Қош келдің, Мундиаль!

307
0
Бөлісу:

Ресейде футболдан XXI әлем чемпионаты басталды. Енді, әлемдік футбол тойы 15 шілдеге дейін күллі планета тұрғындарын дүбірге бөлейді. Бұл жолғы мундиаль Ресейде, жалпы Шығыс Еуропа территориясында тұңғыш рет өткізілуде. Тағы бір «тұңғыш» деген сөзбен дәріптелетін жағдай – әлем чемпионатының жер бетінің екі бөлігінде, яғни Еуропа пен Азияда болуы. Алдағы бір ай ішінде талай «тұңғыштарға» куә боларымыз сөзсіз. Әзірге біз бен сіздің еншіміздегі шаруа – Ресейдің 11 қаласы, 12 стадионында болатын футбол тойын тамашалау. Әлемнің үздік құрамаларының тартысынан шынайы спорт ләззатын сезіну. Сәтті пас пен сұлу голдан тояттау.

Ашылу салтанаты өтті. Шымылдық ашар матчта Ресей мен Сауд Арабиясы кездесті. Енді ары қарай құрамалар ауыз­дықтарымен алысып, бар күш-жігерін жасыл алаңда байқатып бағады. Үздік 32 құрама алдымен топтан шығу қамымен әуреленбек. 28 маусым түгесілер тұста үздік 16 команданың да атауларына қанығып үлгереміз. Одан кейін плей-офф кездесулері 30 маусым мен 3 шілде ара­лығында өтеді. Ал 6, 7 шілдеде ширек финал, 10, 11 шілдеде жартылай финалдық мачтарды көреміз. Топтық кезеңді кем­сіткеніміз емес, бірақ тартыстың көкесі осы кезеңдерде өте қызу өрбиді. Өйткені ширек немесе жартылай финалға шыққан құрама мұндай мүмкіндікті құр жібергісі келмей, жан алысып жан беріс­кен ойын көрсетпек. Үздік төрттікті анықтап алғаннан кейін екі күн демаламыз да, 14 маусым күні кімнің үшінші орын алғанын білмекке тағы да телеэкран алдына келеміз. Бәлкім, біраз жанкүйер стадион­ның өзіне барып тамашалар. Қайткенмен Ресей тиіп тұрған жер. 15 шілде күні Астана уақытымен түнгі 12-де финалдық ойынды көреміз. Сол түні тарих жаңарады, тағы бір әлемдік доданың аяқталғанына сенер-сенбесімізді білмей дел-сал оты­рарымызға түк те күмән келтірмейміз.
Сөз жоқ, бұл жолы да бізді сенсациялар күтеді. Бәлкім біреу жарақат алып, жа­рысты ерте аяқтар (әрине, ешкімге тіле­мейміз), бәлкім біреу жарқ етіп үздік сұр­мер­ген атанар, енді бір қақпашы қақпа­сын құрғақ сақтап әлемді тәнті етер… Әйтеуір, қалай болса да тосын оқиғалар бір ай уақытқа қатталып дайын тұр. Төрт жыл бұрын Хамес Родригес (Колумбия) 5 гол соғып қалай әлемді аузына қаратты, Кейлор Навас (Коста-Рика) пен Клаудио Браво (Чили) қалай әлем қақпашыларының алдыңғы көшіне шыға келді, Неймар қалай жарақат алып, оны тікұшақпен ауруханаға алып кетті… Қалаңыз, қаламаңыз биыл да осындай сенсациялар тіркеледі. Футбол сонысы­мен қызық. Айтпақшы, сенсация деген­нен шығады. Бұл мундиальдың сенса­циясы футбол тойы басталмай жатып тір­келіп үлгерді. Испания футбол федера­циясы Испания құрамасының бас бапкері Хулен Лопетегиді чемпионат басталуға бір күн қалғанда қызметтен қуды. Бұл расын­да күллі футбол жанкүйерлерін таңғал­дырған, әрі-сәрі күйге түсірген жағдай болды. Сөйтсек, мәселенің мәнісі – Лопе­тегидің мадридтік «Реалмен» қызметтік келісімшартқа отыруында екен. Яғни, әлемдік доп додасы аяқталған соң король­дік клуб Лопетегиді бас бапкер етпекші болған. Бұл ресми түрде келісілген. Бас бапкер болса небәрі үш апта бұрын ғана Испания ұлттық құрамасымен келісім­шартын 2020 жылға дейін ұзартқан екен. Бұл жағдай елдің футбол федерациясының шамына тиіп, федерация президенті Рубиалес ұзақ ойланып жатпастан, Испа­ния құрамасының тізгінін Фернандо Йерроға сеніп тапсырды. Испания құра­масы әлем чемпионатындағы алғашқы ойының 15 маусым күні Португалияға қарсы өткізеді. Одан кейін Иран және Мароккомен күш сынасады. Сын сағатта күтпеген шешімнің қабылдануы құрама ойнына әсер ете ме, жоқ па, оны бірне­ше күннен соң білеміз.
Көптеген мамандар және жанкүйерлер осы жолы Бразилия құрамасының чемпион болатынын айтады. Егер солай болса, Неймар және оның отандастары алты мәрте әлем кубогын жеңіп алған жер бетіндегі жалғыз құрама болмақ. Рас, құрам мықты. Қорғаныс шебінде Тиаго Сильва бастаған жігіттер тас қамал шеп құрмақ. Жартылай қорғаныста Виллиан, Коутиньо, Каземиро, Паулиньо сияқты жігіттер, шабуылда Неймар, Габриэл Жезус, Фирминолар бар. Оның үстіне Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лев «біз бұрынғыдай мықты емеспіз» депті. «2014 жылдан бері басқа командалар өте қатты өсті. Франция, Бразилия, Аргентина, Испания өте мықты құрамалар. Біздің әлем чемпионы, Конфедерация кубогының жеңімпазы деген атағымыз өзгелердің бізге деген қарсылығын өршіте түседі» депті ол.
Биылғы додада алғаш рет видеоқай­талау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы ФИФА президенті Джанни Инфантино пікір білдірген.
– Біз бұл жүйені соңғы екі жылдан бері үнемі сынақтан өткізіп келеміз. Оның барлық мүмкіндігін шамалап, жүйелі зерттедік. Ол әрине мәселені толықтай шешпейді, дегенмен төрешілерге әжеп­тәуір көмектеседі. Бұл шешім футболға әділеттік алып келеді деп сенемін, – дейді ФИФА басшысы.
Сонымен, 32 ел, 53 ұлттық чемпио­наттан келген 736 ойыншы алаңға шығуға сақадай сай. Шығып та үлгерді… Бұл жолы Ресейге төрт жыл бұрынғы мундиальды жеңген 12 ойыншы келіпті. Чемпионаттың ең қарт футболшысы – 45 жастағы қақпашы Эссам әл-Хадари (Египет). Ал ең жас футболшы – 19 жаста­ғы жартылай қорғаушы Дэниель Арзани (Австралия). Ең кәрі бапкер – 71 жастағы Оскар Табарес (Уругвай). Әйгілі бапкер Жозе Моуриньо «финалда Бразилия мен Аргентина кездеседі. Соңғы шешуші соққыны Лионель Месси мен Криштиану Роналду бағыттайды» депті. Егер Жозенің айтқаны айдай келсе, онда әлем аузының суы құрып өмір бойы айтып жүрер ерте­гіге бергісіз ғажайып спектакльді тама­шаламақ. Мүмкін, бізді бұл болжамнан да мың есе асып түсер спектакль күтіп тұрған болар. Ендеше, түн ұйқымызды төрт бөліп тамашалайық. Бұл – тарих. Бұл – мун­диаль! Қош келдің, әлем чемпионаты!

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*