ҰЛТТЫҢ ҰЙҚЫ БЕЗІ

660
0
Бөлісу:

Қазақстанда қант диабетімен 300 мыңға жуық адам ауырады. Жыл сайын 16 млрд теңгеге жуық қаржы керекті дәрі-дәрмекке бөлінеді. Шетелде қалай? Арменияда халықтың 9 пайызы қант диабетіне шалдыққан, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 11,7 пайызы диабетпен күреске бағытталады. Францияда – 8,3 пайыз, Германияда – 8,6 пайыз. 

Жақында қант диабетіне шалдыққан бала­лардың ата-аналары әлеуметтік желі арқылы партия атына хат жолдаған екен. Қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алып тастау дұрыс емес екендігін жұрттың бәрі біледі. Бұған дейін олар ерекше бақылауда болып келді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұндай науқастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті тоқтатуды ұсынып отыр. Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастауға ұсынылғандардың қатарында балалардың сал ауруы да бар екен. Егер министрліктің бұл бастамасы жүзеге аса­тын болса, науқастарға көрсетілетін тегін кө­мек түрлері шектеледі. Сондықтан ата-ана­лар бұған наразы. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, оны тиімді шешудің жолдарын қарастыру үшін алқалы басқосуды арнайы өткізгенін айтты. «Денсаулық сақтау мәселелері, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру партияның үнемі бақы­лауында» деді.
Қант диабеті – емдеуіне шығын көп жұмсалатын, асқынып кетсе, мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру. Мұндай аурумен ауы­ратын балаларды жазғы лагерьде қабыл­дамайды. Әлем бойынша диабеттің салдарынан әрбір 20 секунд сайын бір адам ампутацияға ұшырайды екен. Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 309 783 адам тіркелген. Оның – 3032-сі жасөспірім. Ал тіркелмегені қаншама? Қант диабетіне арналған алғашқы скринигтік бағдарламалардың мәліметтері нақты карти­наны ашып бере алмаған сияқты. Бұл ауруға шалдыққандардың көбісі тіркеуге тұрған жоқ. Қазақ қашан аурухана төсегіне таңылғанша, тыпыңдап жүре береді ғой. Демек, адамдар қант диабетімен ауырып жүрсе де, уақытылы тіркеуге тұрмайды. Тумысынан диабетке бейім адамдар аз емес. Олардың саны да жыл сайын өсіп жатыр. Алдағы 5-10 жылдың ішінде нау­қас­тардың саны күрт артады. Қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынып тасталуы, тегін берілетін дәрі-дәр­мектерді уақытында алу мүмкіндігінің аздығы әлеуметті алаңдатады. Болашақта дертке шалдыққан жандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы меди­циналық көмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай болмақ?
Қант диабеті мен семіздік сияқты аурулар жасы үлкендерді былай қойғанның өзінде, жасөспірімдер арасында кеңінен тарап отыр. Тіпті туғанына бір ай толған шақалақтардың осы дертке ұшырауы анықталған. Неге бізде диабетик көп? Балалар арасындағы қант диабетінің кең таралуына, олардың дұрыс тамақтанбауы себеп дейді мамандар. Мұның жөні бар тәрізді. Бүлдіршіндер жастайынан кириешки, кока-кола, фастфуд сияқты тамақтар мен сусынға құмар. Ата-ананың көбісі тіршілік қамымен жұмыста, базарда…Баласының не жеп, не қойып жатқанымен жұмысы жоқтар да бар.
Жеке пікірім: бұл ауру – ұйқы безі­нің дұрыс жұмыс істемеуінен болады; демек, біздің ұлттың ұйқы безі бұзылған. Құс екеш құс, биологиялық циклға бағынады. Қалай күн бата­ды, солай ұясына кіреді, ұйқыға жатады. Ал біз қайтеміз? Үлкен де, кіші де уақытылы ұйықтамайды. Не бітіріп жатқан жұмысы жоқ. Ұйқыға кеш жатып, ұйқыдан кеш тұру осы заманғы қазақтың дағдысына айналған. Қазақ арасында қант диабетінің ерекше қарқын алу себебі осында жатқан жоқ па?!
Қазақтың ішетін тамағы мен ұйқысының уақытын дұрыс белгілеу керек. Мұны біреу келіп, істеп бермейді. Әр қазақ өз денсаулығына жауапты болмайынша, ұлтымыздың бас аман­дығы бас ауыртатын мәселеге айнала береді.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*