Бөкей ордасы бек риза

389
0
Бөлісу:

Аса мәртебелі,
Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз, Бөкейордалықтар, өзімізді сіздің дара сыртқы және ішкі саясатыңызды тұрақты, сенімді қолдаушылардың санатына жатқызамыз. Аудан тұрғындары әрқашан да сіздің есіміңізді зор құрметпен, ілтипатпен атайды, себебі сіз қилы кезеңдерде бабалардың билігімен, сындарлы саясаттарға төтеп беріп, тәуелсіздігімізге тәбәрік болған Орданың тарихына зор құрмет көрсетіп, оның терең тарихын, барша әлемге паш етіп жаңғыртып келесіз. Сіз еліміз тәуелсіздік алғалы екі рет Ордада болып, сіздің есіміңіз ауданымыздың тарих беттеріне алтын әріппен жазылды. Сіз соңғы рет 1997 жылы мамыр айында 19 ғасырдың мем­лекет және қоғам қайраткері Жәңгір ханның ке­сенесін салдыртып, ашылуына өзіңіз қатысты­ңыз. Жиынға қатынасқан саны жүздеген тұрғын­дармен қол алысып, мамырдың мамыражай шуағындай қуанышқа бөледіңіз. Одан кейін Ордада Ресей орыс география­лық қоғамының мүшесі, оның күміс медалінің иегері этнограф ғалым Мұхаммед-Салық Бабажановқа және күйші, сазгер, ұжымдасып домбыра тартудың негізін қалаушы Дәулеткерейге де сіздің нұс­қауыңыз­бен кесенелер тұрғызылды. Екі-үш жыл өткеннен кейін сіз Ресейдің Астрахань облысында 19 ғасырда қазақтың өз жерін, Еділ мен Жайықтың арасын бейбіт жолмен қайтарып алған Бөкей ханға да кесене тұрғызып, оның ресми ашылуына қатынастыңыз. Сондай-ақ кесенені ашуға Ресейдің екінші тұлғасы, көрнекті Мемлекет қайраткері, Премьер-министр Черномырдиннің өзі қатынасты. Бұл оқиғаның өзі Қазақстанның және сіздің есіміңізді, даң­қыңызды дүниежүзіне паш етті. Ордадағы өлкетану мұражай кешенін ұйымдас­тыруға да зор қамқорлық жасадыңыз. Сіздің, біздің ауданға деген қамқор­лығыңыз шексіз. Сіз жуықта Батыс Қазақстан облысына жасаған тарихи іссапарыңыз кезінде облыс басшылығымен әлеу­меттік бағдарламаларды іске асырудың барысы туралы жиында біздің ауданға ерекше назар аудар­дыңыз. Өз сөзіңізде «Бөкей ордасы – Ресейге ең жақын шекарадағы аудан. Ордаға туристер апара­мыз дейміз, жол жоқ болса, қалай барады? Сон­дықтан Бөкей ордаға асфальт жол салдырту керек, қаржы бөлуді үкіметке тапсырамын» дедіңіз. Бұл сөзіңіздегі қамқор­лығыңыз бізді зор қуанышқа бөлеп, сізге деген құрметіміз бен шексіз алғысы­мызды бұрынғыдан да арттырды. Сізге аудан тұрғындары зор ризашылығын білдіріп, барша әлем құр­меттейтін Қазақстанның көк туын бұрынғыдан да биік желбіретіп, табыстан табысқа жетуіңізге тілектеспіз.

Чарльз Қойшыбаев,
Аудан ардагерлерінің тапсыруы бойынша партия және еңбек ардагері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы,
«Нұр Отан» партиясының
15 жылдығына арналған төсбелгісінің иегері, екі дүркін Президент алғысхатының иегері, халық сенген уәкілі

Бөлісу:

Пікір жазу


*