашық және ендігі жерде, тек осы жолмен мақсатқа қарай жүру үшін зор бірлік пен қажырлы еңбек қажет. Елордамыз Астана – осы күрестің көшбасшысы. Ендігі жерде осы – «астана» сөзінің мән-мағынасына тоқталып өтсек.
Біздің тілдегі астана сөзі өз түбірінен алыстап, терең мәнге ие болған парсының (эстан) деген кірме сөзі. Парсы тілінің сөздігінде, область, перфектура, провин­ция, штат деген мағыналарды білдіреді. Бұл тұрғыдан Қазақстан – қазақ ұлтының тұрағы, мекен еткен жері болып шығады. Орыс тіліндегі стан, станица, станция, бұл сөздің ағылшыншасы – station де осы стан сөзінен келіп шығады. Алайда сөз мағынасының кеңею, тарылу, сөздің әр салада басқа мағынада қолдану заң­дылығына байланысты бұл қарапайым сөз діни-рухани контексте сокральді мән тапты. Әсіресе, тасаууф ілімінде басты ұғымдардың біріне айналып, тіпті культ­тік мәнге ие болды десек болады. Сопы­лардың тәжірибесінде ішкі хәлдерін, ұғымдарды түсіндіру үшін символдарға, антропоморфты ұғымдарға, метафора, теңеу сияқты түсініктер мен символдық, образды терминдерді қолдану әдістері болған. Бұл тұрғыдан астана сөзі де образдарды айшықтады.
Ирандық лингвист ғалым Мохаммад Моини «Фарханг-и фарси» сөздігінде бұл сөзге төмендегідей анықтамалар береді: 1. Үйдің кіреберіс бөлмесі, дәліз. 2.Табал­дырық. 3.Қасиетті мола, зиярат орны. 4.Патша сарайы. 5.Ұлы мәртебелі. Осы сөздікте берілген анықтамалардан астана сөзінің парсы тілінде «қасиетті мола» мағынасын беретіні көрініп тұр. Шемшеддин Самидің «Қамус-и түрки» деген көне османлы тілінің сөздігіне жүгінер болсақ, мұнда астана – есік, бас қала, текке, Станбұл, әулие моласы, руханият ордасы, дәргәһ деген мағыналар береді. Көріп тұрғанымыздай, мұнда да әулие моласы, руханият ордасы деген түсі­ніктемелер берілген.
Мәулана Жалаледдин Руми негізін қалаған Мәулауи тариқатының орталығы мен әйгілі әулиенің қабірі орналасқан Қония қаласын Осман түріктері «Аси­тане-и Мәулауи» деп атаған. Бұл – Румидің мәңгілік қоныс тепкен жері және Мәулауия тариқатының орталығы деген ұғымды білдіреді. Қазіргі Иранда болса, Мешхед қаласында Имам Резаның (шиға мұсылмандардың 8-имамы) кесенесін «Имам Резаның астанасы» деп атайды. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіндегі эпиграфиялық жазуларда да астана сөзін кездестіруге болады. Мысалы, Қазандық бөлмесінің есігі Қапсырманың жікжапқышының орта белдеуінде «Астанаңдағы қызметшің бай болғай» деген сөзі ойылып жазылған. Осы есіктің жоғары жағындағы екі шар­шының ішінде «Әулиелердің есігі бақыттың қазынасы, әулиелерді жақсы көру – бақыттың кілті» деген нақыл сөз де бұл мәннен алыс емес екендігі айтпаса да түсінікті. Себебі, есік деген ұғымға оның элементтері – тұтқасынан бастап жақтаулары, табалдырығына дейін тұтас еніп кетеді. Жоғарыда келтірілген деректерден, астана сөзінің бастапқы төркінінен алыстап, жаппай діни-рухани мәнде қолданылып, рухани тұлғаның жерленген қасиетті орнын білдіріп тұрғанын көреміз. Астана сөзінің осындай мәнде қолдануын Қ.Яссауидің шығар­машылығынан да көруге болады. Ол 33 хикметінде:
Астанаңа басымды қойып зар илесем,
Алқа құрып кім зікір айтса жарай берсем,
– дейді. Мұнда әулиенің Аллаға арнаған арзуын, яғни арызын көруге болады. Демек астана сөзінің рухани астары кең, мәні тереңде жатыр.
Астана қаласының алдыңғы атауы «Ақмола» да бұл мәннен алыс емес. Себебі, «ақ» сөзі қазақ тілінде тек түсті ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар «қа­сиетті», «таза», «пәк» деген ма­ғыналарды да береді. Демек, Ақмола сөзі «қасиетті мазар» деген сөз. Сонда «Астана» сөзі қазақтың Ақмоласының тура парсыша аудармасы болып шығады. Мұны жай ғана сәйкестік деп айтуға келмес, себебі мұнда айқын сабақтастық көрініп тұр.

Нұрлан ТАҢАТАРОВ,
Әзірет-Сұлтан қорық-музейінің «Экскурсия және насихат бөлімі» меңгерушісі,
Данияр СӘДУАҚАСОВ,
бөлім қызметкері

Бөлісу:

Пікір жазу


*